Accessibility links

Әзірбайжандағы ел басылық сайлаулар қарсаңы қызықтарға толы болатын түрі бар.


Әзірбайжан ел басы Гейдар Алиев пен оның баласы үміткерлер ретінде ел басылық сайлауларға қатар түспекші.

Әзірбайжанда ел басылық сайлаулар қазанның 5-іне белгіленіп отыр. Оған дейін арада дәл үш айдай уақыт қалған кезде әкелі-балалы жандардың қол ұстасып, бір сайлауға үміткер ретінде қатар түсуге бел байлағандары саяси әлемді дүр сілкіндіруде. Ел басы Гейдар Алиевтің денсаулық жағдайының нашарлығы жөнінде қаншама айтылып, жазылғандығына қарамастан, билік басындағы Иени Азербайжан партиясы аяқ астынан, маусымның 23-і күні оны сайлауларға үміткер ретінде ұсынған болатын.

Бұл қадамның себебін қарт ардагер саясаткер 41 жасар өз ұлы Илхамды билікке әкелу үшін жасауда-, деп түсіндіріскен болатын. Одан кейін арада тағы бірнеше күн өткенде, Нахечиван аймағынан ел басының баласы Илхам үміткер ретінде ұсынылды. Саяси сарапшылар мен оппозиция басшыларын қайран қалдыра отырып, мұндай қадамның жасалуы саяси сахнаның алдағы уақытта күтпеген жайларға толы болатындығынан хабар бергендей.

Бұлардан басқа тағы он адам үміткер ретінде тіркеліп отыр. Бұрынғы заңгер, саяси сарапшы Назым Иманов бұл жөнінде Азаттық радиосы тілшісі Жан Кристоф Пехке былдай деген болатын. “Менің білуімде, бір мезгілде әке мен баланың қатар үміткер ретінде қатысуы әлемдік сайлау тәжірибесінде алғаш рет кездесіп отыр. Мұның өзі Әзірбайжандағы биліктің күшін көрсетсе керек-, деді. Бұрынғы Саяси бюро мүшесі Алиев өз ұлының саясаттағы беделін біртіндеп жасай бастаған болатын. Атап айтқанда Илхамды Әзірбайжан Ұлттық мұнай компаниясы төрағасының бірінші орынбасары, Ұлттық Олимпияда комитетінің төрағасы, Иени Әзірбайжан партиясы төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ Европа кеңесіндегі Әзірбайжан парламенттік делегациясының басшысы ретінде тағайындаған еді.

“Монитор” атты тәуелсіз апталықтың саяси сарапшысы Ейнулла Фатуллаевтың айтуынша, Гейдар Алиевтің өзі билік басындағы Иени Әзірбайжан партиясы атынан сайлауға түспекші. Ал, Илхамды тәуелсіз үміткер ретінде қатыстыру көзделуде. Дей тұрғанмен, ел басы Алиевтің өз сайлаушыларын Илхамды қолдауға шақыратындығы айқын. Бір айта кететін жағдай, бұған дейін Гейдар Алиев билік басындағы партия атынан сайлауларға түсіп көрмеген екен.

Аталған жағдай, оның ең соңғы сәтте өзі жинақтаған дауыстарды ұлына ұсынатындығына мегзеп отыр-, дейді Фатуллаев мырза. Қорғаныс және İшкі істер министрлері Илхамды қолдап отыр. Алайда, Гейдар Алиевтің ең кіші інісі, 75 жасар заңгер Жалалды да зиялы қауым өкілдері үміткер ретінде қолдауда. Илхамға ресми түрде қолдау көрсетпеген Ұлттық қауіпсіздік министірі Намиг Аббас та үміткер ретінде жарысқа түсуі мүмкін. Ондай мүмкіндік қуғында жүрген оппозиция басшысы Расул Құлиевте де бар.

Бұрынғы Парламент басшысы және Демократиялық партия жетекшісі Құлиев 1996-шы жылдан бері Құрама Штаттарында тұрып жатыр. Оның үміткерлікке берген ұсынысын 2-ші шілде күні Орталық сайлау комиссиясы қабылдамай тастаған еді. Бұрынғы ел басы Аяз Мұталибов пен Құлиев мырзалар әкелі-балалы Алиевтермен қайыспастан сынға түсе алатын, бірден-бір үміткерлер ретінде саяси сарапшылар тарапынан аталып отыр. Бұдан бұрын қуғында жүрген Аяз Муталибовтың елге қайта оралуына мүмкіндік беруді Европа кеңесі талап еткен еді. Фатуллаевтің пікірінше ел тағдыры бір ғана адамның денсаулығына байланысты боп тұрған мемлекетте қандайда бір нақты болжамдар жасай қою қиынға түсуде.
XS
SM
MD
LG