Accessibility links

Орыс тілінде жазатын журналистер қазақ тілін үйренуге кірісті

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Республикасындағы “Тілдер туралы” Заңды жүзеге асыруға байланысты Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі орыс тілінде жазатын журналистер үшін мемлекеттік тілді оқытуға байланысты курстар ұйымдастыруда.

Жалпы оқу барысында 64 дәріс беру көзделген. Бұл бастамаға “Руханият” орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы және Астана қалалық әкімшілігімен бірлесіп, қолдау көрестуде. Бұл туралы шілденің 22-де қала әкімдігінің баспасөз қызметінің бас маманы Айжан Жұмабаева хабарлады.

Журналистердің тарапынан сұраныс өте жоғары. Әсіресе, орыс тілді журналистер, өзге ұлт өкілдері көптеп тіркелуде. Осы “Руханият” арқылы дәріс берілсе, біз мемлекеттік тілді үйренер едік деп, журналистер ұсыныс айтты. Соның негізінде біз бастаманы қолдадық.

“Рахат” теле арнасының тілшісі Злада Волкова:

- Мен өзім орыспын, бірақ қазақ тілін оқып-үйренгім келеді. Хабарларды түсіруге барғанда қазақша айтылған сөздерді жеткілікті түсінбей жатамын. Сондықтан да оқып-үйренген дұрыс. Мен осы курсқа жазылдым. Менің бұл жұмысыма пайдасы тиеді деп ойлаймын, - деді .

Айжан Жұмабаеваның айтуынша, шілде айының соңына қарай журналистердің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге арналған арнайы курсы өз жұмысын бастайды. Журналистер үшін оқу тегін. Мемлекеттік тілді меңгеріп шыққандарға куәлік беріледі. Жалпы, “Руханият” орталығы Астана қаласының 13 мекемесімен келісім-шарттар жасап, 2001 және 2003 жылдар аралығында 161 қызметкерді оқытып шығарды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді жеделдетіп, оқыту әдістемесі бойынша Астана қаласының 128 мұғалімі куәлік алды.
XS
SM
MD
LG