Accessibility links

Қазақстандағы мәслихат сайлауына түсушілерге Украинаның қоғам қайраткерлері дәріс беруге келді


Семей қаласында АҚШ-тың халықаралық Республикалық институтының Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастырумен «Мәслихат депутаттарын даярлау» тақырыбында семинар өтті. Бұл халықаралық институт коммерциялық мүддені көздемейтін, ешбір саяси партияға бүйрегі бұрмайтын бейтарап ұйым болып табылады.

Оның мақсат-ұстанымы - әлем елдерінде демократияның салтанат құруына атсалысу. Қазақстанда биылғы жылдың қыркүйек айының 20-сына белгіленген жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар сайлауына түскелі отырған үміткерлерге арналып өткізілген осы жолғы семинарды өткізуге Украинадан келген қоғам қайраткерлері де қатысты деп хабарлады бейсенбі күні радиомызға Семей қаласынан хабарласқан жергілікті журналист Рыскүл Айткәрімқызы.

Рыскүл Айткәрімқызы, журналист, Семей: - Ұйым бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған елдер iшiнде Грузия, Өзбекстан, Белорусь, Әзiрбайжан, Украина, Ресей және Қазақстанда демократияны дамытуды көздейтiн бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бағдарламалар негiзiнен саяси партияларды құру және олардың қызметiн жолға қою, партия тұғырнамасын дамыту, саяси компанияларды өткiзу, партиялар мен үкiмет өкiлдерiн оқыту, демократиялық басқару және демократиялық бiлiм берудi қамтиды.

Семинарды Украинаның Жоғары Кеңесiнiң үшiншi шақырылымының депутаты Елена Бондаренко жүргiздi. Оның айтуынша Украинада мұндай семинарлар 7 жылдан берi өткiзiлiп келедi, сондай-ақ, жастар арасындағы белсендiлер мен жергiлiктi Кеңес депутаттарымен жұмыс iстейтiн бағдарламалар жолға қойылған. Семинардың жаттықтырушысы Е.Бондаренко «мұндай семинарларды өткiзудiң мақсаты – ең алдымен халықты демократия жағдайында өмiр сүруге үйрету, яғни, өз құқықтары мен заңдарды бiлуге, сайлау науқандарына дұрыс қатысуға үйрету» екендiгiн айтты.

Семинар барысында сайлау кампаниясының стартегиясы, үмiткер беделi, үмiткердiң БАҚ-мен жұмысы жайлы айтылды. Семейден өзге мұндай семинарлар Алматыда және Көкшетауда өткiзiлiптi, ендi Шымкентте өтпекшi. Семейдегi семинарға Қазақстан Коммунистiк партиясының, Демократиялық Таңдау қозғалысының жергiлiктi ұйымдары және «Поколение» қоғамдық қозғалысының мүшелерi қатысты, - дедi журналист Р.Айткәрімқызы.

Семейлік журналистің айтуынша, қазіргі кезде Семейдегі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар алдағы мәслихат сайлауына жан-жақты дайындалып жатқанға ұқсайды. Оппозициялық ұйымдар осы сайлауға күш біріктіріп түсуге шешім қабылдаған. Семейдегі оппозициялық топтардың орталығы саналатын «Демократия Үйі» жақында Семейдің Ертіс өзенінің сол жағалауындағы бөлігінен осы тәріздес жаңадан тағы бір шаңырақ көтерген. Оппозициялық күштер өкiлдерi бұл сайлауды өз ұйымдарының мақсатын халық арасында насихаттауға пайдаланып қалуды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG