Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Ақтөбе облысында оба ауруының тарауы мүмкіндігі туралы және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының соңғы санында саясаткер Дос Көшімнің “Үш жыл күткен нәресте шала туды”, Нәзира Байырбектің “Сен сайлауға қатыспасаң да, сайлау сенің өміріңе қатысады” және тағы да басқа авторлар мен редакция қызметкерлерінің мақалалары жарық көрген.

Газеттің бесінші бетінде журналист Айжан Көшкенованың мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдинмен жүргізген сұхбаты жарияланған. Серікболсын Әбділдин өз сұхбатында, оппозиция өкілі, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы, Ғалымжан Жақияновтың айналасындағы өрбіген соңғы оқиғаларға орай өз көзқарасын білдірген. Мәжіліс депутаты алдыңғы бейсенбіде Ғалымжан Жақиянов қамауда жатқан Құсмұрын түрмесінде болғандығын және әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару тергеу комитеті арнайы медициналық сараптама жүргізіп, Жақиянов өкпе ауруынан құлан таза деген сыңайдағы таратқан ақпаратына сенбейтіндігін тілге тиек еткен.

“Түрмедегі дәрігерлердің дәрежесі төмен, тексеру процестері ашық емес. Былтыр Ғалымжан Жақиянов қатты науқастанып ауруханада жатқанда да оны “сап-сау” деген жоқ па? Егер медициналық комиссия құрамында Жақияновтың жанашыр дәрігерлерінің бірі болса, дәрігерлік қорытындыға еш шүбә келтірмес едік. Осы сапарымда қостанайлық Татьяна Петрова деген білікті дәрігермен әңгімелестім. Сонда ол науқастың денсаулығын жан-жақты түбегейлі тексерудің қажеттігін айтты” дейді Серікболсын Әбділдин.

Газеттің жетінші бетінде Ресей білім академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы Б. Момынбаев пен философия ғылымдарының докторы С. Нұрмұратовтың “Ауылдағы демократияны өрбіту туралы” деп аталатын проблемалық мақаласы орын алған. Мақала авторларының айтуына қарағанда, ауылдағы әлеуметтік ахуалды құқықтық жағынан жеткілікті деңгейде реттеп отыру мәселесі әлі күнге дейін мардымсыз деңгейде болып отыр.

“Жас алаш” газетінің 22 шілде күнгі санында жарық көрген Баян Сәрсембинаның мақаласында таяу арада ақтөбелік дәрігерлерді дүрліктірген оқиға туралы баяндалады.

Мақала авторының айтуынша, Шалқар ауданынан жеткізіліп, облыстық темір жол ауруханасында аяқ астынан көз жұмған орта жастағы ер адамның өлімінің кесірінен облыс көлемінде төтенше жағдай жариялана жаздаған. Себебі, дәрігерлер тарапынан марқұм оба індетін жұқтырды деген қауіп айтылған. Шұғыл арада құрылған комиссия 10-11 шілде күндері қайтыс болған шалқарлықтың денесінде оба қоздырғыштарының бар-жоғын анықтау үшін жүргізілген лабороториялық тексеру нәтижелерінің ақырын күткен. Тексеру нәтижесінде марқұмның денесінде оба қоздырғыштарының жоқтығы анықталады. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысының бес ауданы оба ауруы таралу қаупі бар аймақтарға жатады. Дәрігерлер осы бес аудан аумағындағы дала тышқандары, тағы да басқа кеміргіштердің бойларында оба микробтары бар деген мәлімдеме жасапты.

“Егемен Қазақстан” газетінің 22 шілде күнгі санында Сұңғат Әліпбайдың “Қазыналы өлкенің басты теңіз қақпасы”, академик Кенжеғали Сағадиевтің “Дүниежүзілік сауда ұйымы: артықшылықтары мен абай болар жақтары” және тағы басқа саяси, рухани мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

“Парасат” журналының кезекті жетінші саны Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйымдастыруымен өткен “Ұлттық мәдениеттердің тарихи сабақтастығы” атты халықаралық форумнан жазылған Қ. Біләлдің мақаласымен ашылған. Махамбет Өтемісұлының туғанына екі жүз жыл толуына орай Сағатбек Медеубекұлының “Арғымақтан туған қазанат”, атты мақаласы да осы санда берілген.

Сонымен қатар журнал оқырмандары бұл саннан Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаймен болған сұхбатты, ақын Мінуәр Әкімхановтың өлеңдер топтамасын, Тынышбек Дайрабайдың Сыр ескерткіштері туралы жазған зерттеу мақаласын оқи алады.

“Экспресс К” газетінің 22 шілде күнгі санында жарық көрген Әлішер Елікбаевтың мақаласында “Қазақстан –1” мемлекеттік телеарнасындағы өрт апаты туралы баяндалады. Бейресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа жүгінсек, өрттің зардабынан “Қазақстан –1” мемлекеттік телеарнасына бір миллион доллар көлемінде зиян келген.

Мақала авторының айтуынша, “Қазақстан 1” телеарнасының басшылары өз қызметкерлеріне орын алған оқиға туралы, әріптестеріне өз болжамдарын айтуға тиым салған. Тек кешке ғана “Қазақстан –1” мемлекеттік телеаранасының басшылары баспасөз мәжілісін өткізген. Телерадикомпания басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Тәукел Ісләмбектің айтуына қарағанда, өрт құшағына оранған бірінші студияда “Бар мен жоқ”, “Ақ жүніс” хабарлары түсіріліп келген.

Сондай-ақ Әлішер Елікбаев өз мақаласында соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде “Қазақстан-1” мемлекеттік телеарнасында неше түрлі оқиғалардың орын алғандығын да тілге тиек етеді. Атап айтсақ, 1998 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері телерадиокомпанияның бас директоры Ермек Тұрсыновты тұтқынға алған болатын. Кейіннен Тұрсыновтың қылмысы дәлелденбегеннен кейін, оны босатып жіберген. Бүгінгі таңда Ермек Тұрсынов “Мегаполис” апталығын басқарады.

“Известия-Казахстан” газетінің 22 шілде күнгі санында жарық көрген Тимур Гадеевтің мақаласында “Аят” атты діни ұйымның басшысы Фархат Абдуллаев атты Қазақстан азаматының Ресей құқық қорғау орындарының назарына ілінгендігі туралы айтылған.

Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, Фархат Абдуллаев деген Қазақстан азаматы Ресейдің Новосибирск ауданында діни үгіт-насихат жұмысын жүргізумен айналысқан. Мақала авторының айтуынша, осыдан бірнеше ай бұрын Ресейге келген Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжа ауылының тұрғыны Фархат Абдуллаев әйелімен бірге өздері шығарған діни журналды таратумен шұғылданған. Сарапшылардың қорытындысына сүйенсек, аталмыш журналдағы денсаулықты жақсартуға қатысты айтылған кеңестердің бәрі де шын мәнісінде адам өміріне қауіп төндіретін көрінеді.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Аят” ұйымының мүшесі болған азаматтардың бірсыпырасы өз-өзіне қол салған, кейбіреулері ауырып жындыханаға түскен. Бірақ осыған қарамастан , Фархат Абдуллаев әлі күнге шейін ешқандай да жауапқа тартылмапты. Бүгінгі таңда Фархат Абдуллаев, Алматы облысында тұрып жатыр” дейді мақала авторы.

Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, ол өзінің емдеу жүйесінде дәріні қолданбай жазылуға болатындығын айтып үгіт-насихат жүрігізеді екен. Куәгерлердің сөздеріне сенетін болсақ, “Аят” ұйымының мүшелері өз басшысының бұйрығын орындап, оған бағынады. Ал, оны жақсы танитын азаматтардың айтуына қарағанда, автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істеген Фархат Абдуллаев кезінде ішімдікке салынған маскүнемдердің бірі болған.

“Казахстанская правда” газетінің 22 шілде күнгі санында Наталья Әбсаялмованың, Ғалия Шымырбаеваның және тағы да басқа редакция қызметкерлері мен авторлардың экономика, саясат, мәдениет тақырыптарына арналған мақалалары жарық көрген. Газеттің екінші бетінде Ұлттық Банктің төрағасы Григорий Марченко газет оқырмандары тарапынан қойылған көптеген сауалдарға жауап берген. Григорий Марченконың айтуынша, 2003 жылдың басынан бері Ұлттық Банктің алтын қоры 43,1 процентке өскен.
XS
SM
MD
LG