Accessibility links

Қазақстанның ішкі ахуалы


Күзге дейін Қазақстанда “саяси тыныштық” орнаған сияқты.

Қазақстанның ішкі саяси сахнасында жазғы үзіліс туды: республика парламенті күзге дейін демалысқа аттанды, мемлекет басшысы Н.Назарбаев қысқа мерзімді еңбек демалысына шықты, жоғарғы атқарушы биліктің іс-қимылында да асқан белсенділік байқалмайды, оппозиция жетекшілері болса, бір жағынан, түрмеде отырған бір лидерін “қайтсек те бостандыққа шығарамыз” деп және алдағы маслихат депутаттарын сайлауы науқанымен әуре-сарсаңда жүр.

Ал осы кезде оның ішкі саяси ахуалын, елдегі саяси тұтқындардың жағдайын, оның ішінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың түрмедегі қазіргі халін Батыстың ақпарат құралдары зер салып қадағалап отырса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым сынды беделді халықаралық ұйымдар – алаңдаушылық білдіруде.

Қазақстандағы саяси тұтқындардың жағдайына, оның ішінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың түрмедегі қазіргі халін Батыстың ақпарат құралдары зер салып қадағалап отырса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым сынды беделді халықаралық ұйымдар – алаңдаушылық білдіруде.

Оған мысал есебінде Э.Робинсон деген автордың “Оппозиция лидерін босатуға үндеу” атты айдармен британиялық “Файнэншл Таймс” газетінің 12-інші шілде санында шыққан мақаласы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның қазіргі төрағасы, Голландияның қазіргі сыртқы істер министрі Яап де Хооп Схеффердің, Орта Азия елдеріне сапары шеңберінде, Қазақстанға келіп, республика басшылығымен және оппозиция өкілдерімен кездесуін атап көрсетуге болады. “Файнэншл Таймс” газетіндегі мақалаға келсек, оның авторы Э.Робинсон Қазақстанның ішкі ахуалымен, елдегі саяси оппозицияның және саяси көзқарастары мен күресі үшін абақтыға жабылды деп саналған оның екі лидері М.Әбіләзов пен Ғ.Жақияновтың тағдыр-тәлкектерімен етене таныс екенін айқын аңғартады.

Автор, мысалға, соңғы екеуінің не үшін және қалай сотталғанын, М.Әбіләзовтің өткен айда қалай бостандық алғанын, Ғ.Жақияновтың зайыбы – Қарлығаштың мәлімдемесіне сүйене отырып, оған түрмеде құрт ауруының қасақана жұқтырылғанын тәптіштеп жазады.

Оның пікірінше, “Н.Назарбаевтың авторитарлық режимін ашық сынап, оның өзі мен отбасының заңсыз баюын әшкерелеген биік бойлы, шымыр денелі Ғ.Жақиянов – 2001-інші жылы бүкіл Орта Азия аймағындағы шынайы да тегеурінді оппозициялық қозғалыстың қозғаушы күшіне айналды”. “Алғашқы да, деп жазды Э.Робинсон, Н.Назарбаев өзіне айтылған сын пікірлерге құлақ аспақ болып, күйеу баласын қызметтен босатты. Алайда, сын мен қарсылық ұлғая түскенін байқағанда, президент оппозиция мен тәуелсіз баспасөзді басып-жаншуға көшті”.

Ал Орта Азияға сапары шеңберінде, Астанаға да ат басын бұра кеткен Голландияның сыртқы істер министрі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның қазіргі төрағасы Я.Х.Схеффер, қазақ әріптесі Қ.Тоқаевпен болған әңгіме барысында, Ғ.Жақияновтың “қылмыстық ісін” тәуелсіз халықаралық сарапқа беру мәселесін көтерді және белгілі тәуелсіз журналист С.Дувановтың халықаралық сараптан өтіп үлгерген “қылмыстық ісі” бойынша Қазақстан сыртқы істер министрінен жауап талап етті. Алайда, сол кездесуінен шыққан бойы Я.Схеффер мырзаның өзі хабарлағандай, С.Дувановтың ісі бойынша Қ.Тоқаевтан жөнді жауап ала алмаған.

Ресейлік “Время новостей” газетінің ақпары бойынша, Н.Назарбаевтың күйеу баласы Р.Әлиев Венада С.Дувановтың “ісі” бойынша халықаралық сарапшылардың баяндамасын жарияламауды талап етіп жүрген көрінеді. Бірақ ол баяндаманың мәтіні Ресей Мемлекеттік думасының депутаттарына таратылып берілді және, ресейлік “Оңшыл күштердің одағы” партиясының бастамасы бойынша, парламент демалысынан кейін, Думада Қазақстандағы тәуелсіз баспасөздің халі туралы қоғамдық тыңдаулар өткізілмек.

Оған қоса, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің Еуропадағы өкілетті өкілі Р.Нұғмановтың хабарлауынша, күзде қозғалыстың Батыс елдерімен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды беделді халықаралық құрылымдармен, оның ішінде әсіресе АҚШ Конгресімен арадағы қарым-қатынасын нығайта түсу көзделуде.

