Accessibility links

Үкімет басшысы Қазақстан даму банкінің стратегиясын өзгерту қажет деп санайды


Қазақстан даму банкінің стратегиясын өзгерту қажет. Қазір бұл банк өзінің негізгі функциялық міндеттерін орындай алмай, банк стратегиясы уақыт талабына сай келмей отыр. Осындай мәлімдемені 8-шілде күні Астанада өткен үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Даниял Ахметов жасады.

Үкімет басшысының айтуынша, 300 млн. доллар көлеміндегі жарғылық қормен құрылған банк бүгінге дейін жалпы құны 54 млн. долларды құрайтын небәрі 12 жобаны ғана қаржыландырған немесе қаржыландыруға дайын еткен. Даму банкі басқару сапасына қарай екінші деңгейдегі банктермен бәсекелестік қабілетке қол жеткізе алмай отырғанын мойындау керек. "Осыған байланысты алдағы екі айдың ішінде осы бағыттағы көңілге қонымды шаралар жоспарын әзірлеп, процесске серпін беру керек",- деді ол.

Сонымен бірге, Д.Ахметов Ғылым жөніндегі қордың жұмысына да біраз сын айтып өтті. "Қор жұмысы жаңа технологиялар мен жобаларды іздестіру, ынталандыру және оны қолданысқа енгізуге бағытталуы тиіс нақты айтсақ, қор еліміз үшін төтенше қажет деп табылған бағыттардағы зерттеулерді жүргізіп, осындай жобаларды бастапқы қаржыландыруды жүзеге асырсын, соңынан қаржыландыру - инновациялық қордың міндетіне көшеді. Алдағы уақытта бұл жүйені дамыту үшін ғылыми жобаларды коммерциялық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі орталық пен жаңа технологиялар жөніндегі орталық тәрізді екі институт құру дұрыс",- деді Д.Ахметов. Үкімет басшысының айтуынша, бұл институттар инвестициялық және инновациялық қорлардың белсенді жұмыс істеуіне қажетті құрылымдарды қалыптастыруы тиіс.

Қазақстан Даму банкі, Инвестициялық және Инновациялық қорлар мен экспортты қамсыздандыру жөніндегі Корпорация тәрізді төрт институт бірлесе отырып мемлекеттің инвестициялық бағдарламасын іске асыра алатын өзара тығыз байланысты институттар жүйесін қалыптастыруға тиіс,- деді Даниал Ахметов.

ҮКІМЕТ САЛЫҚ ЗАҢЫНА ӨЗГЕРТУ ЕНГІЗУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Үкімет өнеркәсіп саласындағы негізгі қорды жаңалауға ынталандыру мақсатымен салық заңына өзгерту енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы 8-шілдеде Астанадағы үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Даниал Ахметов хабарлады.



Оның айтуынша, осы бағытта 2004-жылдың 1-қыркүйегіне дейін Салық Кодексіне өзгерту енгізу қажет.

Сонымен бірге үкімет басшысы мұнай операцияларына салық салу жүйесіндегі кемшіліктер турасында соңғы уақытта жиі айтылып жүргенін мойындады. Осыған байланысты ол мәселенің мән-жайын тексеру үшін құрылған жұмыс тобына негізгі қортындыны 1-қыркүйекке дейін дайындау тапсырылғанын хабарлады.

"Егер инвестицияларға қысқаша талдау жасайтын болсақ, инвестицияның 80 проценті шикізат секторына жұмсалып отырғаны бірден байқалады. Сол себепті, инвестициялардың басқа салаларға бет бұруына жағдай жасау керек",- деді үкімет басшысы . Бұл мақсатты 2003-жылдың 1-қыркүйегіне дейін жүзеге асыру қажет деп шегеледі Даниал Ахметов.

