Accessibility links

Ирақтағы АҚШ қосындарының елге қайту мерзімі алыстай түсті


АҚШ Ирақтағы өз әскери қосындарының бұрынғы жоспарланған қайту уақытын одан ұзағырақ мерзімге созды. Мұны естіген американдық сарбаздардың көңіл-күйлері мәз емес.

Наурыз айының ортасында, АҚШ әскери басшылығы , бүкіл Ирақ енді біздің қоластымызда деп жариялаудан сәл алдында, АҚШ-тың 3-ші жаяу дивизиясы, "біз жақын уақытта елге қайтар кезде - Ирақ астанасы Бағдад арқылы өтетін боламыз" деп сарбаздардың көңілдерін бір көтеріп тастаған болатын.

Сол кезде АҚШ-тық полковник Джон Чарлтон "Солтүстікке бір жетіп алғаннан соң, біз өз жұртымыз Форт Бенниң мен Форт Стьюартқа қарай бет аламыз" деп мақтанған.

Полковник өзінің бұл сөздерін наурызда, Кувейт тарапынан Ираққа қарай өтер кезде айтқан еді. Бірақ Чарлтонның кейінірек тілшімізге мойындағанындай, ол кезде полковник жоғары қолбасшылық айтқан уәделерге сеніп қалған екен.

Міне енді, АҚШ өз одақтастарымен бірлесіп, Ирақты негізінен басып алғанына да, Саддам Хусейн режимі құлатылғанына да үш айдан астам уақыт өтті.

"Бірақ жеңіске жетсек, тез арада елге қайтамыз" деген мәлімдеменің әлі жақын арада іске асатындығы әзірше байқалмайды.

Соңғы кездері Ирақтағы жағдай нашарлай түскендіктен, Вашингтон ол елдегі қауіпсіздік шараларын одан әрі созуға бұйрық беріп отыр.

Тез арада үйге қайтамыз, деп үміттенген АҚШ қосындарына тұтқиылдан шабуылдар жасала бастады. Сондықтан ол сарбаздардың көңіл-күйі онша мәз емес деп хабарлайды тілшіміз.

Мамырдың бірі күні президент Буш жеңіске жеттік, деп жариялағалы бері 40 шақты сарбар өлтірілді. Ал көкектің 9-ы күні Бағдад орталығындағы Саддамның ескерткіші құлатылғалы бері АҚШ-тық 3-дивизия қосындары арасында қайту уақыты жақындап қалды деген жылы үмітке толы хабар тарай бастаған болатын.

Міне енді, 3-дивизия қолбасшылығынан хабарланғанындай, маусым айынан бері АҚШтық сарбаздардың көңіл-күйі ойдағыдай емес. Ал наурыз айының соңғы күні Бағдадтан жолдаған бір хабарында тілшіміз Рон Синович ол кездегі жағдайды былайша суреттеген болатын.

"Американ әскерлерінің көңіл-күйі - жоғары. АҚШ армиясы алға басып келеді. Ал егер олар тек қана Бағдад маңайында тағы да екі айға қалып қоятын болса, онда жағдай қиындау болатын еді", - деп хабарлаған .

Ал, маусым айының басында 3-дивизия қолбасшысы генерал Блаунт, АҚШ Қорғаныс министрлігі Ирақта бұрын жоспарланғаннан көбірек әскер ұстайды деді.

Қазіргі кезде Ирақта 146 мың американ сарбазы бар. Генералдың айтуынша, он мыңдаған әскері бар 3- дивизия Парсы аймағында, кемінде қыркүйектің соңына дейін қалатын болады.

Өткен аптада Пентагоннан хабарланғанындай, бұл дивизияның бірнеше мың сарбазы Ирақта беймәлім мерзімге одан әрі қалатын болады. Дегенмен, генералдың айтуынша, әскерлердің көңіл-күйі онша жаман емес көрінеді.

- Кімнің үйге қайтқысы келмейді дейсіз. Мен де өз отбасымды сағындым. Бұл әскерлер мұнда кемінде он ай болды. Олар жарты жыл бойы шөлді далада қиын дайындықтан өтті. Олар осы кезге дейін пайдалы жұмыс атқаруда. Біз олардың жағдайының дұрыстау болуына көңіл бөлудеміз. Оларды елге тезірек қайтарсақ дейміз, бірақ әле атқарылар міндеттер баршылық, - дейді генерал Блаунт.

Бірақ, генерал Блаунттың айтқанымен келісе бермейтіндер де бар. Сержант Слагоның Рейтер тілшісіне айтқанындай, АҚШ әскерлері шаршаған.

- Жігіттер мұнда көп жүріп қалды. Олардың қажығандығын байқауға болады. Олардың шаршағандығы соншалық, жараланбай, аман-есен үйге жетсек деп армандайды, - дейді сержант.

Ал келесі бір сержант Ерик Райттың айтуынша:

- Пәлен күні қайтамыз дейді де, одан әрі соза береді. Түрлі қауесеттен шаршадық. Бір күні бастығымыз бізге мұнда көп болса екі, екі жарым ай ғана боламыз деп те жариялады, - дейді екінші сержант.

Дивизияның 2-бригадасынан бірнеше сарбаз теледидардан өз шағымдарын айтқандары үшін басшылықтан ескерту алған.

Фаллужа қаласында қауіпсіздік күзетінде жүрген 2-бригадаға Баас партиясына жақтас қарулылар тобы жиі шабуыл жасап тұрады.

Бір аса ренжулі сарбаз ЭйБиСи теледидарына:

"Егер Доналд Рамсфельд Ираққа келіп мұндағы жағдайды өз көзімен көрсе, өз қызметінен кетуге өтініш берген болар еді", - депті.

Оны естіген генерал Джон Абизаид Пентагон брифингі кезінде, "АҚШ әскери формасындағы сарбаз қорғаныс министрі немесе президенті жөнінде ондай намысқа тиетін сөз айтуға құқығы жоқ" деген.

- Біз - маман әскерлерміз. Қойылған миссияны атқару – біздің негізгі міндетіміз. Ал , ол – Ирақтағы тұрақтылық жағдайы, - деген генерал .

Джон Абизаидтің айтуынша, әскери басшылықтың жұмысына орай сыни пікірлер айтқан сарбаздарға ең кемінде ескерту жасалады.
XS
SM
MD
LG