Accessibility links

«Солидарность» Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

«Солидарность» жұмысшы қозғалысының өкілдері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді

Жұма күні Республикалық халық партиясының кеңсесінде Қарағандыдан келген «Солидарность» жұмысшы қозғалысының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Онда жұмысшы қозғалысының өкілдері өздеріне жергілікті биліктің көрсетіп отырған қысымы, қарапайым жұмысшылардың еңбекақыларын уақытында ала алмай, сол үшін шерулер ұйымдастырып, өз құқықтарын қорғау бағытында күресіп жүргендерін айтты.

Қарағанды аймағындағы Жұмысшы қозғалысының Сәкен Жүнісов, Рамиль Мингазов, Рүстем Жүнісов секілді лидерлері 2001-2002 жылдардa Қарағандының банкротқа ұшырады деп жойылған бірқатар кәсіпорындарынан 140 миллион теңге қарыздарын өндіріп алды. Бұл Қазақстанда болмаған оқиға еді. Сол үшін де жоғарыда аттары аталған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

2003 жылғы 20 қаңтарда Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық соты Сәкен Жүнісовті үш жылға бас бостандығынан айырды, сондай-ақ оның ұлы Рүстем Жүнісов те үш жылға сотталды.

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Қарағандыдағы «Солидарность» жұмысшы қозғалысының өкілдері Рамиль Мингазов пен Әлнұр Құрманов айтып өтті.

Ал Қазақстан Демократиялық күштері форумы тең төрағаларының бірі Әміржан Қосанов осы мәселеге орай жұмысшы қозғалысы жетекшілерінің қызметіне қарсы жергілікті басшылар қоқан-лоқы көрсетіп, арандату әрекеттерін жалғастыруда дегенді айтты.

- Осындағы азаматтар жұмысшылардың қарызын өндіріп алуда үлкен жетістіктерге жетті. 140 миллион теңгенің қарызын өндіріп алу деген зор жетістік. Әрине, осындай жігітерді халық қолдайды, ал керісінше, билік басындағылар оларды жек көреді, - деді Ә.Қосанов.

«Солидарность» жұмысшы қозғалысы Қазақстан демократиялық күштері форумының толыққанды мүшесі. 1999 жылдан бері әртүрлі саяси акцияларға белсене араласқан жұмысшылар құқын қорғаушы азаматтарға халық қолдау көрсетіп отыр деген пікір айтылды баспасөз мәсихатында.

Демократиялық күштер форумы өкілдері болса, осы мәселеге орай заңгерлермен сөйлесіп, жағдай барысын дамыған демократиялық елдердің үкіметтеріне және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына жеткізіп жатқандарын айтты.
XS
SM
MD
LG