Accessibility links

Aуғанстанның кейбір провинцияларында мектептер жабыла бастады.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх провинциясында 180-дей мектептің жабылып жатқандығы жөнінде аймақтық білім беру департаменті жариялап отыр.

Балх провинциясындағы 180-ге жуық мектептің жабылуы кесірінен төрт мыңдай мұғалім мен мектептердің басқа да қызметкерлері жұмыссыз қалып, 170 мыңнан аса оқушының білім алуы үзіліп қалатын сыңайлы. Талибан билігі құлатылғаннан кейінгі кезеңде қол жеткізілген ең басты жетістік - елдің барлық түкпілерінде мектептердің қайта ашыла бастағаны еді.

Енді міне оқытушыларды да, оқушыларды да бірдей қуанышқа бөлеген осы бір қымбат сәттер қайтадан ренішті кезеңдермен алмасатын түрі бар. Он жылдан аса уақыттан бері оқу бетін көрмеген қыз балалардың мектеп табалдырығынан аттауы деген ұлан- ғайыр қуаныш болған-ды. Тұтас ел бойынша бес миллион бала білім алу мүмкіндігіне, ал оқытушылар өздерінің сүйікті кәсіптерімен қайта айналысуға мүмкіндік алған болатын.

Әрине, мектеп құрал-жабдықтарының тапшылығы да, оқытушылардың бірнеше айлап жалақыларына қол жеткізе алмауы да осы бір игілікті іс жолында жүргендер үшін үлкен кедергідей көрінбеуші еді. Себебі олар елдегі жағдай біртіндеп түзеліп кетер. Бәрі де жақсарар деген үміт қайығына мінген болатын. Ал, жоғарыдағы хабарларға қарағанда, Балх провинциясының мұғалімдері үшін жағдай одан бетер нашарлай түсетін түрі бар.

Балх аймағындағы Білім беру департаментінің басшысы Юсуф Рахманидің сөзіне қарағанда ,Ауғанстан Білім беру министрлігі тарапынан провинциядағы мектептердің жартысынан көбін жабу жөнінде нұсқау келген екен. Бұл жағдайға байланысты провинциядағы барлығы 6 мың 700 мектеп қызметкерінің ендігі жерде 4 мың бір жүзі жұмыссыз қалмақшы.

Мектептердің жабыла бастауын аймақтағы ресми тұлғалар қаржының тапшылығымен түсіндіруде. Мысалы, осы Балх провинциясындағы қалып отырған 166 мектептің кластарында балалар қалыпты жағдайдан екі еседей көп болуда. Ауғанстан Білім беру министрлігі әр класта ең көп дегенде 40-тай ғана оқушы болсын деп шектеу белгілегенімен, шынтуайтына келгенде әр класта 60-қа жуық бала білім алып жатыр. Қаржылық жағдайдың нашарлығынан мектептер көбінесе нашар үйлерде, тар ғимараттарда орналасқан. Кейбір аймақтарда мектептер шатырлар ішінде, тіпті ағаштың көлеңкесінде де сабақ өткізе береді.

Ал, Ауған Білім беру министрлігі ресми тұлғаларының сөзіне қарағанда, елдегі ешқандай мектептерді жабу жөнінде жоспар болмаған. Балх және басқа да провинцияларда қалыптасып отырған жағдай, ол жергілікті білім беру департаменттері мен министрлік арасындағы түсініспестіктен орын алған боп отыр.

Білім министрінің орынбасары Забехуллах Есмати бұл жөнінде: “Білім беру министрлігі ешқандай мектепті жауып отырған жоқ. Сондай-ақ қандай жағдайда да ондай қадамға баруға ықыласты емес. Оған керісінше, біз болашақта екі жарым мың жаңа мектептер ашуды жоспарлап отырмыз. Балх және Забул провинцияларындағы жағдай түсінбестік кесірінен орын алып отыр”-, деді.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы кейбір провинцияларда ел министрлігіне хабарланбастан жаңа мектептер ашылып, ал бұрыннан бар мектептер одан әрі кеңейтілген екен. Мұндай жағдайлардан бейхабар министрлік өзінің жылдық бюджетін бекіткен кезде, әрине тізімде жоқ әлгі мектептерге тиесілі қаржыны қарастырмаған. Мұндай келеңсіз жайттар, ол оқу орындары тіркелуден өтісімен, тез арада шешілетін болады деген министрдің орынбасары.

Бұл елдегі оқу жылы наурыз айында басталады. Осы аралықтың өзінде әлі жалақысын көрмеген оқытушылар бар. Алайда олар ел болашағының жақсаратындығына деген үлкен үмітпен жұмыстарын жалғастыруда.
XS
SM
MD
LG