Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

17 шілде күнгі мерзімді басылымдарда НАТО-ның бас хатшысы Джордж Робертсонның Қазақстанға келуіне байланысты және тағы да басқа рухани, мәдени мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

“Түркістан” апталығының 17 шілде күнгі санының бірінше бетінде Жамбыл облысында болып қайтқан Көлбай Адырбекұлының “Жұмыла көтерген жүк жеңіл десек те” деген көлемді мақаласы берілген. Мақала авторының айтуынша, Жамбыл облысының зілзаладан зардап шеккен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданында республиканың әр облыстарынан келген 11184 адам құрылыс жұмыстарын жүргізуде. “Олар бүгінге дейін екі пәтерлі үш тұрғын үйді пайдалануға беріп, сонша пәтерлі 71 үйді мемлекеттік комиссияның қабылдауына дайындап отыр” дейді мақала авторы.

Газеттің бірінші бетінде бас мақала ретінде Ғалымжан Мелдештің “Робертсон Орталық Азиядан не іздеді” деп аталатын материалы орын алған. Ғалымжан Мелдеш өткен аптада НАТО-ның Бас хатшысы Джордж Робертсон мырзаның Қазақстанға арнайы ат басын бұрғандығын және мұндағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Қорғаныс Министрлігі, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктердің басшыларымен жабық есік жағдайында сыр ақтарғандығын тілге тиек етіп, Робертсонның Орталық Азияға келуінің артында қандай саяси мақсат жатқандығына болжам жасайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, НАТО-ның бағдарламасы негізінде құрылған “Қазбат” батальонының инженер-саперлары Иракқа аттанады.

Газеттің сегізінші бетінде, дүниеден ерте өткен талантты ақын Нұрлан Мәукенұлының поэзия, өмірдегі ерекшелігі , ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы жөнінде жазушы Жаңабек Шағатайдың “Қызыл қарды көп кештің бе, қара бала” атты эссесі жарық көрген.

“Ана тілі” апталығының 17 шілде күнгі санында “Өзекті мәселе” айдарымен Нұрлыбек Саматұлының “Қазақ тілінде жүз мың доллар тұратын компьютерлік бағдарлама бар” деген мақаласы берілген. Мақала авторының айтуына қарағанда бұл компьютерлік бағдарламаның көптеген ерекшеліктері бар. Нұрлыбек Саматұлы өз мақаласында Қазақстан талайдан бері армандап қолына түсіре алмай қойған бағдарламаны жасаған жаңашыл жігіттерге қолдау және қаржылай көмек керектігіне ерекше тоқталып өткен.

Газеттің алтыншы бетінде Жұмабай Құлиевтің “Сәкен көшесі құл базарына айналғаны ма?” деп аталатын проблемалық мақаласы жарық көрген. Жұмабай Құлиев өз мақаласында Сейфуллин даңғылының бүгінгі таңда нағыз құл базарға айналғандығын тілге тиек етеді. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, күнін көре алмай жүрген сол бейбақтарды кейде құқық қорғау орындарының қызметкерлері ұрып-соғып, қорқытып-үркітіп жұмысқа жегіп қояды екен.

“Алматы ақшамы” газетінің 17 шілде күнгі санында Сансызбай Молдажановтың мақаласында Алматы қаласына сел қаупінің төніп тұрмағандығы туралы айтылады. Бұл туралы мақалада мынандай деректер келтіріледі: “Алматыға кіретін Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай өзендері бастауын сонау теңіз деңгейінен төмен 3000 метр биіктіктен алып жатыр. Демек жаңбырдың өзендер суын молайтуы әбден мүмкін. Бірақ дәл қазіргі уақытта ондай қауіп байқалмайды. Үлкен Алматы өзеніне қосылатын он бес өзен де, кіші Алматыға құятын алты тау өзені және Есентайға екпін беретін шағын өзендердің ағысы қалыпты деңгейден аса қойған жоқ” дейді мақала авторы.

“Жас Алаш” газетінің 17 шілде күнгі санында жарық көрген Дихан Қамзабекұлының “Япыр-ау, кісілік қасиет қайда кеткен” атты мақаласында, Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген мәдени қорлардың құрылғанымен, олардың қоғамға ешқандай пайдасы болмағандығы туралы баяндалады.

“Экспресс К” газетінің 17 шілде күнгі санында Әсел Төлегенованың “Атырау синдромы”, Тохнияз Кучуковтың “Ой салды” және тағы да басқа мақалалар жарық көрген.

