Accessibility links

Халықаралық валюта қоры Гүржістан үкіметінен жаңа реформаларды жүзеге асыруды талап етуде.

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Бұлай болмаған жағдайда жүздеген миллион доллар қаржыдан қағылатындығын ескертті.

Парламенттік сайлауларға төрт айдан аз ғана уақыт қалған кезде Гүржістан президенті Эдуард Шеварднадзе және оның үкіметі күрделі ахуалға кез болып отыр.

Гүржістан үкіметі жаңа реформаға қарай жедел бет бұруы керек, немесе Халықаралық валюта қорының қолдауынан үміт үзуіне тура келеді.

141 миллион доллар қаржыны керек ететін "Кедейліктен арылу" бағдарламасының тағдыры да қыл үстінде тұр. Париж клубындағы кредиторларға қайтаруы тиіс қарызы тағы бар.

Өткен жылы шілдеде 23 миллион доллар несие бергеннен соң, қаржылық реформа талаптарын дер кезінде орындай алмады деп, Халықаралық қор, одан әрі төлемдерді тоқтатқан болатын.

- Меніңше Гүржістандағы қайта қаралатын 2003-жылғы бюджет дамытылуы керек. Әсіресе негізгі реформалар үшін энергия саласы аса маңызды, - дейді Халықаралық қордың сыртқы байланыстар бөлімі басшысы Том Даусн.

Халықаралық валюта қоры тобы жуырда Тбилисиде екі апта болып, гүржістандық ресмилермен келіссөздер жүргізді. Сапар натижесінде ресми топ президент Шеварднадзе үкіметінен Қор қойған талаптардың тамыздың 15-не дейін орындалуын өтінді.

Ондағы шарттар бойынша, Гүржістан үкіметі 2003-жылғы бюджетті қайта қарауы, салық жинауды ұлғайтуы, электр тарифтерін көтеруі, салық заңына өзгертулер енгізуі, зейнетақыны реттеуі қажет. Міне осы шарттар негізінде алдағы қазан айында Гүржістанға берілетін несие тағдыры шешілмек.

Ал, Тбилисиге барған ресми топ жетекшісі Данның Рейтер тілшісіне айтуынша, егер қойылған талаптар тамыз айының ортасына дейін орындалмаса, онда Гүржістан үкіметі несиеге үміттенбесе де болады.

Президент Шеварнадзе Халықаралық қордың талабына бірден жауап қайтарып, дүйсенбі күні тілшілерге бюджетті қайта қарап, осы аптада парламент талқылауына жіберетіндігін мәлімдеді.

- Маған әзірше парламент қандай шешімге келетіндігі белгісіз, бірақ олар қатты дауласып, тіптен үкіметтің қызметтен кетуін де талап етулері мүмкін. Мені де аяп қалмас. Бірақ үкіметтік орын алмасудан бірер игілік келе қоймас деп ойлаймын. Мысалы, соңғы кезде бір ғана қаржы министрін 7-8 рет ауыстырдық. Не шықты? Өкінішке қарай, әрқашан асығыстық жасаймыз. Министр енді іске кірісе бергенде қызметтен алу керек дейміз. Қаржы министрі Гогиашвили бұл қызметке жақында ғана отырды. Ол өз ісінің білгірі. Оны орнынан алғанда бюджет жөнделе қояр ма екен? - дейді Шеварнадзе.

Ал бұл арада, қазірдің өзінде, оппозициядағы депутаттар жағы бюджетті мақұлдамаймыз, кабинетке қарсы дауыс береміз деп отыр.

Ресми деректерге қарағанда, алғашқы жарты жылдықтағы бюджет тапшылығы - 87 миллион лари, немесе 40 млн. доллар шамасында екен. Бұл жалпы жылдық кірістің 1.7 пайызын құрайды. Ал қор қойған бюджеттік шарт бойынша азаматтардың айлық жалақысын көтеруге мүмкіндік болмайды.

Бюджеттік қысқартулар өзге министрліктерге де кері әсер етуі мүмкін.

- Бұл бюджеттік қысқартулар жағдайына біздің салада да келісу қиын. Бұл мәселені біз талқылап өз пікірімізді ресми түрде айтатын боламыз. Нәтижесін көрерміз, - дейді Әділет министрі Роланд Гилигашвили.

Хабарларға қарағанда, бюджеттік қысқарту әсіресе Қорғаныс министрлігіне нашар әсер етуі мүмкін. Бұрынғы советтік аймақта Гүржістан армиясының жағдайы өте ауыр деңгейде. Оған ол саладағы коррупция да өз ықпалын тигізгендігі шындық.

Қор талап еткен бюджеттік өзгерістерге Қорғаныс министрі Давит Тевзадзе де қарсы.

- Біз әзірше ол қысқартудан Қорғаныс министрлігіне қаншалықты зиян келетіндігін білмейміз. Бұл саяси мәселе болғандықтан оған араласа алмаймыз. Бірақ ол ойға біз түгелдей қарсымыз, - дейді Қорғаныс министрі.

Министрдің айтуынша, 40 пайыз қаржы тапшылығынан маусым айына белгіленген әскери жаттығулар да өтпей қалған. 20 мың кісілік Гүржістан армиясы, қаңтардан маусымға дейін бюджеттен бөлінуге тиісті 34 миллион ларидің 21 миллионын ғана алған. Бұл - 10 млн. доллар шамасында.

Салыстыра айтсақ, бір ғана АҚШ Гүржістандағы 400 кісілік терроршылыққа қарсы екі жылдық бағдарламаға 64 миллион доллар қаржы бөліпті.

Оппозицияға бүйрегі бұратын Парламент төрағасы Бурджанадзе кәсіпкерлерді ескертіп, парламент заңгерлері Гүржістан экономикасына зиянды шешім қабылдамауға тырысады деген.

Ал президент Шеварнадзе, "Менің Парламенттің қорытынды шешіміне өз көзқарасым болуы мүмкін. Бірақ оған келіспесем не болатыны да белгілі нарсе. Дегенмен мен парламент пен үкіметті таратамын деп бел байлап отырған жоқпын", деген.
XS
SM
MD
LG