Accessibility links

Оппозицияның ұйқысы немесе биліктің өктемдігі


Автор өз мақаласында Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына он екі жыл өтсе де сауатсыз басқару белең алып, саяси құқықтардың тапталып жатқандығын тілге тиек еткен.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында белгілі қоғам қайраткері, Сейдахмет Құттықадамның “Оппозицияның ұйқысы немесе биліктің өктемдігі” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Автор өз мақаласында Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алғанына он екі жыл өтсе де сауатсыз басқару белең алып, саяси құқықтардың тапталып жатқандығын тілге тиек еткен.

“Мен әрқашан да биліктің болмысын сипаттауда қара бояуды аяған емеспін, ал оппозицияны сынаудан ылғи да қашқалақтайтынмын. Дегенмен, егер де біз оппозициялық топта қалып, оны маңызды саяси күшке айналдырғымыз келсе, бүгінгі қалыптасқан ахуалға басқаша қарауымыз қажет” дейді мақала авторы.

Мақала авторының пайымдауынша, режимнің күштілігі оппозицияның әлсіздігімен байланысты. Бұл туралы мақалада былай деп жазылған:

“Біз көп жылдан бері диктаторға өзімізді басқартып қоюға және билікті оның отбасының мұрасына айналдыруға жол бердік. Билік халықтың мұң-мұқтажын ойлап жатқан жоқ, шенеуніктер пайдасы мол орындарды игеру үшін жанталасып жатыр. Күннен-күнге араны ашылып бара жатқан биліктің арасында, ымыраға келіспеушілік те күшейіп барады. Бір қарағанда осы оқиғалардың бәрі де оппозицияның күшеюіне жол ашатын сыңайлы.

Алайда мақала авторы Қазақстан мемлекеті демократияға жету үшін әлі талай белестерден өтуі керек деп пайымдайды. Мұның себебін Сейдахмет Құттықадам өз тұрғысынан былайша түсіндіруге тырысқан.

“Уақыт оппозицияны ештеңе үйрете алмай қойды. Оппозицияның әр тобы режимді құлататын күш ретінде тек өзін көргісі келеді. Міне осы баянсыз күрестің салдарынан халықтың оппозицияға деген сенімі де күннен-күнге құлдырап барады. Әлем , халық , саясат та өзгергенімен оппозиция әлі күнге шейін ескі әнді айтудан жалыққан емес. Әр жыл сайын оппозицияның өзгермейтін басшылары мен белсенділері режимге үкім шығарады. Тіпті оның қай кезде құлайтынына шейін сәуегейлік жасайды. Алайда биліктің осыдан қылшығы да қисайған жоқ” деген мақала авторы, бүгінгі таңдағы оппозицияда жаңа идеялардың жоқтығына да тоқталып өтеді.

“Қазіргі кезде қаржысы мол оппозиция басшысының маңайынан ылғи да бір адамдарды көресіз. Оның қаржысы таусыла бастаған кезде олар, басқа біреудің қолтығының астына кіре қояды. Осыдан кейін олар бұрынғы басшының әлісіздігін сынап, жаңа көсемді мақтауға көшеді”. Мақала авторының айтуынша, осы он жылдың ішінде талай партиялардың жеңіске жетуге мүмкіншілігі болған.

“Мысалы 1991 жылы “Азат”, 1993-1994 жылы Халық конгресі, 1996 жылы “Азамат” , 2001 жылы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының қоғамдағы ықпалы зор болды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев оппозицияның әлсіздігін өз мақсатына жақсы пайдаланып, билігін одан әрі нығайта түсуде. Егер де оппозиция шын мәнісінде жеңіске жетуді мұрат етсе, онда олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірігуі керек” деген мақала авторы, өз ойын былайша түйіндейді.

“Әрине режим әлсірегенімен, ол құлайды деген сөз емес. Алдағы уақытта да оппозиция осылай әрекет етсе, ол тағы да жеңіліске ұшырайтыны сөзсіз. Жалпы біз Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті күшейту мақсатында опппозицияға ғана емес, тіпті өз отбасы мен маңайындағылардың бәрін де бағындыру үшін қатаң шараларға барып жатқанын ұмытпауға тиіспіз. Бүгінгі шенеуніктер “егер биліктен айырылып қалсақ, биліктің басына жаңадан келгендер бізден өш ала ма” деп те сескенеді.

Қазір билікке қарсы сырт жақтан да қысым күшейіп келеді. Дүниені дүрліктірген “Қазақгейт” оқиғасынан кейін, билік оппозициямен ымыраға келгісі келетін сыңай танытып отыр. Бірақ билікке ешқашан да сенуге болмайды” делінген, “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген белгілі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның мақаласында.
XS
SM
MD
LG