Accessibility links

АҚШ әскери басшылығы Саддам Хусейннің ұлдары Қосай мен Ұдайдың өлімі туралы деректі нақтылады.


Олар Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласында өлтірілді. Жергілікті тұрғыннан мәліметтер алынғанан соң, американдық жауынгерлер Ұдай мен Қосай бекінген үлкен жеке үйді қоршауға алды. Шабуыл бірнеше сағатқа созылып, американдық жауынгерлердің төртеуі жарақаттанған.

Генерал Рикардо Санчес Бағдадта өткен баспасөз мәслихаты барысында американдық әскери басшылық ДНК құрамы әлі нақтыланбаса да, өлгендер Саддам Хусейннің ұлдары екендігіне күмән келтірмейді деген. Хусейннің ұлдарымен бірге тағы да екі адам өлген, олардың кім екендіктері әзірге белгісіз.

Қосай мен Ұдай іздеу салынып жатқан ирактық 55 басшының тізімінде 2-ші және 3-ші болып тұрған. Бұдан бұрын Саддам Хусейннің ұлдары жайында мәлімет берген адамға АҚШ олардың әр қайсысы үшін 15 млн доллар сыйақы белгілеген болатын.

"АҚШ Президенті Джордж Буш Саддам Хусейннің ұлдарының өлімін – Ирақтағы бұрынғы жүйенің қайтып оралмайтындығының нақты дәлелі деп атап көрсетті" деп хабарлады Ақ үйдің өкілі Скотт МакКлеллан

Арнайы мәлімдемеде Саддам Хусейннің ұлдары Ұдай мен Қосай ирақтықтарға қарсы жасалған көптеген қылмыстарға жауапты делінген. Америка-британия тарапынан құрылған Ирақтағы уақытша әкімшіліктің басшысы Пол Бремер Хусейннің ұлдары өлтірілген АҚШ әскерінің операциясын жоғары бағалады. Ол сондай-ақ, американдық әскерилерге жақын күндері тағы да шабуылдар көбейе түсуі мүмкін деп ескертті.

Азаттық радиосының Таяу шығыстағы тілшісі Сәбит Замадинүлы бұл оқиға жайында былай деп хабарлайды:

- Куәгерлердің айтуынша 6 сағатқа созылған кескілескен ұрыста Америка күштері әскери ұшақтардан бұл үйге 13 зымыран оғын атқан. Ұрысқа сонымен қатар 200-дей америка сарбазы қатысқан.

Бұл үй Кауафф Зейдан дейтін жергілікті бір тайпа көсемінің үйі болған. Осы аймақ тұрғындарының бірі бұл үйде бұрынғы президент Саддамның ұлдары жайғасқаны жөнінде хабар берген. Оқиғаға алғашқы пікірлер айтыла бастады. Американың одақтасы Британияның сыртқы істер министрі Джек Стро "Әкелерімен бірге Иарқ халқын қанап келген бұл екеудің өлімі, енді Ирақ халқын тыныштандыруға көмектеседі" деп мәлімдеген.

Саддам Хусейіннің қатыгездігімен аты шыққан үлкен ұлы Ұдай 1964 жылы туған Режим кезінде спорттық және жастар ұйымдарын басқарған, кейбір телеараналар мен басылымдарға иелік еткен. Соғыс кезінде федаиндердің басшысы болған. Ал кіші ұлы Қосай көбіне қауіпсіздік салаларында қызмет атқарған. Республика ұланы мен билеуші Баас партиясының жетекші орындарында болған жане әкесінің сеніміне ие болып, тақ мұрагері саналып келген болатын.
XS
SM
MD
LG