Accessibility links

"Ақсақ қой түстен кейін маңырайды"

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мақала авторының айтуынша, кезінде руханияттың алтын ордасы болған “Жас алаш” газеті бүгінгі таңда билік басындағылардың сөзін сөйлеп, сойылын соғам деп екіжүзділіктің ауласынан шыға алмай қалған.

“Азат” тәуелсіз апталығының кезекті санында, жазушы Жұмаш Сомжүректің “Жас алаш” газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбекке жолдаған ашық хаты жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, кезінде руханияттың алтын ордасы болған “Жас алаш” газеті бүгінгі таңда билік басындағылардың сөзін сөйлеп, сойылын соғам деп екіжүзділіктің ауласынан шыға алмай қалған.

Жұмаш Сомжүректі хат-мақала жазуға итермелеген аталмыш газетте жарық көрген “Қазақшыл үкімет қазақты жерге қаратты” деп аталатын материал көрінеді. “Осы мақалада сендер “жуастан жуан шығып” батырлық көрсетіп, Үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовты қорықпай-үрікпей сынап салыпсыңдар. Дұрыс-ақ. Бірақ сол үкіметке ой саларлық, жер сату керек деп жалаулатып жүргендердің ақылына ақыл, есіне ес қосарлық тамаша мақалаларыңды неге кешеуілдетіп беріп отырсыңдар” дейді мақала авторы.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Жас Алаш” газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек жер сатуға наразылық білдірген материалдарды редакция қоржынында сары майдай сақтап, Иманғали Тасмағамбетов тағынан тая бастаған кезде батылсынып бере бастаған. Бұл туралы мақала авторы мынандай айғақтар келтірген: “15 мамыр күнгі “Сенген қойым сен болсаң” деген бас мақаланың жоғарғы жағында Иманғали Тасмағамбетов пен Жармахан Тұяқбай екеуін қол күрестіріп, карикатура салып қойыпсыңдар. Сонда үкіметтің өз газеті “Жас Алаш” Үкімет басшысы, Премьер-министр әлі өз орнында отырғанда оның карикатурасын салып, ол аз болғандай боқтап салғаны неткен ақкөздік деп, жағамызды ұстап таң қалғанбыз. Сөйтсек Тасмағамбетовтың отставкаға кетірілетінін Президент аппаратынан бір ай бұрын біліп алып, қаһарман болып отыр екенсіңдер ғой. Кодексті талқылау кездерінде көбіне жерді жекешелендіруді жақтағандардың сөздеріне мол орын беріп, өз пікір-позицияларыңды жасырып келдіңдер. Дұрысы сендерде жерге деген патриоттық айқын позиция-көзқарас болған жоқ, тек амалдап бас бағу, Тасмағамбетовке жағып, жақсы атты көріну мақсаты, яғни жеке мүдде ғана болды. Кеше өздерің төбелеріңе көтеріп, сан дәріптеген Тасмағамбетовты бүгін этика жөнімен сыпайырақ сөзбен шығарып салуға да жарамай басқа теуіп, “сенген қойым сен болсаң” деп аузына ұрып бір сәтте сырт беріп шықтыңдар. Мұны екіжүзділік демегенде не дейміз? Солай да кісі жазушы болып, солай да редактор болуға бола ма? “ дейді мақала авторы.

Жұмаш Сомжүрек “Киелі қазақ жерінің иесі – қазақ” деген мақала жазып, оны “Жас Алаш” газетіне апарғанымен, ол мақаланы бас редактор Жүсіпбек Қорғасбек баспай қойған. Осыған орай мақала авторы бас редакторға деген нарзылығын былайша білдіріп өткен: “Ол мақаланы жариялауға Үкіметтен бүгін орнынан түсерде өзің аузынан ұрып отырған Тасмағамбетовтен қорықтың. Шын мәнісінде сендер тек тапсырыспен сын жазуға ғана мықтысыңдар. Міне бүгін Балташты соққылап, ауыр артилерия соққысының астына алып жатырсыңдар. Өзіңді “Алтын Орда” газеті үнемі сынап жүргенде неге өйтеді дейтін едім. Жай сын түгіл, фельетон жазарлық жағымсыз қылықтарың жетіп артылады екен ғой” деген мақала авторы, өз ойын былайша қорытындылайды: «Жүсіпбек, сөз соңында айтарым, “Жас Алаш” сенің сатып алған жеке меншік газетің емес. Екіншіден адамдарды жұмыстарындағы, істеріндегі кемшіліктері үшін сына, бірақ азаматтық ар-ожданына тиіп, “аузыңды ұрайын” деп балағаттама, боқтама, қоқтық сөздерді қоқытпа, былапыт сөздермен беттерін былғама” делінген “Азат” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген жазушы Жұмаш Сомжүректің “Жас Алаш” газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбекке жолдаған ашық хатында.

Сөз соңында Жұмаш Сомжүрек “Жас Алаш” газетінде Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Жүсіп Қыдыров секілді қазақ халқының аяулы перзенттері қызмет еткен киелі шаңырақтың қадірінің түсіп бара жатқандығын тілге тиек еткен.
XS
SM
MD
LG