Accessibility links

З.Балиева: Сайлау -- әсiре саясиландырылған науқан


Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева шiлденiң 18-i күнгi семинар-кеңесте: «Жергiлiктi мәслихаттардың қыркүйектiң 20-сы күнi болатын сайлауын таза әрi демократиялық тұрғыда өткiзуге болады»,--деп мәлiмдедi.

Аталған басқосуға республикадағы барлық аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының 250 өкiлi қатысты.

Балиева ханымның сөзiмен айтқанда: «Қолданыстағы «Сайлау туралы заңның» кемшiлiгi жоқ, мәселе -оны жетiлдiруде болып отыр. Сондықтан, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан айтылатын сындарға көңiл аудара берудiң қажетi де болмас, өйткенi, бұл-- бар болғаны саяси технология».

Орталық сайлау комиссиясының төрайымы кеңеске қатысушыларға жергiлiктi мәслихаттардың сайлауы науқанында абай болу қажеттiгiн де ескерттi. Оның айтуынша, жер-жерден арыз-шағымдар қазiрдiң өзiнде көптеп түсiп жатыр.

«Қандай да бiр арыз-шағымдар бойынша шешiм шығармас бұрын Орталық сайлау комиссиясымен келiсiп алыңыздар. Сайлау кезiнде сайлау жүйесiнiң ғана емес, мемлекеттiң де абыройы безбенге түседi. Және бұл-- әсiре саясиландырылған науқан. Бiз жергiлiктi мәслихаттардың, Мәжiлiс пен Сенаттың сайлауларын қалай өткiзсек, сондай пiкiр қалыптасады. Ал олардан кейiн Президент сайлауы тұрғанын ұмытпаңыздар. Оның тағдыры халықтың сайлау жүйесiне деген сенiмiне байланысты болады», - дедi.

Семинар кеңесте қолданыстағы сайлау заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу мәселесi төңiрегiнде де сөз болды. Зағипа Балиева сайлау жүйесi қызметкерлерiн жұртшылық талқысына ұсынылған Үкiметтiк заң жобасын талқылауға белсене қатысуға шықырды.
XS
SM
MD
LG