Қостанайдағы ресей- қазақстан шекарасында марихуана өткізбек болған алты студент қолға түскен. Бұл туралы газеттің екінші бетінде Ләззат Шүленованың мақаласы жарық көрген. “Ұсталған студенттердің бәрі де марихуананы сатып, жолдарын ақтамақ болғандарын айтып ақталмақ болған. Ресейде марихуананың бағасы Қазақстанмен салыстырғанда үш есе қымбат. Қостанай облысындағы қылмысқа және Заң бұзушылыққа қарсы күрес жөніндегі Кеден Басқармасының бастығы Мәлік Бөженовтың айтуынша, ұсталған студенттердің арасында болашақ заңгер де бар.

“Ештен кеш жақсы” деп аталатын Светлана Коханованың мақаласында Қарағанды облыстық прокуратурасының Ұлытау және Жаңарқа аудандарында “Тарихи ескерткіштерді сақтау” туралы заңның қалай орындалып жатқандығына қатысты тексеріс жұмыстарын жүргізгендігі туралы баяндалған. Мақала авторының айтуынша, көптеген ескерткіштерге қарапайым тақта да ілінбеген. Он бесінші ғасырда жерленген ата-бабалардың зиратында кейбіреулер мал бағып жүр, ал ежелгі адамның үңгірінде ойын-сауық ұйымдастырылады. Қарағанды облысындағы жердің көбісі археологиялық сараптама жұмысы жүргізілмей-ақ беріліп жіберген.

“Отан” партиясының мұрындық болуымен шыға бастаған “Страна и мир” атты жаңа басылымның кезекті санында Алексей Федотовтың “Сайлау қарсаңында”, Зира Наурызбаеваның “Тәңіршілдік және ислам” секілді әр түрлі саяси, рухани, мәдени тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген.

Газеттің алтыншы бетінде Мәриям Оңғарованың “Батысқа апаратын жол” деп аталатын проблемалық мақаласы жарық көрген. “ Мұнай қорының молдығына байланысты Қазақстан мемлекетімен көптеген елдер санаса бастады.

Соның арқасында Қазақстан мемлекеті көп векторлы саясатты ұстанып жүр. Дегенмен он екі жыл бойы Қазақстан басқа елдерге тәуелділігінен айырыла алмай келеді. Қазақстанда мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Бірақ соған қармастан бензиннің бағасы арзандаған емес” дейді мақала авторы. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан мемлекетінде жиырма бес жылға ғана жететін мұнай қоры қалған.

Газеттің сегізінші бетінде “Отан” партиясы төрағасының көмекшісі Қазбек Қазкеновтың, “Невада –Семей” антиядролық қоғамының вице-президенті Майдан Әбішеваның, “Табиғат” экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов пен Чернобыль ардагерлері одағының Алматы аймақтық төрағасы Халел Тұрғалиевтің ашық хаты берілген.

Хатты жазушылар Қазақстан мемлекетіне радиоактивтік қалдықтарды көмуге қатысты үзілді-кесілді наразылықтарын білдірген. “Егер де радиоактивтік қалдықтардың еш залалы болмаса, қалдықтарды 15-20 жылдың ішінде Қазақстанға көму үшін, сол елдер неге 20-30 миллиард доллар төлемек ойы бар. Мысалы Қазақстанның бюджеті бар-жоғы төрт-ақ миллиард долларды құрайды” дейді хатты жазушылар.

“Время” апталығының 17 шілде күнгі санында Генадий Бендицкидің “Шеберліктің құпиясы”, Хелча Исмаилованың “Жер бетіндегі ауыр тұрмыс” және тағы да басқа редакция авторларының әлеуметтік, саяси мәселелерге арналған мақалалары жарық көрген.

Галина Выборнованың мақаласында таяуда Тараз қаласында полицейлерден жасақталған Сураншиев бастаған бандалық топтың қолға түскендігі туралы айтылған. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері жастардың қалтасына есірткі салып жіберіп, олардың ата-аналарынан ақша алуды кәсіп қылған. “Казахстанская правда” газетінің 17 шілде күнгі санында жарық көрген Ғалия Шымырбаеваның мақаласында белгілі актер Асанәлі Әшімовтың жаңа көркем фильмге түсіп жатқандығы туралы айтылады.
XS
SM
MD
LG