Accessibility links

Қазақстанға қатысты қарар күшін жойғанша, Еуропарламент депутаттарының сайлану мерзімі аяқталады


Шілденің 8-і күні Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Страсбургте өткен Қазақстан–Еуропа Парламентаралық делегацияның жұмыс тобына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Онда Мұхамбет Көпеевтің айтуынша, Қазақстанға қатысты күн тәртібінде бес мәселе қаралыпты. Атап айтсақ, Қазақстандағы экономикалық қаражат жағдайы, демократиялық үрдістер мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі, азаматтардың құқықтары мен олардың қорғалуы, Орталық Азиядағы саяси жағдайлар оның ішінде Қазақстанның рөлі және Қазақстан заңдарына қатысты.

Страсбургте өткен отырыста Мұхамбет Жұманазарұлы үстіміздегі жылдың ақпанның 13-де Еуропарламенттің Қазақстанда демократиялық үрдіс өте нашар дамуда, бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетіледі және адам құқықтары аяққа тапталуда деген мазмұнда қабылданған Қарарды қайта қарау мәселесі сөз болды дейді. Бұл жолы Страсбургке барған ресми делегация Еуропарламент жоғарыда қабылдаған Қарарды өзгертеді деп сеніммен айтып келді. Мұхамбет Көпеев бұған байланысты “ Еуропарламенттің депутаттары таяу арада саяси топтар арқылы Еуропарламенттің күн тәртібіне ақпанның 13-де қабылданған Қарарды енгізіп, оның күшін жою мәселесін қарайды”, деді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев өткізген баспасөз маслихаты кезінде Азаттық радиосы тарапынан төмендегі сұрақтар қойылған еді:

— Көкектің 9-да Брюсселде өткен отырыста Еуропарламенттің депутаттары Қазақстанға үш сындарлы ұсыныс тастаған еді. Біріншісі, өткен жылдың аяғында “Саяси партиялар” туралы Заңда “50 мың мүшеден кем болмауға тиіс” деген тармағына сын айтылды. Екінші, батыста көтеріліп жатқан Қазагейт мәселесіне қатысты неге қазақстандық депутаттар жеке топ құрып, бұл мәселені қарамасқа деген, үшінші, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының абақтыда отырған тәуелсіз журналист Сергей Дуванов және бұрынғы Павлодар облысының әкімі, қазіргі демократиялық таңдау қозғалысын құрушылардың бірі Ғалымжан Жақияновқа байланысты жүргізген сараптамасы бойынша сыни пікірлерін ортаға тастаған еді, осы мәселелер қайтадан көтерілді ма, көтерілсе, Қазақстаннан барған делегация қандай жауап қайтарды?

Бұл сауалдарға Мәжіліс төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев былайша жауап қайтарды:

— Бұл мәселелер көтерілді. Бірінші, “Саяси партиялар” туралы Заң қабылданған кезде, қоғамда түрлі пікір-талас туғызған болатын. Тұрақты Кеңесте де бұл мәселе көтерілген. Бұл сұраққа қайтып оралуымыз мүмкін. Екінші, Қазақгейтке байланысты мәселе бізде көтерілмейді емес, көтеріледі. Бұған қатысты депутат Төлен Тоқтасын Парламентте бірнеше рет айтқан болатын. Бұрынғы премьер-министр бұл сұраққа жауап берген де болатын. Енді Қазақгейтті Американың азаматы Джеймс Гиффенмен байланыстыратын болсақ, мен Американың Конгрессінде болған кезде де бұл Американың сотының мәселесі, өздеріңіздің Гиффендеріңіздің мәселесін өздеріңіз шешіңіздер, біз өзіміздікін шешеміз деп айтқан болатынмын. Үшінші мәселеге қатысты тек ОБСЕ-нің сараптамасынан басқа С.Дувановқа қатысты 17 сот-сараптау ісі жүргізілген. Бұлардың бәрі Дувановтың қылмыстық кодексті бұзғандығын айқындап берді.

Енді Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынның пікіріне келетін болсақ,Страсбургте өткен парламентаралық делегацияның жұмыс тобында Қазақстанға қатысты Қарар қаралмаған. “Мұхамбет Көпейдің айтып отырғаны, олар айтыпты, Қарарды өзгертуге дайынбыз. Бірақ Қарардағы жазылған мәселелерді орындау керек. Оның ішінде С.Дуванов бар, Ғ.Жақиянов бар. БАҚ-қа қатысты баптар бар. Соның бәрін түзету керек. Одан кейін көрерміз, мүмкін Қарарды өзгертеміз деп айтқан”, дейді Төлен Тоқтасын.

Қарарды өзгерту үшін алдымен Еуропарламенттің саяси тобында қаралуға тиіс. Ал Төлен Тоқтасынның айтуынша, Еуропарламент депутаттары бұл Қарады өзгерте алмайды. Себебі, Еуропарламент депутаттарының мандаттары күзде аяқталады. Сондықтан, Қарарды өзгертуге не болмаса жаңа Қарар қабылдау мүмкін емес.

Ал Страсбургке барып қайтқан ресми делегация өкілдері бұл жолы да біз жеңіске жеттік деп құлақшындарын аспанға көтеріп отыр.
XS
SM
MD
LG