Accessibility links

Алматыдағы «Қазақстан 1» телерадиокорпорациясының ғимаратында өрт шықты


Шілденің 21-і күні таң ата Алматыдағы «Қазақстан 1» телерадиокорпорациясының ғимаратында өрт шықты.

Ғимараттың «Қазрадио» орналасқан бөлігі өртенген. Бұл туралы дүйсенбі күні Азаттық радиосына ҚР-ның төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінен хабарланды. Таратылған ақпаратқа қарағанда, таңғы сағат 4:45-те кешенннің күзет қызметінен өрт сөндіру қызметіне аталған ғимарат аумағында жалынды түтіннің пайда болғандығы жайлы хабар келіп түскен.

Ал 5:14-те өрт сөндірушілер ғимаратқа келіп жетіпті. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде, аумағы 400 шаршы метр болатын № 1 студия жалынға оранып үлгерген. Оны сөндіру үшін Өртке қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызмет Бас басқармасының 112 қызметкері мен 24 техникалық бірлігі іске жұмылдырылып, Сағат 9:30-да орын алған өрт сөндірілген. Өрттің себебі мен одан келген зиянның көлемі қазірде анықталу үстінде. Осы төтенше оқиғаға байланысты Республикалық «Қазақстан 1» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Тәуекел Сламбек 21- шілде күні журналистерге түсінік берді. Оның айтуынша, корпорацияның негізгі өндіріс орындарының бірі- кең көлемді хабарлар дайындайтын студия өртенген.

«Осының нәтижесінде, өкінішке орай, біздің шығармашылық, өндірістік мүмкіндіктеріміз тарылып отыр. Бірақ жаңа басталатан маусым қыркүйек айына дейін бұл ақауларды қалпына келтіру жағын қарастырудамыз. Ал шығын көлемін есептеу керек. Өйткені, ол студияда соңғы үлгідегі техникалар орналастырылған болатын. Өрттің орын алу себебіне келсек, сенбі мен жексенбі күндері онда ешкім жұмыс жасамаған. Сондықтан да бірінші болжам, электр қондырғыларының ақау бергендігінен болуы мүмкін. Бірақ бәрін де арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады» - дейді Республикалық «Қазақстан 1» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Тәуекел Сламбек.
XS
SM
MD
LG