Accessibility links

Лондонда өткен ТМД елдерінің төртінші халықаралық іскерлік жиынында Қазақстан экономикасы сөз болды

  • Досан БАЙМОЛДА

Жиынды Қазақстан-Британ қоғамдастығының төрағасы, лорд Фрейзер оф Камели ашты caммит сессияларының бірі Қазақстанның экономикалық мүмкіндігін ашуға бағытталды. Онда халықаралық бизнесті дамыту ісі мен Қазақстандағы саяси тұрақтылық мәселелері қаралды. Лорд Фрейзер оф Камели саммитке қатысушыларды Қазақстандағы инвестициялық жағдай мен оны дұрыс жолға қою мәселесіндегі Қазақстан үкіметі қабылдаған шешімдермен таныстырды. Оның айтуынша, ТМД елдері арасында өзіне инвестиция тарту жағынан Қазақстан 1-орында, ал, шетелдерден келетін қаржының басым бөлігі ұлттық мұнай-газ саласын дамытуға бағытталады. Европалық қайта құру және даму банкінің сарапшысы Рика Ишии Қазақстан экономикасындағы жүйелі реформалар мен ұлттық теңге жайына тоқталды. Европалық қайта құру және даму банкі сарапшысы Рика Ишиидің айтуынша: - Теңге бағамы соңғы кездері АҚШ долларына қарағанда тұрақты болды. Және Ұлттық банк рубльдің айырбас курсын қолдауға шешім қабылдады. Бір жағынан теңге онсыз да тұрақты, екіншіден, Ресейдегі инфляция Қазақстанға қарағанда жоғары. Сондықтан да Қазақстанда Ресей рублі мен АҚШ долларының бағамы да жоғары күйінде қалады. Сессияға қатысушылар Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда ұйымына енуін қолдай отырып, мемлекеттік өндіріс бағдарламаларын да кеңінен талқылады. Олардың пікірінше, маңызды мәселелерді бірігіп шешуге бағытталған мұндай кездесулердің тиімділігі - саясаткерлер мен кәсіпкерлердің, инвесторлардың өзара әңгімесінен нақтылы жұмыс бағдарламасының қалыптасуында.

ҚАЗАҚСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЖЕНЕВАДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫНА КІРУ ЖӨНІНДЕ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ Қазақстанның индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков басқарған үкіметтік делегациясы Женевада болып, республиканың Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру шарттары жөнінде көп тараптық және екі жақтық келіссөздер жүргізіп қайтты. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау басқармасының ақпараттық хабарында айтылған. Қазақстан министрінің ДСҰ бас директоры Супачай Паничпакдимен кездесуі барысында көп тараптық сауда жүйесін дамыту болашағы мен Қазақстанның әлемдік экономикаға қосылу проблемасы талқыланды. Әділбек Жақсыбеков ел басшылығының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындықты қарқынды жүргізе беру туралы шешімін растады. Қазақстан делегациясының басшысы Жақсыбеков, Супачай Паничпакдидің Қазақстанға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша келеді деген үмітін білдірді. Өз кезегінде ДСҰ бас директоры хатшылықтың республикаға қажетті техникалық және ұйымдастырушылық көмегін көрсетуге даяр екендігін тағы да айтты. Тараптар Қазақстанның ДСҰ-ға кіруге даяындық уақытын өз экономикасын дамыту ұшін тиімді жұмсау қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді. Супачай Паничпакди Қазақстанның көп тарапты дүниежүзілік сауда жүйесіне тезірек қосылуына мүдделі екендігін білдірді. Сапар барысында сондай-ақ Қазақстан делегациясы Европа Одағы, АҚШ, Жапония, Канада, Австралия, Швейцария, Болгария, Латвия, Туркия, Бразилия, Куба, Чехия, Словакия және Мексика өкілдерімен екі жақтық келіссөздер жүргізді.

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БӨЛІГІН ИГЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ІС-ШАРАЛАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ НАШАР ЖАСАЛҒАН- ҚР ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ

"Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру бағдарламасын жүзеге асыру шараларының жоспары нашар жасалған. Бұл мәселеде салалық министрліктер іс шаралар жоспарын жасауға атүсті қараған. 15-шілдеде Астанада өткен "Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру бағдарламасын" жүзеге асыру шараларының жоспарын талқылауда ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов осындай баға берді. Үкімет басшысы құжат жобасын жасаушылардың атына бірқатар сын-ескертпелер жасады . Д.Ахметовтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру жоспарында алға қойған міндеттерді шешудің заңды негіздері қаланбаған, Елбасының "Мұнай туралы" және "Жер қойнауы туралы" жарлықтарына өзгертулер енгізілмеген. Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игерудің теңіз және әуедегі инфрақұрылымдарын құру туралы тіс жарып ештеңе айтылмаған. Сондай-ақ, Каспийдегі Қазақстан мұнайының көлем-мөлшері туралы ешбір мағлұмат жоқ,- деп атап көрсетті үкімет басшысы. Д.Ахметовтың пікірінше "шаралар жоспарында осындай пункттердің жоқтығы энергетика және көлік министрліктерінің қай-қайсысы тарапынан да мемлекеттің стратегиялық маңызды бағдарламасына мұқият мән бермегендігін айғақтайды". Осыған байланысты үкімет басшысы салалық министрліктерге құжатты қысқа мерзімде қайтадан толықтырып жөндеп үкімет қарауына ұсынуды тапсырды. "Бұл құжат - жүзеге аспайтын бос мүмкіндіктердің декларациясы болуға тиіс емес",- деп қорытты өз сөзін үкімет басшысы.

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ШОЛПАН-АТА ҚАЛАСЫНДА ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚҚА МҮШЕ ЕЛДЕРДІҢ КӨЛІК САЯСАТЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНІҢ 4-МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ

Бас қосуға жиналғандар көліктерді сертификаттауда қойылатын техникалық талаптарды бір қалыпқа келтіру, лизингке беру тәртібі, Ресейдің оқу орындарында су және әуе көліктері мамандарын дайындау және олардың білімін арттыру жайын талқылады. Мәжілісте сондай-ақ, автокөлік жолдарын дамыту шараларын келісу, жүк көліктерін өлшеудің бірегей жүйесін жасау және Қазақстан - Ресей - Беларусь көлік дәлізін құру мәселесі де қаралды. Көлік саясаты жөніндегі Кеңестің бұл отырысында сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдердің шекараларында халықаралық көлік тасымалы кезінде кездесетін кедергілер де сараланды. Бас қосуға Армения, Украина, Молдавиядан, ТМД елдері жолшылар Кеңесінен және Халықаралық тасымалдаушылардың Ұлттық қауымдастықтарынан өкілдер қатысты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ "VITA" КОМПАНИЯСЫ ТМД ЖӘНЕ ЕУРОПА РЫНОГІНЕ СОЯ ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫP

Қазақстандық "VITA" компаниясы таяу уақыттарда ТМД және Еуропа рыногіне соя өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы "VITA" ААҚ-ның вице-президенті Петр Потапов 14-шілдеде Алматыда хабарлады. Қазір компания Қазақстан даму банкінің жобаға арнап 8 млн. доллар бөлуінің арқасында Алматыда "Vitasoy" зауытының құрылысын салу жұмыстарының негізгі сатысын жүзеге асыра басады.

"Vitasoy" жобасы бойынша Қазақстан Даму банкі бөлген 7 жылдық жалпы несие көлемі 2002-жылдан бері 15,5 млн. долларды құрады. Жылына 140 мың тонна соя өндіре алатын бұл зауытты биылғы жылы іске қосу жоспарланған. Ондағы соя ұнын өндіру көлемі 15 мың тонна, соя шротын өндіру көлемі 80 мың тонна, соя майын өндіру көлемі 25 мың тонна, азық-түліктік мақсаттағы соя ақуызын өндіру көлемі 15 мың тоннаны құрайды.

Зауыттың бас директоры М.Потаповтың айтуынша, "Vitasoy" зауыты -ТМД аясындағы тұңғыш зауытқа жатады. Қазақсанның соя өндіру жөніндегі потенциалы тек ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, ТМД және Еуропа елдерін де қамтамасыз етуге жеткілікті. Жоғары тиімді тұқым сорттарының болуы, қолайлы климаттық ахуал мен ауқымды егістік алқаптары Қазақстандық соя өнімдерінің бәсекелестік қабілетін арттыра түседі дейді М.Потапов. Сонымен қатар, шетелдік өнімдермен салыстырғанда Қазақстандық сояның генетикалық өзгертілмей табиғи қалпын сақтауы оның стратегиялық артықшылығын қалыптастырып отыр.

Бас директордың айтуынша, Қазақстан алдағы 4-5 жылда ТМД және Еуропа рыногында өзіне лайықты тұрақты позиция иемденеді.

Сондай-ақ, Қазақстанда соя бұршағын өсіру экономикалық тұрғыдан тиімді болумен бірге ауылшаруашылығын диверсификациялау бағытындағы оңды қадамдардың бірі болып табылады,- дейді "Vita" компаниясының президенті. Оның айтуынша, еліміздегі соя түсімі бір гектардан орташа есеппен 40 центнерді құрайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 26 центнерді құрайтыны белгілі. Қазір еліміз бойынша бір маусымда соя өсіруден түсетін таза пайда бір гектардан 200 долларды құрайды.

Өткен үш жылда елімізде соя бұршағын егу көлемі 10 есе артып, 35 мың гектарға жетті. Болашақта бұл мөлшерді 70 мың гектарға дейін жеткізу межеленіп отыр.

М.Потаповтың айтуынша, Қазақстан жыл сайын 5 млн. тоннаға дейін соя бұршағын өсіре алады.
XS
SM
MD
LG