Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына алаңдаушылық білдірген қазақ зиялыларының ой-пікірлері және тағы да басқа рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Азат” тәуелсіз апталығының 16 шілде күнгі санында “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына алаңдаушылық білдірген көптеген қазақ зиялыларының мақалалары жарық көріпті. Республикалық қуғын-сүргін көргендер қоғамының президенті Бекболат Мұстафин ақсақал өз мақаласында, Ғалымжан Жақияновтың өте мәдениетті, сыпайы азамат екендігін тілге тиек еткен.

“Ғалымжан Жақияновты дәл отыз жетінші жылғыдай сорын қайнатып абақтыға қамап қою деген не сұмдық? Қазір ауырады екен дегенді естігенде шыбын жаным шырқырайды. Қолымнан келген көмегімді бергім келеді. Ғалымжан Жақиянов секілді жап-жас жігіттің еліміздің болашағы үшін керек азаматтың түрмеде шіріп, ауру тауып, азаптанып ит қорлық көріп отырғанынан Президентке не пайда, халыққа не пайда, өзіне не пайда?” деген Бекболат Мұстафин ақсақал, президентке кіргенде Ғалымжан Жақияновтың жағдайын айтпақ ойы бар екендігін де білдірген.

Ал, белгілі сыншы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Зейнолла Серікқалиұлы үкімет қызметінде жүргенде Ғалымжан Жақияновтың елі-жері үшін көптеген игілікті істерді атқарғандығына тоқталған.

“Павлодар облысының әкімі қызметін атқарып жүрген кезінде Ғалымжан Жақиянов ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін, болашағын баянды ету мұраты мен барша жауапкершілік парызы өз мойнына жүктелген ата қоныстың экономикалық әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қандай игілікті істер тындыра бастағанын сүйсіне қадағалаған жандардың бірімін” – дейді, Зейнолла Серікқалиұлы.

Сондай-ақ жазушы Қалмұқан Исабай мен сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлы да Ғалымжан Жақияновтың түрмеде отырғандығына қатысты алаңдаушылықтарын білдірген.

Сонымен қатар осы газетте “Халық жер сатуға үзілді-кесілді қарсы” деген тақырыппен оқырмандардың хаттары берілген. Газеттің үшінші бетінде Жангелді Естенбаевтың “Балташ неге қуғынға түсті” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша Балташ Тұрсымбаевты қаралау үшін билік басындағылардың қазақ тілді басылымдарды таңдауының өзіндік себебі бар.

“Оның мәнісі – билік жер мәселесінің қазаққа жақын екендігін ескеріп, ұлттық мүддені көздегенсіп, Балташ Тұрсымбаевты өз халқының алдында жығып беруді мақсат тұтқан” дейді мақала авторы.

“Алтын Орда” апталығының кезекті №27 (181) санында Бауыржан Ғұбайдулиннің “Қазақ Печкині қайдасың”, Роза Бекетаеваның “Тендерге не түскенін білесіз бе?” , Жайберген Арзымбетұлының “Қостанай мен Ақтөбе арасын қосатын темір жолда іркіліс көп” және тағы да басқа әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

Газеттің алтыншы бетінде жарық көрген Гүлжан Кетебаеваның мақаласында Қазақстан әскеріндегі ахуалдың жағдайы баяндалады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бүгінде Қазақстандағы жастардың жетпіс проценті әр түрлі созылмалы аурумен ауыратын көрінеді. Ал, әскердегілердің ішінде гастрит, бүйрек, туберкулез, тіпті СПИД-пен ауыратындар да баршылық. 2000 жылы әскерге шақырылған жастардың 62,2 процентінің ғана денсаулығы жарамды болған. 2001 жылы бұл көрсеткіш 59,1 процентке, ал өткен жылы 56,1 процентке төмендеген. 2001 жылы туберкулездің асқынған түрімен ауырған жетпіс бес адам әскер қатарынан шығарылыпты.

Газеттің он үшінші бетінде Жақсыбай Самраттың “Абылайдың ақ үйі неге қаңырап, неге иесіз тұр” деп аталатын рухани мәселеге арналған мақаласы берілген. Мақала авторының айтуынша, Петропавл қаласындағы Абылайханның үйі 1999 жылғы алтыншы тамызда жасалған сауда келісім-шартымен аукционда жеңіп шыққан В. Поляков деген азаматқа сатылған.

