Accessibility links

Қазақстан астық экспорттаудан 5-орынға көтерілуі мүмкін

  • Мартбек МЕКЕНТАЙҰЛЫ

Париждегі Дүниежүзілік астық жөніндегі кеңестің мәлімдеуінше, Қазақстан биыл астық экспорттаушы мемлекеттер арасында 5–ші орынға көтерілуі мүмкін.

Еуропа елдерінің көбінде өткен қыстың ауа-райының қолайсыз болуы және жаз айларының шамадан тыс ыстық болып тұрғандығы әлемдегі астық дақылдары нарығын бақылаушы халықаралық ұйымның осындай болжам жасауына негіз болса керек. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметкері Тілеукен Тілеубердіұлының айтуынша, Қазақстан 2003-2004 жылдарда шет елдерге 5 миллион 5 мың тонна астық шығармақ.

Бүгінгі күнге дейін Еуропалық одақ мемлекеттері мен Солтүсік Африка және Орта Азия елдерінің бірқатарынан Қазақстан астығын сатып алуға сұраныс түсіпті. Биылдың өзінде 38 мемлекетке 3 миллион 427,3 мың тонна сатылған. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында Әлемдік астық базарындағы Қазақстаннның бәсекелестері Ресей мен Украинаның өзі биыл Қазақстаннан бидай сатып алуға мәжбүр болған. Мысалы, Ресей 480 мың тоннадан астам, ал Украина 390 мың тоннаға жуық астық сатып алған.

Дегенмен, Қазақстанның Орталық және Солтүстік аймақтарында биылғы жаздың жауынды-шашынды болуынан егіннің піспей қалуы да мүмкін деген болжам бар. Мұның сыртында егіндіктердің өсімдік ауруларына ұшырау қаупі жоғары. Мәселен, Қазақ ақпарат агенттігі Ақмола облысының астық дақылдары себілген 722 мың гектар егістігі септориоз бен қоңыр татты қоздырушылармен зақымдалғанын хабарлады.

Осыған байланысты облыстың тоғыз ауданында төтенше жағдай жарияланып, 1 миллион 800 мың гектар егіс алқабын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жауын-шашынның жиілеуі аталған аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызып отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG