Accessibility links

Ораз Жандосов Қажыгелдин тұсындағы энергетика саласындағы реформаның ерекшелігін қазіргі үкіметтің есіне салды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Астанада шілденің 11-күні энергетиктердің “энергетика саласын дамыту: міндеттері, мәселелері және оларды шешу жолдары” деген тақырыпта республикалық мәжіліс өтті.

Мәжіліске Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығына (ҚЭҚ) мүше және мүше емес энергетикалық компаниялардың, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің, халықаралық ЮСАИД, Бүкіләлемдік Банк ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Үкіметі электрэнергетика саласын қайтадан құрылымдауға бет бұрды. Соңғы алты жыл бойында Қазақстанның энергетика саласында айтарлықтай нәтиже болмағанымен, Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник 1,1 миллиард киловатт электр энергияның экспортталғанын ауыз толтырып айтып отыр. Бірақ министр республикадағы электр жүйелерінің 40 пайызының тозығы жеткендігін жасыра алмады. Үкімет Энергетика саласын реформалау барысында үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін аймақтық энергетика компанияларын жекешелендіру міндетін алдыңғы кезекке қойып отыр. Осыдан кейін барып Энергетика министрі жұмыс істеуге және бәсекеге қабілетті инвесторларды тартуға қолайлы жағдай туғызуымыз керек дейді.

Ал мәжілісте сөз алған Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ораз Жандосов өзінің бұл қызметке келгеніне аз уақыт болғандықтан, осы саланың маманы ретінде кесіп-пішіп ештеңе айта алмайтындығын, бірақ экономист ретінде 1996-97 жылдары жүргізілген энергетика саласындағы реформаның елдің дамуына оң ықпал беретін іргетасы мықты, позитивті қадам болғандығын ерекше айтып кетіп, ал соңғы бірнеше жылдар бойы энергетика саласында шешімі табылмай отырған мәселелердің көп екендігіне тоқталды.

Қазақстанда қазіргі уақытта жеті ірі электр станциясы жұмыс істейді. Олар Екібастұздағы бірінші және екінші гидро электр станциялары, Ақсу, Қарағанды, Ертіс, Өскемен және Шульбинскі қалаларындағы гидро электр станциялары. Қазақстандағы электр жүйелерін басқару компаниясының (KEGOС ) президенті Қанат Бөзімбаевтың келтірген мәліметтеріне қарағанда 2015 жылға дейін елде электр қуатын пайдалану үшін 86-95 млрд. кВтч қажет етеді екен. Ал сарапшылардың пікірінше, электр станцияларды қалпына келтіріп, ұлттық деңгейін көтеру үшін 770 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция керек. Республикалық жиынға бас қосқан энергетиктердің дені өздері басқарып отырған электр станцияларының тозығы жеткендігін, оларды қайта жаңарту үшін, үкіметке қол созып отырғандықтарын айтады. Мысалы Астана ТЭС2 стансиясының директоры Ғабдолла Жақыпов Астанадағы электр жүйелерінің 50-60 пайызы ескіргендігін, оларды айырбастау үшін инвестиция қажет деп отыр. Ал ол инвестицияны Үкімет береді деп үміттенеді.

Астанаға бас қосқан энергетиктер жылу-энергетика саласындағы өзекті мәселелерді түбегейлі қарастырғаннан кейін Үкімет басшысының атына жинақталған проблемаларды шешуге ықпал жасау туралы Үндеу қабылдады.
XS
SM
MD
LG