Accessibility links

Қазақстанда алғаш рет экологиялық келiсiм-шарт жасалды.

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi мен «Васильковское золото» бiрлескен кәсiпорны» ашық акционерлiк қоғамы арасында жер қойнауларын пайдалану туралы келiсiм-шарт жасалды.

Шiлденiң 10-ы күнгi баспасөз мәслихатында қоршаған ортаны қорғау вице-министрi Нұрлан Ысқақов пен аталған кәсiпорын басқармасының төрағасы Ғани Сағиев сөз болып отырған келiсiм-шарттың маңызын жоғары бағалады. Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, республикада бүгiнгi таңда 20 миллиард тоннадан астам өндiрiс қалдықтары қордаланып жатыр. Оның 5 миллиардтан астамы токсикалық үйiндiлер. Осы тектес қалдықтарды өңдеу мақсатын көздейтiн бұл құжат -- Қазақстан бойынша экологиялық мазмұнға ие болған алғашқы келiсiм-шарт. Келiсiм-шарт Астанаға жақын Степногор қаласындағы бұрынғы уран шахталарындағы радиациялық қалдықтарды ұқсату, заласыздандыру уағдаластығы талаптарынан тұрады.

Нұрлан Ысқақовтың деректерiне қарағанда, Степногордағы радиактивтi үйiндiлер көлемi Қазақстандағы барлық уранды қалдықтардың 30 пайызына тең. Ал радиактивтiлiгi, яғни, белсендiлiгi жағынан 50 пайызына бара-бар. «Васильковское золото» бiрлескен кәсiпорны басқармасының төрағасы Ғани Сағиевтiң айтуынша, радиактивтi қалдықтарды қайта өңдеу және сол жерлердi сауықтыру тәжрибесi Украина мен Қырғызстанда ендi ғана қолға алынғаны болмаса, Тәуелсiз мемлекеттер достастығында жоқ. «Целинный тау-кен-химия комбинатының уранды қалдықтарының 97 пайызын кезiнде мемлекеттiк кәсiпорын шығарғанын ескерсек, бұл жобаға мемлекет қаржысы да салынуға тиiс»,-- дейдi ол.

Дегенмен, аталған кәсiпорынның кейiнгi жылдарда алтын мен күмiс өндiрудi молайтып, пайдаға кенеле бастауы радиактивтi қалдықтарды қайта өңдеу iсiн қатар жүргiзуге мүмкiндiк беретiн көрiнедi. Жел үрлеп, кеңiстiкке таралып жатқан уранды қалдықтарды қайта өңдеу iсiнiң радиация ошағынан 160 шақырым аралықтағы Астанаға да пайдасы көп.

Жобаны iске асыру бiрнеше кезеңнен тұрады. Биыл «Васильковское золото» бiрлескен кәсiпорнының қаражаты есебiнен Степногордағы уранды қалдықтар қоймаларының үстiңгi қабаттарын нығыздап бекiту жұмыстары басталады. Бұл радиактивтiк тозаңның желге ұрынбауын қамтамасыз етпек. Бұдан кейiнгi кезеңдерде қалдықтарды қайта өңдеу және уранмен ластанған жерлердi сауықтыру iсi жүргiзiледi. «Нәтижесiнде әлгi жерлердi тұрғын үй салуға болатындай етiп радиациядан толық тазартуға қол жеткiзiледi. Бұл жобаға жалпы алғанда 150-200 миллион доллар жұмсалуы мүмкiн,-дейдi Сағиев мырза.
XS
SM
MD
LG