Сонымен қатар, Р.Нұғмановтың сөзіне қарағанда, Аталған еуропалық ұйымның таяуда ғана Роттердамда болған пленарлық отырысына АҚШ Конгресінің белгілі конгрессмен Кристофер Смитт бастап келген делегациясымен жүздесуі кезінде, өзара байланыстарды нығайту қажеттігін екі жақ та атап көрсеткен. Осыған дейінгі бір хабарымызда айтылғандай, Роттердамда Орта Азия елдерінің саяси оппозициялары “Орта Азияның демократиялық күштерінің Форумын” қайта құрып, бірлескен белсенді іс-қимылға көшуге келіскен. Қазақ оппозициясының осы бастамасын қырғыз және шетелдерде қуғында жүрген өзбек пен түркімен оппозияцияларының өкілдері қызу қолдаған.

Дегенменде, шілде айының екінші жартысы мен тамыз айында Қазақстанның саяси сахнасында айтарлықтай оқиға не өзгеріс бола қоймас. Өйткені, мемлекет басшысы қысқа мерзімді еңбек демалысына шықты, республика парламенті жазғы үзіліс алды, үкіметтің іс-қимылында да асқан белсенділік байқалмайды. Қысқасын айтқанда, бір қарағанға көзге, Қазақстанда күзге дейін “саяси тыныштық” туған болып көрінуі ықтимал.

Ақиқатына келгенде, олай емес. Неге десеңіз, ресми билік пен оппозицияның өз-ара қиян-кескі күресі күзде жаңа қарқында жалғасын табатыны даусыз. Ал дәл осы кезде сол теке-тіреске ресми билік тарапынан астыртын дайындық жүріп жатқаны анық байқалады. Президент Н.Назарбаев, күзге дейін, билігінің әбден сиреген қатарын өзінің саясатына бейтарап көзқарастағы партиялар есебінен нығайтуға кіріскен тәрізді.

Атап айтқанда, “Ақ жол” партиясының жетекшілерін түгел жанына қайта алды. О.Жандосов, Қ.Келімбетов, С.Мыңбаевтан кейін, еңбек демалысына шығар алдында президент Н.Назарбаев енді Б.Имашевты – ҚР.-сының Қауіпсіздік кеңсі хатшысының орынбасары, Ж.Ертілесованы – монополияға қарсы күрес және шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тікелей өзіне қарайтын Агенттіктің төрағасы О.Жандосовтың орынбасары етіп тағайындады, яғни “ақжолдықтарды” ол өзіне мейлінше жақындатты.

Ол - бір, екіншіден, осы күні елде облыстық-қалалық маслихаттар депутаттарын сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Ресми билік, әрине, әдеттегідей үлкен басымдықпен “жеңуге” бар күшін жұмсауда және сайлаудың нәтижелері - 1999-ыншы жылғы парламент сайлауының “сценарийін” ешбір өзгеріссіз қайталанатыны ешбіросы бастан-ақ күмән туғызбайды. Өйткені, маслихат сайлауында парламент сенатының да тағдыры айқындалады.

Егер 14 облыстық және Астана мен Алматы қалалық маслихаттарына оппозиция өкілдері көп сайланса, онда артынша парламент сенатының да едәуір бөлігі “оппозициялық” болып шыға келеді. Демек, ішкі саяси ахуалдың осындай қолайсыз “сценариймен” дамуына ресми биліктің бей-жай қарап отыра алмайтыны түсінікті.

Егер Н.Назарбаевтың “Файнэншл Таймс” газетіне берген соңғы сұхбатында: “мені бұқара халықтың 80 пайызы қолдайды, мен келесі президенттік сайлауға түсемін” деп мәлімдегенін ескерсек, маслихат сайлауында ол бастаған “Отан” және онымен үндес Аграрлық, азаматтық партияларының басым дауысқа “ие” болатыны - сөзсіз. Оған қоса демократиялық “Ақ жол” партиясы өкілдерінің де едәуір депутаттық мандатқа қол жеткізуі де ешкімді таң қалдыра қоймас.

Дегенмен де, күз жақындаған сайын ресми Астананы қатты алаңдататын үшінші бір проблема бар. Ол, дау жоқ, “Қазақгейт” ісі бойынша АҚШ-та қыркүйек айында басталатын сот үрдісі. Міне сол соттың барысы және ол жайында бірлі-жарым ақпарды елге жібермеу үшін, ресми билік, үйреншікті амал-айласының бірі – соттың өкімімен елдегі ең соңғы оппозициялық “СолДат”, “Ассанди таймс” басылымдарына қайтып оңалмастай соққы берді.

Шама келсе, Интернеттегі тәуелсіз немесе айқын оппозициялық парақтарына да толық бақылау орнатудан тайынбайтын сияқты. Мысалға, сонау баста И.Әбіләзовтің жеке парағы (www.ablyzov.info) және соңғы күндері, Қазақстандағы қалыптасқан тұрақты пікір бойынша, президенттің күйеу баласы Р.Әлиевтің ықпалында болып келген “Номад” (www.nomad.web.com) парағы да жабылды. Оған қоса, Батыстың қысымынан құтылу үшін, халықаралық ұйымдар “саяси тұтқын” деп танығандардың бірі – Ғ.Жақияновтың да президент Жарлығымен бостандық алуы әбден ықтимал. Оның төңірегінде соңғы кезде болып жатқан шым-шытырық оқиғалар сондай ойға итермелейді. Жалғыз Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығарылуы, алайда, Қазақстанның қазіргі саяси билігіне Батыстың қара қабағын жылыта алмас, керісінше – “Қазақгейт” ісі - қазіргі биліктің онсыз да ортайып қалған халықаралық абыройын айрандай төгуі әбден мүмкін, тіпті Н.Назарбаевтың саяси болашағын жерлеуі де ғажап емес. Қалғанын Қазақстанның “саяси күзі” көрсете жатар...
XS
SM
MD
LG