ҚАЗАҚСТАНДА ДОЛЛАРДЫҢ ҚҰНЫ 2001-ЖЫЛҒЫ ШІЛДЕ АЙЫНДАҒЫ ДЕҢГЕЙГЕ ДЕЙІН ТӨМЕНДЕДІ

10-шілде , бейсенбі күні шетелдерден көп мөлшерде валюта келу есебінен Қазақстанда доллардың құны 147 теңгелік баспалдақтан өтіп, 2001-жылғы шілде айындағы деңгейге дейін төмендеді. Қазақстан қор биржасында теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 1 доллар үшін 146,95 теңгеге дейін түсті. Мұндай деңгей осыдан дәл екі жыл бұрын байқалған болатын.

Биржа мамандарының айтуынша 10-шілде күні 1 доллар үшін 147 теңгелік баспалдақ ешбір қиындықсыз алынған.

"Теңгенің ұзақ уақыт бойы біршама нығаюына дүниежүзілік нарықта мұнай бағасының қымбаттығы әсер етіп отыр",- дейді биржа сарапшылары. Олардың айтуынша, мұндай ағымға Қазақстандық банктердің еурооблигациялар шығаруы мен көп мөлшерде синдикаттық несиелер алуы да өзіндік әсерін тигізіп отыр. Қара базардағы алыпсатарлық әрекеттер де бұған қосымша түрткі болып отыр.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша қазір рыноктағы ахуал құнның құлдырауына бейімделе бастады. "Трейдерлердің айтуынша, құлдырауға ешкім де кедергі болып отырған жоқ. Ұлттық банк бұл құлдыраудың жылдамдығын реттей отырып ахуалға қатаң бақылау жасап отыр",- дейді сарапшылар.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко Қазақстан Ұлттық банкі бұл тұрғыда алғашқы жарты жылдықта ұстанып келген саясатты одан әрі жалғастырады деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Ұлттық банк нарықта қалыптасқан ағымға қарсы тосқауыл қоймаса да теңгенің мөлшерден тыс шұғыл нығаюына жол бермейді. Алғашқы жарты жылдықта шетелдерден ішкі рынокқа көп мөлшерде валюта келуіне байланысты Ұлттық банк 1,6 млрд. доллар сатып алуға мәжбүр болды. Бұл тұрғыда маусым айында рекордтық жоғары көрсеткіш тіркеліп, Ұлттық банк 500 млн. доллар сатып алды.

"ҚАЗАҚАТОМӨНЕРКӘСІБІ" ҰАК 2003-ЖЫЛДЫҢ 1-ТОҚСАНЫНДА 734,4 ТОННА УРАН ӨНДІРДІ

"Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК 2003-жылдың 1-тоқсанында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өнім өндіру ауқымын 16,5 процентке арттырып, 734,4 тонна уран өндірді. Бұл туралы "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Уран тотығын өндіру көлемі 2001-жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 27 процентке артып, 727,2 тоннаны құрады.

Уран таблеткаларын өндіру көлемі 101,57 тоннаны, уранның қос валентті тотығының ұнтағын өндіру көлемі 71,73 тоннаны, бериллий өнімдерінің көлемі 135,2 тоннаны, тантал өнімдерінің көлемі 39,11 тоннаны, ниобий өнімдері 17,7 тоннаны, плавик қышқылдарын өндіру көлемі 785,12 тоннаны құрады.

2003-жылдың 1-тоқсанында Үлбі металлургия зауытының уран өндірісіне құйылған инвестиция ауқымы 141,7 млн. теңге, бериллий өндірісіне салынған инвестиция - 27,3 млн. теңге, тантал өндірісіне құйылған инвестиция -118,5 млн. теңге болды. "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК-ның құрамына Степное және Центральное бөлімдері мен Алтыншы кеніш басқармасы, "Үлбі металлургия зауыты" ААҚ-ның салалық құрылымдары (90%), "Волковгеология" ААҚ (90%), "МАЭК-Казатомпром" ЖШС (100%), " Жоғары технологиялар Институты" (50%), "Инкай", "Катко", "Заречное", "УКР ТВС" біріккен кәсіпорындары қамтылады.
XS
SM
MD
LG