Accessibility links

Баспасөз шолуы


11 шілде күні жарық көрген басылымдарда мәдени, рухани, экономика, сөз бостандығы мен демократия мәселелеріне қатысты әр түрлі мақалалар жарық көрген.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті №41 (57) санында Мақсат Мұратовтың “Елімізде саяси репрессиялар басталды” , Шәріп Диханбайұлының “Реформалардың мақсаты неде”, Ерсайын Ерғожаның “Білім беру саласындағы реформалар” және редакцияның тарапынан жазылған мақалалар топтамасы жарық көрді. Ал, газеттің төртінші бетінде Ғалымжан Жақияновтың адвокаты Елена Ребенчуктің 2003 жылдың шілдесінде өткен баспасөз мәслихатында жасаған мәлімдемесі беріліпті.

“Данияр Әшімбаевтың ар-намысының үштен бірі ғана қанағаттандырылды” деп аталатын редакцияның бас мақаласында, “Сөз” газетіне үш миллион теңге көлемінде айып-пұл салынғандығы туралы айтылған. Редакция ұжымын соттың мұндай шешімі қанағаттандырып отырған жоқ. “Сөз” тәуелсіз апталығының қызметкерлері әділеттілікке жету үшін жоғарғы орындарға шағымданбақ .

Ал, “редактор бағанасы” деген айдармен берілген “Президентіміз алпыс үш жасқа толды” деп аталатын мақалада, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы, Зағипа Балиева сынға алынған.

Мақала авторының айтуынша, 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева: “Сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістер жобасын Парламентке бұдан бұрын түсірудің реті болмай, ол енді биыл күзде түсетінін хабарлапты. Ал, “неге сонша кеш? деген сұраққа Зағипа ханым “біз оны үкіметке өткізіп қойғанбыз. Ол жобаны Парламентке түсіру – ол үкіметтің шаруасы дегендей оңай құтылғысы келген. Мақала авторы міне осындай жолмен Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева, Қазақстан Президентінің туған күніне үлкен сыйлық жасады деп есептейді. “Себебі, мәслихаттар сайлауы, ескі заңмен өтетін болды. Енді Сенат та уыстан шықпайды” дейді мақала авторы.

“Қазақ әдебиеті” газетінің 11 шілде күнгі санында Әмірхан Балқыбектің “Леонид патшаның түсі, білімнің күші және “болашақ” бағдарламасы”, Дәурен Қуаттың “Қағынан жеріген қоғам”, Алмат Исәділдің “Нато Шығысқа қарай жылжып келеді” және сыншы Зейнолла Серікқалиұлының “Алтын қор” кітапханасына – ақ жол” сынды мәдени тақырыпқа арналған көптеген мақалалар мен жазушы Талаптан Ахметжанның “Дариға-дәурен” атты хикаяттан үзіндісі және ақын Рафаэль Ниязбектің өлеңдері жарық көрген. Сонымен қатар газетте “Демократия от пен семсер” деп аталатын пікіралмасу ұйымдастырылған. Дөңгелек үстелге Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмағамбетов, саясаттану ғылымының кандидаты Берік Әбдіғаниев, Саяси бақылау жүйесін қалыптастыру орталығының жетекшісі Дос Көшім, “Зерде” қоғамдық қорының атқарушы директоры Кенжегүл Жаманқарақызы, саясатанушы Айдос Сарымов және “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары Дәурен Қуат қатысқан. Пікіралмасуды жас жазушы Дидар Амантай жүргізген.

“Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары Дәурен Қуаттың айтуынша, әдеби басылымның алдыңғы сандарында да рухани өмірімізге байланысты көптеген материалдар жарық көрмек.

“Егемен Қазақстан” газетінің 11 шілде күнгі санында Серік Жұмабекұлының “НАТО мен Қазақстан ынтымақтастық жолында”, Әбдіазиз Алдабергеннің “Сайлау туралы заң жобасының демократиялық сипаты басым”, Ғабит Мүсірептің “Алынған асудан алдағы меже көп” және тағы да басқа, әр алуан тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген.

“Өлім жазасына мораторий” деп аталатын Самат Мұсаның мақаласында, соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі әңгіме болып жүрген өлім жазасын алып тастау мәселесі тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуынша, бұл шараны жүзеге асыру үшін қосымша 1,5 миллиард теңге қажет көрінеді.

