Accessibility links

Сингапурдың индустрия және сауда министрі


Қазақстанда ресми сапармен жүрген Сингапурдың индустрия және сауда министрі Джордж Ео мырза дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметовпен, одан кейін республиканың сауда және индустрия министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесті.

Алайда, Қазақстан үкіметі мен республиканың сауда және индустрия министрлігінің баспасөз қызметтері осы кездесуге шақырған баспасөз құралдарының тізімінде «Азаттық» радиосы болмауы себепті есік көзіндегі күзет қызметкерлері «Азаттық» радиосының тілшілерін бұл кездесулерге жібермей қойды. Сингапурлық министрмен болған кездесуге мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметке жақын баспасөз өкілдері ғана жіберілді.

Қазақ ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, Қазақстанның бас министрімен кездесуінен кейін, Сингапурдың индустрия және сауда министрі Джордж Ео кездесу барысында «Қазақстан премьері Даниал Ахметов Сингапур компанияларын Каспий қайраңының қазақстандық бөлігін игеруге үлес қосуға шақырғанын» айтқан.

Бұдан өзге тілшілерге берген сұқбатында министр Ео қазіргі кезде Қазақстандағы «Ақтау теңіз кеме жайы» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп жатқан сингапурлық «Кеппель инжиниринг» компаниясынан сингапурлық басқа компаниялар үлгі алады деп сенемін» деген пікір айтқан. Сонымен бірге кездесу кезінде Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов экономиканың өзге де салаларына инвестиция салуға мүмкіндіктердің бар екеніне сингапурлықтың қонақтың назарын аударған. Сондай-ақ екі елдің арасында тікелей әуе байланысын орнату жайы сөз болып, Даниал Ахметов Сингапур компанияларын қазақстандық әуежайларды қайта құруға шақырды деп хабарлайды Қазақ ақпарат агенттігі.

Сол күні Сингапурдың индустрия және сауда министрі Джордж Ео Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақ үйінде басталған бизнес-форумның жұмысына қатысты. Онымен бірге осы форум жұмысына қатысу үшін Астанаға Сингапурдан бір топ бизнес өкілдері еріп келген болатын.
XS
SM
MD
LG