Accessibility links

Үміткерлер үшін жүйке аурулары диспансерінің анықтамасын алу сергелдеңге айналды

  • Мартбек МЕКЕНТАЙҰЛЫ

Өзін қалалық мәслихаттың депутаттығына ұсынған Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысы аймақтық сайлау штабының жетекшісі Виктор Новиковты Көкшетау қалалық жүйке аурулары диспансерінің дәрігерлері 2 сағат бойы тексеріпті.

«Он бес жылдан бері қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланып келе жатқан В. Новиков ақыл-есінің дұрыс екенін дәлелдеу үшін 12 сұрақтан тұратын тестілік бақылаудан өтуге мәжбір болды» деп хабарлайды, Қазақстанның Демократиялық Таңдауы қозғалысының Ақмола облыстық баспасөз қызметі.

Ал басқа үміткерлер үшін мұндай анықтама алу онша қиын болмаған. Үміткерлер ақыл-есінің бүтіндігін тексерту үшін облыс орталығына келу керек деген талап жер-жерден сайланатын кандидаттар үшін оңайға соқпай отыр, -- делінеді аталған ақпарат көзінің баспасөз-баянында.

Орталық Сайлау Комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов болса бұдан бір күн бұрын «Үміткерлер облыстық жүйке аурулары диспансерлерінің тексеруінен өтуге міндетті. Өйткені, бұл Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі»,-- деп мәлімдеген болатын.

ҚДТ-ның Ақмола облыстық баспасөз қызметі Қазақстан Парламенті Сенатындағы босап қалған орынға депутат сайлау науқанының да көлеңкелі жақтары көп деп хабарлайды.

Бір күн де сенатор болып үлгермей, істі болып кеткен Қойшыбаевтың орнына Ақмола облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Светлана Жалмағамбетова сайлануға ниет білдірген-ді. Ал тағы бір үміткер -- Айсұлу Божбанованың қолдаушы тобының хабарлауынша, Божбанова өз кандидатурасын күтпеген жерден ұсынып, жергілікті билікті әбігерге тұсірген. Топ мүшелерінің мәлімдеуінше, биліктегілер Божбановаға аудандық мәслихат депутаттарының қолын жинауға кедергі келтіруде. Мысалы, Қорғалжың аудандық мәслихатының депутаттары Айсұлу барғанда жасырынып қалуға тырысса, оның алдында ғана Светлана Жалмағамбетованы құшақ жая қарсы алған.
XS
SM
MD
LG