“Сол кездегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекцияның бастығы Л. Сорокотя бұған қол қойған. Бірақ, В. Поляков мырза сауда келісім-шарттарының талабын орындамағандықтан, 2000 жылдың 28 сәуірінде қайтадан жекешелендіру комитетінің құзырына алынған” деген мақала авторы бүгінгі таңда ханнан қалған белгінің қазір иесіз қаңырап бос тұрғандығына тоқталып өтеді.

“Новости недели” апталығының 16 шілде күнгі санында Ажар Сабралиеваның “Кандидаттықты қорғаудың азабы” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, кандидаттық диссертациясын қорғайтын адамдар көп жағдайда өз құқын қорғай алмай жатады.

“Бүкіл әлемде ғылымды дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатады. Ал, Қазақстан мемлекетінде қалтасында ақшасы бар адамға ғана ғылыммен айналысуға мүмкіншілік туғызып қойған” дейді мақала авторы.

Газеттің жетінші бетінде “Жел үстіндегі тағдыр” деп аталатын Асқар Омаровтың мақаласы берілген. Мақала авторы Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттік хатшы болып тағайындалғаннан кейін, осы қызметтің дәрежесі мен өкілеттігінің өзгертілгендігі туралы мәселе көтерген.

Мақалада келтірлеген деректерге сүйенсек, аталмыш қызметтің өкілеттілігі мен дәрежесі бұл орынға келген саяси тұлғаға байланысты ылғи да өзгеріп отырған.

“Мысалы Қазақстан Республикасының тұңғыш мемлекеттік хатшысы Ахметжан Есімовтың кезінде, бұл қызметтің өкілеттілігі күшті болды. Мемлекеттік хатшының өкілеттілігі ол кезде тек премьерлік қызметпен ғана салыстыруға келетін. Әбіш Кекілбаевтың кезінде осы өкілеттіліктердің бірсыпырасының алынып тасталғаны мәлім” деген мақала авторы , мемлекеттік хатшы қызметінің өкілеттілігінің қайта күшейтілуінің астарында үлкен саяси мақсат жатуы ықтимал деп пайымдайды.

“Экспресс К” газетінің он алтыншы шілде күнгі санында Александр Каминскидің “Талап бойынша қойылды” , Ирина Глушко мен Наталья Байғожинаның “Баға жетпес жәдігер”, Алексей Баницкиннің “Күтуге болмайды” және тағы да басқа мақалалар жарық көрген.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасының 16 шілде күнгі санында жарық көрген Николай Жоровтың мақаласындағы келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанда 230, 7 миллион тонна радиоактивтік қалдықтар әлі күнге шейін көмілмей отыр. Осы радиоактивтік қалдықтардың 71 миллион тоннасы Степнгорск қаласында. Мақала авторының айтуынша, осы күнге шейін уранның қалдықтары ашық қоймаларға тасталып, ол сумен толтырып отырған. Міне сол себептен де бүгінгі таңдағы Степнгорск қаласының экологиялық ахуалы тым ауыр.

Газеттің үшінші бетінде Тараз қаласының әкімі Болат Сауранбаев пен тілші Наталья Можарованың жүргізген сұхбаты жарияланған.

“Соңғы жылдың ішінде қалаға химия өндірісінде жұмыс істеуге келген жеті инвестор ауысқан. Осы кезде химия өндірісі тоналып, толық күйреп, шаруасы тынды. Қазір химия өндірісі жекеменшікке берілді. Соның арқасында былтырғы жылы жиырма бір миллион теңгенің өнімі өндірілді. Күйзеліс кезеңінің бәрі де артта қалды. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы орташа айлықтың көлемі он төрт мың теңгені құрайды”

Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі комуналдық төлемдерді төлей алмаған төрт жүз адамның үйлерінің тұтқындалғанын және олардың ісінің сотқа берілгендігін де тілге тиек еткен.

“Қазір ырғалып-жырғалғандардың дегеніне көне беретін заман емес. Әрине бұл өте қатаң шара. Бірақ бұл шара өз нәтижесін береді ғой деп ойлаймын” дейді Тараз қаласының әкімі Болат Сауранбаев.
XS
SM
MD
LG