Accessibility links

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасы жарияланды

Шілденің 10-күні Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник пен “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасын жариялауына сәйкес баспасөз маслихатын өткізді.

Жоғарыда аталған бағдарламаға Қазақстан Президенті үстіміздегі жылдың мамыр айында қол қойып, бекітіпті. Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 2003-2005 жылдарды қамтиды. Бұл уақыттар аралығында Каспий теңізін кешенді игеруге жағдай туғызу үшін жұмыс істейді. Екінші кезең 2006 -2010 жылдар арасы мұнай игеруді жеделдетуге арналған. Соңғы үшінші кезең 2011- 2015 жылдары мұнай өндіруді тұрақтандыруға арналады екен.

Бағдарламада газды кәдеге жарату мәселесі жабық схема бойынша, ілеспе газды толық пайдалану бағытында жұмыс істейді делінген. Ол үшін шикі газдың 75 пайызы қайтадан жер қабатына айдалаты екен. Ал Республиканың ішкі қажеттіліктерін мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін, 2005 жылға қарай тоғыз жарым млн. тоннаға дейін, 2010 жылға қарай 15 млн. тоннаға жуық және 2015 жылға дейін 19 млн.ға жуық мұнай өңдеу қажет етіледі деген. Енді аталған бағдарламаға сәйкес, Каспий теңізін игеруде қазақстандық кәсіпорындардың рөлі қандай болмақ деген сауалға “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясының Президенті Ұзақбай Қарабалин:

“Энергетика министрлігі болашақта блоктарға тендер өткізгенде, кез-келген компаниялардың қатысуына мүмкіндіктері бар. Оның ішінде Қазақстанда мұнай өндіріп отырған компанияларға тендерге қатысу үшін ешқандай шектеу қойылмайды”, – деп жауап қайтарды.

Каспий теңізін игеру бағдарламасында көрсетілгендей, қазақ мұнайын шетелге шығару барысында, Ақтау-Баку (Баку–Тіблиси– Жейхан) мұнай құбыры басты бағыттардың бірі ретінде орын алған. Бұл мұнай желісі 2005 жылға таман аяқталады деп отыр. Егер мұнай құбырының жобасы сәтті аяқталатын болса, қуаты жылына 50 млн. тоннаны құрайтын көрінеді. Ақтау-Баку мұнай құбыры арқылы Азери Чираг –Гюнешли құрылымынан Әзірбайжан мұнайын тасымалауға арналады. Бірақ Қазақстан жағының пікірінше, аталған жобаға Солтүстік-Каспий жобасы мердігерлерінің –ENI(Аджип), TotalFinalElf және Inpex компанияларының қатысуын ескеріп, осы бағыт бойынша, Қашаған кен орнынан Қазақстан мұнайын тасымалдау мүмкіндігі пайда болады дейді.

Екінші жоба Батыс-Қазақстан –Қытай мұнай құбыры жобасы. Бұл жоба арқылы қазақ мұнайын қытай базарына және Азия-Тынық мұхит аймағы елдеріне шығару көзделген. Бұл жобаның Қазақстан үшін тиімділігі басқа мемлекеттердің аумағы арқылы транзитке байланысты тәуекелдің болмауында. Келесі жоба Қазақстан – Түрікменстан– Иран мұнай желісінің жобасы. Бұл бағыт арқылы Қазақстан мұнайын Парсы шығанағы елдерінің базарына экспорттау мақсатында көзделіп отыр. Ал газ құбырларын экспорттау мәселесінде, қазақ газын негізгі экспортқа шығарушы Ресейдің “Газпром” компаниясы мен Орта Азия елдері болып табылады екен.

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудегі инвестициялар болжамы 2003-2005 жылдарда 966 млрд. теңге немесе 6 млрд. АҚШ доллары шамасында, 2006-2010 жылдары 1658 млрд. теңге немесе 10,3 млрд. АҚШ доллары шамасында және 2011-2015 жылдары шамамен 2511млрд. теңге немес 15,6 млрд. АҚШ доллары шамасында болуы мүмкін деген болжам бар.

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру бағдарламасында сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту және мамандар даярлау, импорт алмастыру және экологиялық, санитарлық эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралған.
XS
SM
MD
LG