Accessibility links

Қазақстанның қанша сыртқы қарызы бар?


Мақала авторы биліктің Қазақстанның сыртқы қарызы туралы айтып жүрген әңгімелерінің қайсысы шын, қайсысы өтірік екеніне байланысты болжам жасайды.

“Алтын орда” апталығының кезекті санында белгілі журналист Ахас Тәжутовтың “Қазақстанның қанша сыртқы қарызы бар?” деп аталатын проблемалық мақаласы жарық көрді. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, биліктің Қазақстанның сыртқы қарызы туралы айтып жүрген әңгімелерінің қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін түсіну қиын.

“1999 жылдың бірінші жартысында үкіметіміз: “Сыртқы қарыз бойынша қыруар проценттік үстеме өтем төлеу керек, ал оған бекітілген бюджетте қаражатымыз жоқ, сондықтан сондағы әлеуметтік шығындарды кесіп, қысқарту қажет” деп шықты” деген мақала авторы, осыған орай біраз әлеуметтік жеңілдіктердің алынып тасталғандығын тілге тиек еткен.

“2002 жылдан бастап сыртқы қарыздың желеуімен ел мен қоғамды қорқыту ұмытылды. Енді керісінше “ол бізде аз-ақ, сондықтан, мемлекеттің болашағына ешбір қатер төндіре алмайды” деген әңгімелер айтыла бастады. Бірақ алынып тасталған әлеуметтік жеңілдіктерді қайтару керек-ау дегенді ойлап жатқан билік жоқ сияқты” дейді мақала авторы.

Мақала авторының сөздеріне сенетін болсақ, мұнай бағасының өсуіне байланысты, 1999 жылы Қазақстан экономикасындағы құлдырау тоқтап, жағдай жақсара бастаған. Алайда осы тұста әлеуметтік жеңілдіктер алынып тасталып, тұрмысы нашар адамдардың жағдайы онан сайын ауырлай түскен.

Ахас Тәжутов әлеуметтік жеңілдіктердің не себептен алынып тасталғандығына қатысты сараптама жасап, мынандай деректер келтірген: “1999 жылдың 1 шілдесінен осы уақытқа дейінгі аралықта Қазақстан әлемдегі ең тез дамып келе жатқан елдердің алдыңғы қатарында келеді. 2000 жылғы экономиканың жалпы ішкі өнімінің өсімі 9,8 процентті құрап, үкіметтің өзі болжаған межеден 3 есе биік болып шықты. 2001 жылы бұл көрсеткіш бұрынғыдан да бетер өсіп, 13,8 процентті құрады. 2002 жылы ішкі өндіріс өнімі 9 проценттен астамға ұлғайды. 2003 жылдың алғашқы тоқсанында да осындай көрсеткіш болған” деген мақала авторы, экономикалық ахуалдың түзеле бастағанымен, сыртқы қарыз көрсеткішінің соңғы төрт жылдың ішінде ұлғайып бара жатқандығына да тоқталып өткен:

“Батыстың арнайы маманданған қаржылық құрылымдарының мәліметіне қарағанда, 1999 бен 2003 жылдар аралығындағы Қазақстанның сыртқы қарызы, 7-8 миллиард доллардан, 15-16 миллиард долларға дейін өскен. Өткен 2002 жылдың қыркүйек айының басында Ұлттық банктің басшысы Григорий Марченко бұны журналистерге сыпайы түсіндірді. Оның айтуына қарағанда, шетелдік инвесторлардың осындағы өндірісті ұлғайтуға жұмсап жатқан ақшасы Қазақстанның есебіне сыртқы қарыз ретінде тіркеледі екен.

Григорий Марченконың мәлімдемесінен кейін, қазақстандық мұнай өндірушілер мен оны сыртқа сатушылар өздерінің пайдасы мен үкіметпен есеп-айырысу туралы бүкіл мәліметті жауып тастаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан бюджетіне мұнай саудасынан түсетін пайдасы сегіз-ақ процент көрінеді. Сол себептен де мақала авторы кейінгі жылдары жиі айтылып жүрген ел жағдайының жақсаруы мен бюджеттің шығыс тарапының ұлғаюы сыртқы қарыздың есебінен жасалып жатуы ықтимал деп пайымдайды.

“Бұл туралы бірдеңе деп кесіп айту қиын. Өйткені мәліметтер жабық” деген мақала авторы өз ойын былай түйіндейді: “Абырой болғанда мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы осы күнге дейін жоғары болып тұр. 24 маусым күні Америка Құрама Штатындағы мұнайдың тауарлық қорларының 4,1 миллион барельге азайғаны туралы мәлімет таратылған соң, баға тағы да шарықтап шыға келді.

Бірақ осындай қолайлы жағдайдан Қазақстанның өзінің не ұтып жатқанын ешкім айта алмайды. Былайғы адам білмегесін айтпайды. Ал, хабары бар адам айтуға болмайтын болғасын айтпайды. Әзірге шүкір делік. Ал, бірақ ертең мұнайдың бағасы қайтадан түсіп кетсе не болмақ. Дегенмен Қазақстанның жағдайын сырттан бақылап отырған мамандар, сол мұнайдан көп ақша тауып жатыр дегенге сенімсіздікпен қарайды” дейді Ақас Тәжутов “Алтын орда” газетінің кезекті санында жарық көрген мақаласында. Мақала авторы мұнай бағасы түсіп кетсе көптеген келеңсіздіктердің беті ашылуы ықтимал деп пайымдайды.
XS
SM
MD
LG