Accessibility links

Ирақ жөніндегі сенімсіз мәліметтер президент Буштың беделіне кесір болып тиюде

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

АҚШ барлау қызметінің деректеріне сүйеніп Ирақ жөнінде даулы хабар таратқан соң президент Буштың ел арасындағы абырой-беделі жөнінде алуан түрлі пікірлер айтыла бастады.

Бұл жағдай алдағы жылы болатын президенттік сайлаулар кезінде Джордж Бушқа зиянды болмас па екен ?

Кезінде Ирақ соғысына қарсы болған екі ұйым бүкіл Америкаға телехабарлар таратып, президент Бушты көрсетіп, бір бағдарламада жүргізуші былай деген:

- Джордж Буш бізге "Ирақтан ядролық қауып төніп тұр" деді. Буштың айтуынша, Ирақ Африкадан уран сатып алып, өзінің ядролық қондырғыларын қайта құрмақшы болған. АҚШ сондықтан соғыс ашқан. Міне енді біз алданғанымызды біліп отырмыз. Америка сарбаздары күн сайын дерлік қаза табуда. Бізге жуып-шаю емес, шындық керек.

Соғыссыз жеңіске жету" тобының көрсеткен тележарнамаларына сенсек , Джордж Буш таратқан сенімсіз мәлімет кесірінен, америкалықтар арасында түрлі пікір пайда бола бастағандай.

АҚШ президенті, Саддам Хусейнді биліктен алу үшін мәжбүр еткен жағдайдың бірі ретінде "Ирақ Африкадан уран алуда" деген желеу айтылды. Ал енді Ақ үй ол мәлімдеме жалған құжаттар негізінде жасалғандығын мойындап отыр.

Нәтижесінде, соңғы айларда Ирақ соғысы және оның салдарларына байланысты Буштың президенттігіне жұрттың көзқарасы өзгере бастағандай. АBC телеарнасы және "Вашингтон Пост" газеті жүргізген сауалнама деректеріне қарағанда, көкек айында Ирақ соғысын сұралғандардың 70 пайызы қолдаған болса, соңғы кездері ол көрсеткіш 57 пайызға төмендепті. Ал олардың тең жартысы "Буш әкімшілігі Ирақ жөніндегі сенімсіз деректерді әсіре асырып айтқан" дейді.

"Newsweek" журналы жүргізген зерттеу бойынша, 38 пайыз жауап беруші "президент Буш Америка халқын әдейі алдады" деген пікірде.

Мамырдың басынан бері Ирақта 32 АҚШ сарбазы атыстар кезінде қаза тапқан.

Қазіргі кезде Бушқа тағылып отырған кінәнің басы- қаңтар айында "Одақ жағдайы" жөнінде мәлімдеме жасаған кезде президенттің барлау деректеріне сүйеніп, Ирақтағы ахуалды 16 ауыз сөзбен әсіре сілтеп жібергендігі болатын. Артынша ол мәліметті Буш Ирақты қарусыздандыру үшін негіз ретінде пайдаланды.

Буштың айтуынша, Британия барлау қызметі Ирақтың Африкадан уран сатып алуға тырысқандығы жөнінде дерек тапқан . Бірақ шілденің 7сі күні Ақ үй ол мәліметтің жалған екендігін мойындауға мажбүр болды.

Соғыстан кейінгі екі айлық тыныштықтан соң , Буштың Конгрестегі бәсекелестері – Демократиялық партияның барлық мүшелері "барлау деректерін бұрып пайдаланып американдықтарды адастырды" деп, Буш әкімшілігін қаралауға кірісті.

Буштың республикандар партиясынан бұрынғы Конгресс мүшесі Билл Френзел:

- Президент мүлт кетсе болды, күдік пайда болады. Буштың қаңтарда айтқан 16 сөздік ол сөйлемінен, менің пікірімше, бәле іздемеген жөн. Бірақ дегенмен, бұл ретте ол қателік жіберді, - дейді .

Дегенмен, Джордж Вашингтон университетінің проф. Натан Браунның пікірінше, сол 16 ауыз сөз Буштың беделіне соққы болып тиген.

- Әңгіме ол 16 ауыз сөзде емес, бірақ сол айтылған сөзге дәлел ретінде Ирақтағы ондай қауіпті қару –жарақтың дер кезінде табыла қоймағандығы еді, - дейді профессор.

Шілденің 11-і күні АҚШ Орталық барлау агенттігінің директоры Джордж Тенет кезінде президенттің үндеуіндегі ол 16 сөзді алып тастау керек еді деді.

Вашингтондағы Американ университетінің профессоры Алан Лихтманның айтуынша, жауапкершілікті өз мойнына алмай, АҚШ барлау орталығына жапса, Джордж Буштың абырой-беделі одан әрі төмендей түсуі мүмкін екен.

- Ондай жағдайда АҚШ-тағы қыркүйек террорлық шабуылынан кейін жинаған беделінен Буш жұрдай болмақ. Оның алдағы сайлау кезіндегі мақсаты іске асқанымен, мемлекетті басқару мүмкіндігіне кері әсерін тигізуі мүмкін, - дейді профессор Лихтман.

Вашингтондық тілшімізге АҚШ астанасына келген саяхатшылардың бірі Реймер:

- Президент өзіне даярлап берілген дүниені оқуда аса сақ болғаны жөн. Оның сөзін өзгелер жазып беретіндігін білемін. Бірақ Конгресс алдына шыққанда ол айтатын сөзіне жауапты болуы керек емес пе?- дейді.

Ал Юта штатындағы Брихам Янг университетінің студенті Давид Мартиннің пікірінше, Буш Барлау қызметінің нашар ісінің құрбаны болып отыр.

- Бұл оның қатесі емес. Басқалар берген мәліметке ол қалайша сенбесін, - дейді студент.

Ал әзірше, Буштың ол 16 сөздік мәлімдемесі және оның іс-әрекеттеріне байланысты халықтың пікіріне баға беруге ертерек болар. Дегенмен, келесі жылдың қараша айында өтетін президенттік сайлауға да 15 айдай уақыт қалды.

Бұл арада хабарымыздың басында айтылған телеарналар сықылды, өзге БАҚ-ы да алдағы кезде президент Буштың басына түскен бұл жағдай жөнінде әлі талай хабарлар тарататын болар.
XS
SM
MD
LG