Accessibility links

Мәслихаттар депутаттығына әлi бiрде-бiр үмiткер тiркелген жоқ

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының шiлденiң 10-ы күнгi мәлiметтерiне қарағанда, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың қыркүйектiң 20-сында болатын сайлауына республика бойынша барлығы 200 үмiткер ұсынылған.

Алайда, олардың бiрде-бiрi әлi тiркелмеген. Облыстық мәслихаттардың депутаттығына ұсынылған үмiткерлер саны жағынан Қостанай және Оңтүстiк Қазақстан облыстары алда.

Оларда 12 адамнан, ал Қарағанды облысында 9, Алматы қаласында 8, Павлодар облысында 6 адам ұсынылған. Басқа аймақтардағы жағдай бұдан да төмен.

Аудандық қалалық мәслихаттарға ұсынылғандар саны да көп емес.

Ендi 10 күннен кейiн жергiлiктi мәслихаттардың сайлауына үмiткерлер ұсыну науқаны аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов уақыт тапшылған айтып, қазiргi қалыптасып отырған жағдайға түсiнiктеме беруден бас тартты.

«Азаттық» радиосының Ақтөбе облысындағы тiлшiсi Серiк Әбдiрешұлының хабарлауынша, облыс бойынша әлi бiрде-бiр үмiткер бой көрсетпеген. Оның бiрнеше себебi болуы мүмкiн. Мәселен, үмiткердiң ақыл-есiнiң дұрыс-бұрыстығы облыстық жүйке аурулары диспансерiнiң ғана анықтамасымен куәландырылады. Жергiлiктi саясаткерлердiң қайсыбiрi бұған наразы. Мысалы, «Ақжол» партиясының Ақтөбе облыстық бөлiмiнiң төрағасы Iзмғали Көбенов: «Аудандық жерлерде тұратын үмiткерлер сол үшiн Ақтөбеге сабылып, уақыт өткiзгiсi келмейдi. Аудандық ауруханалардың да анықтасы жетiп жатыр», деген мазмұнда Орталық сайлау комиссиясына жеделхат жолдаған.

Ал, Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлiгiнiң шешiмi бойынша үмiткерлер облыстық жүйке аурулары диспансерлердiң тексерiсiнен өтуге мiндеттi.
XS
SM
MD
LG