Accessibility links

Ирак мұнай құрылымдарына елдегі наразы топтар шабуылдар жасауда.


Ирак соғысының аяқталғанына үш айға жуықтай бастаған сәтте елдегі мұнай құбырларына Саддам Хусейн жақтастарының шабуылдары үдей түсуде.

Бағдатқа коалиция әскерлері еніп, Саддам Хусейн биліктен кетірілгелі бергі үш ай ішінде бұрынғы билікке бүйрегі бұратындар АҚШ әскерлеріне жиі шабуылдар жасап, соның кесірінен 1-ші мамырдан бергі аралықтың өзінде 30-дай америкалық жауынгерлер қаза тапты. 1-ші мамыр күні Ирактағы соғыс аяқталды-, деп Вашингтон тарапынан жарияланған болатын.

Одан гөрі азырақ жиілікпен болса да, Ирактағы мұнай құбырларына шабуыл белең алып келеді. Өткен апталарда бұрынғы билікті жақтаушы-, деп күдікке ілінген топтар мұнай құбырларын талқандап, сол арқылы Ирак шикі мұнайының шетке шығарылуына кедергі жасауға тырысып бағысты. Мұндай шабуылдардың жиілеуінен сасқалақтаған жүргізушілер бензинді көптеп ала бастауға көшкен болатын.

Аталған шабуылдар сондай-ақ АҚШ-тың бастауындағы Ирактағы коалициялық Өтпелі өкімет жөнінде жаңа қаусеттердің қаулап кетуіне негіз салған еді. Яғни, қарапайым ирактықтарды наразылық білдіргені үшін жазалау мақсатында Уақытша өкімет бензин көлемін азайтып жіберуде-, деген тектес сөздер тараған болатын.

Осыдан екі апта бұрын да дәл осындай шабуылдар кесірінен Бағдаттың солтүстігінен 200 километр қашықтықтағы ірі мұнай құбыры зақымданған еді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шабуылдар мен мұнай заттарын тонаулардың қатар жүргізілуі Ирак Мұнай министрінің сыртқа кең көлемде мұнай шығару жөніндегі жоспарын іске асыруды кейінге қалдыруына бұдан бес апта бұрын мәжбүр еткен болатын. Ол істі қайта бастау осы шілде айының орта шеніне белгіленген еді. Қазіргі кезде мұның өзі белгісіз күйінде қалып отыр.

Кипрде орналасқан “Таяу Шығыс економикасын зерттеу” басылымының бас редакторы Уалид Хаддури бұл жөнінде былай деді. “Соғыстан кейін кең тұрғыда қанат жайған ұрлық көптеген мұнай көздері мен тазалаушы зауыттардың жұмыстарын тоқтатып тастауда-, деді. Мұның өзі алғашқы жетіспеушіліктерді туындатуда. Хадури мырзаның сөзіне қарағанда, Иракта қазіргі кезде мұнай өндіру күн сайын 900 мың барельді құрауда.

Мұның өзі Мұнай министрлігінің көздеген жоспарының 60 пайызын ғана құрап отыр. Соғысқа дейін Иракта күн сайын екі жарым миллион барель мұнай өндіріліп келген екен. Мұнай министрлігі әлемдік дәрежеде сенімге ие болуға тырысып жатқан тұста қалыптасып отырған жағдай үлкен сынға айналуда.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мұнай компаниялары бұл елмен келісім шарттар жасай қоюға әзірге асығар емес. Ел економикасын көтеруге қаржыны сыртқа мұнай сату арқылы табуға тырысып отырған уақытша өкімет мәселенің шешімін қайткенде де табуға тырысулы.

Осылайша мұнай министрлігі құбырларды қорғаушы жасақ санын екі есеге өсіруді көздеп отыр. Ирактағы мемлекеттік меншіктегі үш бірдей компания қауіпсіздік күштерін бес мыңға дейін өсіріп отырғандарын айтуда. Алайда, елдегі мұнай құбырларының жалпы ұзындығы 4 мың 500 милл немесе 3 мың километр болып отыр. Мұндай шабуылдар Саддам билігі кезінде-ақ жоспарланған болуы мүмкін-, деген де пікірлер айтылуда сарапшылар тарапынан.

Шабуылдардың үдей түсуі сонымен бірге, Уақытша өкіметтің мұнай құрылымдарын қорғап тұру үшін елде жаңа сипаттағы қауіпсіздік күштерін қалыптастыруына мәжбүрлеп отыр. Бұрынғы жауынгерлер қатарынан құрылатын бұл күштер сипаты әл-әзір жариялана қойған жоқ. Мұнай мамандарының пікірінше, өзге де себептер қатарында, Ирак мұнайының әлемдік базарға баяу барып қосылып жатуы әлемдік деңгейдегі мұнай бағасының көтеріліп кетуіне әкеліп отыр.
XS
SM
MD
LG