Accessibility links

Иран "Әл-Қаида" басшыларын ұстап отырғанын айтады


Иран көршілес Ауғанстанда Талибан жүйесі құлатылған соң қашып шыққан Әл-қаида ұйымының бірнеше басшы тұлғаларын ұстап отырғандықтары жөнінде бірінші рет мәлімдеген.

Азаттық радиосының тілшісі Чарлз Рекнагел қасиетті Эндрю университетінің халықаралық терроризм жөніндегі сарапшысы Паул Вилконсонмен Иранның қолында отырғандар кімдер, оларды сот жауапкершілігіне тарту үшін басқа елдерге жіберудің мүмкіндіктері деген сауалдар төңірегінде сұхбаттасқан еді.

Иранның барлау министрі Али Юниси Техранда журналистер алдында Талибан жүйесі билік басынан кетірілгелі бері біз Әл-қаида адамдарының көпшілігін тұтқынға алған болатынбыз. Олардың бірқатары жойылды, ал енді біршамасы бізде қамауда отыр, олардың арасында басшылары да , жәй қатардағы адамдар да жеткілікті деген. Дегенмен де ол тұтқында отырғандардың кімдер екендігін атап айта қоймаған.

Шотландиядағы қасиетті Эндрю университетінің терроризм мен саяси зорлық-зомбылықтарды зерттеу орталығының төрағасы Паул Вилконсон бірқатар уақыттан бері Батыстың барлау көздерінің Әл-қаида ұйымының кейбір маңызды тұлғалары мен қатардағы жауынгерлерін Техран тұтқындап ұстап отыр деген ойда болып келгендігін айтқан. Ол сондай-ақ халықаралық террор сарапшылары арасында онша кең тарала қоймаған, бірақ олардың кімдер екендігін бағамдап, болжайтындай біркелкі пікірлер бар деген.

- Олардың бірі- аты қайта-қайта аталып жүрген Әл-қаиданың өкілі Сулайман Абу Гайт, ол Әл-қаидадағы екінші басшы Айман Әл-Зауариге өте жақын болғандықтан да, жетекші тұлғалар қатарында саналып келген, - деген сарапшы өз болжамын әрі қарай былайша жалғастырады.

- Сондай-ақ Айман Әл-Зауари де Иранның қолында ұсталып отыр деген қауесеттер болған. Бірақ бұны дәлелдейтіндей деректер болмаған, расында ол қауесеттінң шындыққа жанаспайтындығын, Әл-қаиданың Әл-жазира және басқа БАҚ-на берілген кейбір видеотаспаларында Айман Әл-Зауаридің болғандығы көрсеткен. Менің ойымша Зауари әлі де Әл-қаиданың басшылығында маңызды тұлғаның қатарында жүрген болу керек, - деген талдаушы Вилконсон.

Батыстың жаңалықтар агенттіктері ұсталып отырғандардың ішінде Әл-қайданың қауіпсіздік жетекшісі Сайф Әл-Адел болуы мүмкін деген де ойлар айтқан.

Иран үкіметінің бұл мәлімдеулері Иран Әл-қаиданың адамдарына баспана беріп отыр ма, болмаса оларды жау есебінде іздестіруде ме деп көптен бері айтылып келе жатқан жәйттерге байланысты ең соңғы жаңалық болып отыр.

Вашингтон Иранды Әл-қаиданың жауынгерлеріне меймандостық танытып келеді деп бірнеше мәрте айыптаған болатын. Осы аптада АҚШ президенті Джорж Буш Иран Сирия мемлекеті сияқты терроршыларға пана болып отыр деп айтты. Буш сонымен қатар террорға қолдау көрсеткен мемлекеттер ол үшін жауап беретін болады деген.

Вашингтон бұдан бұрын, 12 мамырда Сауд Арабиядағы Әр-Риядта 34 адамның өмірін алып кеткен, тұрғын ауданға жасалған жанкештілік бомба жарылысын ұйымдастырған Әл-қаида деген айып таққан болатын.

Алайда Техран Иран шекарасынан өткен Әл-қаиданың әрбір мүшесін ұстап тұтқындап , елден шығарып жіберіп келгендіктерін айтқан. Осы жылдың бас кезінде Иран Әл-қаиданың 500- ден астам адамын ұстап, оларды өз елдеріне - Араб , Африка жане Европа елдеріне жібердік деп малімдеген болатын. Десек те, Вилконсон халықаралық сарапшылар Иранның Әл-қаидаға қарсы қимыл-әрекет еткеніне күмәнмен қарайды деген пікір айтады. Вилконсонның айтуынша Иран үкіметі Әл-қаидаға деген қарым-қатынастарына байланысты екі жікке бөлінген болуы мүмкін. Ол Иранның консерваторлары Вашингтонға қарсы одақтас ретінде Әл-қаидаға жақтастық ниет танытатын болу керек, ал реформашылар бастаған Иранның атқарушы саласы Әл-қаидаға жаулық көзқарас-пиғылда деген ойды айтады. Сарапшы Вилконсон Иранның сот билігі және қауіпсіздік саласында көпшілік болып табылатын консерваторлар алғашқы кезде Әл- қаидаға аздаған ғана жақтастық ниетте болған, өйткені Техран мен Талибанның арасында шиит жане сунит мұсылмандарына қатысты келіспеушіліктер болатын дейді.

- Әл-қаидаға келетін болсақ, оның басшылары мен мүшелерінің негізгі бөлігі суниттер болса да, ұйымда шииттер мен суниттер тармағындағы келіспеушіліктерге көзжұма қарау мақсаты бар. Басқаша айтқанда , бұл бүкіл мұсылман әлеміне қаратылған, барлық мұсылмандарды қасиетті соғыс жолында топтасуға шақыру. Міне осы тұрғыдан алғанда Ирандағы консерваторлар Әл-қаиданы өздеріне идеологиялық жағынан жақындау деп білетіндігін дәлелдеуге болады, - дейді Вилконсон.

Ал бір кереғарлығы, Иранның реформашылары болса, Әл-қаиданы Иранның Европа одағымен сауда қарым-қатынастарының дамуына кедергі келтіруші деп санайды деп атап көрсетеді талдаушы.

Иранның өзінің Әл-қаиданың адамдарын ұстап отырғаны жөнінде неге жариялағанының себебі белгісіз. Бірақ та бұл мәлімдеулер Техранның БҰҰ-ның қару инспекторларымен ядролық қаруы бағдарламасының жоқтығы жөнінде белсендірек, ынтымақтаса жұмыс істеу қажеттігі турасындағы халықаралық қысымға тап болып отырған кезінде жасалды.

Халықаралық террорға қарсы күресте бірлік таныту Техранның америка сынынан құтылуына жол ашуы да мүмкін. Әзірге Иран үкіметінің Әл-қаиданың бірқатар маңызды тұлғалары мен қатардағы адамдарын ұстап отырмыз деген бұл мәлімдеулері Вашингтон мен Техранның арасында жалғасып жатқан даулы пікірлерге тигізген әсері аздау.
XS
SM
MD
LG