Accessibility links

Дүниежүзілік денсаулық ұйымы мәліметіне қарағанда, беймәлім өкпе қабынуы дерті - САРС ауруы ауыздықталған.

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының ресми деректеріне қарағанда, беймәлім өкпе қабынуы дерті - САРС-тың беті әзірше бері қайтқан.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының жариялаған соңғы ресми деректеріне қарағанда, соңғы жылы әлемді әжептеуір дүрліктірген. САРС деп қысқартып айтылған өкпе қабынуының беймәлім бір түрі, әзірше, ауыздықталған.

САРС дертінен бүкіл жер шары елдерінде бәрі болып 800ден астам адам ол дүниелік болған. 8.500-дей адам ол ауруға кезіккен.

Өте жұғымтал болып келетін бұл ауру өткен жылдан бастап бір қатар елдерді шарлады. Оның аса қауыпты дерт екендігіне көзі жеткен адамдар бір шама әуре-сарсаңға түскендігі белгілі.

Алғаш Қытайда пайда болған ол ауру бірден Хоң Коңға өтіп, ол жерден 30 бағыттағы әуе қатынас жолдарымен бүкіл әлем бойлап жедел тарай бастады.

Халықаралық денсаулық ұйымының жұқпалы аурулар бойынша бөлімінің жауапты қызметкері Дик Томпсонның айтуынша, САРС өзінің ең қауыпты деңгейіне дейін көтеріліп, енді кері шегіне бастаған.

"Бірақ САРСтың жұқпалы вирустары адамдарда және аюанаттарда түгелдей жойылмағанынша, САРСтан құтылдық деу асығыстық болады. Ал әзірше , адамзат ол дерттен енд-енді арыла бастады. Ең маңыздысы – осы", дейді Дик Томсон.

Мамандардың анықтағанындай, САРС аса тез тарап, оны жұқтарғандардың кемінде 3 жарым пайызы өлімге кезігер екен. Дегенмен емделгендері тез айығатын сықылды. Бірақ антибиотик дәрілердің тигізер әсері шамалы көрінеді.

Томпсонның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық ұйымы САРС дерті жөнінде көптеген дерек-мәліметтер жариялап, ол аурудан сақтану жолында, дер кезінде пайдалы шаралар ұйымдастырып үлгірген.

Азиядан сыртқы аймақта, Канаданың ең үлкен қаласы Торонтода көбірек кісі шығыны болып, 250дей адам САРСқа кезігіп, 40тан астам адам ол дүниелік болған.

Ал Канадаға шегаралас жалғыз ел - АҚШта 70 кісі ол дертпен ауырғанымен, олардың бәрі сақтық шараларының арқасында, аман-есен емделіп шыққан.

Денсаулық ұйымының талабы бойынша, бір қалада 20 күн бойы ол дерт жөнінде мәлімет түспесе ол жер САРСтан ада деген шешім қабылданады.

Сонымен, САРСтан құтылды деген сау қалалар тізіміне алдымен Хоң Коң мен Қытай енген. Одан кейін олардың қатарына Торонто қосылса, ендігі кезек – Тайванға тиер, дейді Томпсон.

Бірақ дәрігердің топшылауынша, САРСтың вирустары алдағы күзде, қыста қайта пайда болуы да ғажап емес.

" САРС суық мезгілде, аязда кезінде ағзадағы короналды вирус арқылы тарауы ықтимал. САРСтың кең тарай бастағанына әлі бір жыл - төрт мезгіл уақыт түгел бола қойған жоқ. Сондықтан алда уақыт бар", дейді Томпсон

Оның айтуынша, зерттеушілер САРСты тезірек анықтай алатын тест тәсілдерін дамытып үйренуде екен.

Вашингтондағы Джордж Вашингтон университетінің Микробиология және тропикалық емдеу бөлімінің басшысы Питер Хоутестің тілшімізге айтуынша , вакцинамен емдеудің жаңа тәсілдері дұрыс нәтиже беретін түрі бар.

Хотестің хабарлауынша, АҚШтағы аурудың алдын алу орталықтары САРС вирусына қарсы күресе алатын вакциналарды дамыта алатын құжайра тапқан.

" Аз уақыт ішінде САРСқа қарсы күрес үшін қажетті емдеу жолдарын табу бұл - үлкен жетістік", дейді Питер Хотес.

САРС дертінен Азия елдері экономикасы айтарықтай көп зардап шекті. Әсіресе туризм-саяхат бизнесіне бұл дерт үлкен соққы болып тиген. Миллиондаған адам қызметсіз, жұмыссыз қалды, дейді зерттеуші мамандар.
XS
SM
MD
LG