“Ассанди таимс” газетінің 11 шілде күнгі санында жарық көрген мақалалардың басым көпшілігі демократия тақырыбына арналған. Газеттің бірінші бетінде Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдинмен сұхбат берілген. Серікболсын Әбділдин мемлекет басшысымен келесі кездескен кезде демократияға қарай екінші қадам жасап, Ғалымжан Жақияновтың түрмеден босатылуы жөнінде өтініш жасайтындығын тілге тиек еткен. Мәжіліс депутаты Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына байланысты, дәрігерлерлік тексеріс жүргізіп, құрт ауруын жұқтыртқаны расталғанда ғана оның өмірін сақтап қалу туралы әңгіме қозғау қажет деп пайымдайды. Серікболсын Әбділдин Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысын түрмеден босату, мемлекет басшысының қолынан келетін іс деп есептейді.

Серікболсын Әбділдиннің мақаласының астыңғы бағанында, Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдірген “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының мәлімдемесі жарық көрген. Мәлімдемеде Ғалымжан Жақияновтың денесінің қызуының 37,5 градустан түспей жатқандығы, сонымен қатар оның денсаулығының күннен-күнге нашарлап бара жатқандығы айтылған. “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының мәлімдемесінде Ғалымжан Жақияновты дәрігерлік тексеруден өткізу керектігіне ерекше тоқталып өткен. Сонымен қатар аталмыш газетте полковник Асханбек Алданазаровтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хаты жарық көрді. Президентке жазған ашық хатында полковник Асханбек Алданазаров “Қазақгейт” оқиғасына байланысты түсініктеме беруін сұраған.

Газеттің үшінші бетінде Старсбург қаласында өткен отырысқа қатысқан саясаттанушы Нұрболат Масановпен сұхбат жүргізілген. Нұрболат Масановтың айтуынша отырыс барысында Қазақстан мен Еуропа одағы елдері эконмикалық, қаржылық және демократия мен сөз бостандығы, адам құқығының қорғалуы мәселесі төңірегінде пікір алысқан. Нұрболат Масанов осы отырыс кезінде болған пікірталастардың бәріне де қатысып, өз ойын білідіріп отырған. Нұрболат Масановтың айтуына қарағанда, Қазақстан жағы кейбір нақты сауалдарға жауап беруден қашқалақтаған. Бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты депутаттар, Қазақстанда төрт ақ бұқаралық ақпарат құралының жабылғандығын тілге тиек еткен.

“Начнем с понедельника” апталығының 11 шілде күнгі санында саясаттанушы Петр Своиктің “Ұлттық банк бір ауыз сөз айтар ма екен?”, мәжіліс депутаты Шәймерден Оразалиновтың “Жаныңа бататын тұрғын үй мәселесі” және Валентин Макалкиннің “Халықтың игілігі үшін” деп аталатын мақалалары жарық көрген. Сонымен қатар газетте саясаткерлерге, қоғам қайраткерлеріне, мәжіліс депуттарына редакция тарапынан көптеген сауалдардар қойылған.

Газеттің “Соңғы кездегі халықаралық валюта қорының қамқорлығының себебі не?” деген сұрағына, мәжіліс депутаты Ғалым Байназаров былай деп жауап қайтарған: “Халақаралық валюта қоры теңгенің нығаюының ортақ іске пайдасы тиеді деп пайымдауы ықтимал. Бірақ менің бұған үлкен күмәнім бар. Оның себебі, теңгенің күшін шамадан тыс нығайта беруге болмайды, өйткені бізде экспорт пен импорт өнімі өте көп” дейді мәжіліс депутаты Ғалым Байназаров.

“Мегаполис” апталығының кезекті №27 (137) санында Тушинода орын алған террористік актіге байланысты мақалалар топтамасы берілген.

Журналист Евгений Рахымжановтың “Жергілікті өкілетті органдарға сайлау” деп аталатын мақаласында, алдағы өткелі отырған сайлауға өз кандидатураларын ұсыну мерзімінің 20 шілдеде аяқталатындығы баяндалған. Мақала авторы келтірген Орталық сайлау комиссиясының деректеріне жүгінсек, бұл сайлауға алпыс жеті адам қатысуға бел буыпты. Олардың он бесі облыстық, қырық бесі аудандық және жетеуі қалалық мәслихат сайлауына түседі. Сайлау 2003 жылдың 20 қыркүйегінде өтеді. Сайлау шарасын өткізуге 2,5 миллиард теңге жұмсалады.
XS
SM
MD
LG