Accessibility links

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Әл-қаида террорлық жүйесімен байланысты 19 терроршы реактивті төрт ұшақты пайдаланып, Нью-Иорк пен Вашингтон және Пенсальвания штатында террорлық шабуылдар жасап, 3 мыңға жуық адамның өмірін алып кеткен болатын. Осыдан бір күн бұрын АҚШ Конгресінің қос палатасының арнайы комитеті Американың барлау агенттіктері не себепті бұл қастандықтардың алдын-ала алмады деген зерттеулер жинағын жария етті.

Америка Конгресі жариялаған бұл зерттеулерде егер АҚШ-тың түрлі барлау агенттіктері өздеріндегі ақпарат-деректерді бір-бірімен алмасқан, бірін-бірі хабардар еткен болса, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдарды болдырмай, оны көздеген мақсатына жеткізбеудің шараларын қарастыруға болар еді делінген.

Конгрестің Сенаты мен Өкілдер палатасында арнайы құрылған бірлескен комитет 900 беттен тұратын бұл зерттеулерді жұма күні жарыққа шығарды. Дегенмен де онда қыркүйек шабуылдарын болдырмау Орталық барлау қызметі мен Федералдық барлау басқармасы арасындағы байланыстар әлсіздігінен мүмкін болмай қалды деп тікелей айтылмаған. Бірақ та топтың кейбір мүшелері агенттіктерді кінәлаған өз ойларын баяндаған.

Зерттеулердің жарық көруіне орай өткізілген баспасөз-мәслихатында Сенаттың барлау комитетіндегі азшылық демократтардың аға өкілі, флоридалық сенатор Боб Грэм егер ұлттық барлау агенттіктері мен заңдық атқару орындары жақсы ынтымақтастық жағдайында жұмыс істеген болса, 3 мыңдай жазықсыз жанды қастандық шабуылдардың құрбандығы болдырмауға мүмкін болар еді дегенге сенімділігін айтқан.

- Егерде шығармашылықпен , кәсіби шеберлікпен жұмыс істеп, барлық қимыл-әрекеттерді үйлестіре білгенде, 11 қыркүйек шабуылдарының алдын алуға болушы еді, - деп атап көрсеткен сенатор Боб Грэм.

Сенаттың барлау комитетінің төрағасы Ричард Шелби де, дәл осындай тұжырым жасаған, дегенмен де ол көрегендік жасалмады деп сенімді түрде айып тағудан сақтандырды.

- Барлау қызметтері бір-бірімен жақсы байланыста, ынтымақтастықта жұмыс істеген болса, мүмкін жағдай басқаша болар ма еді. Біз мұны білмейміз. Бұл алдын болжай алмаушылық болды. Алайда біз өткеннен сабақ алудамыз, егер сабақ алмасақ, ол жәйттер қайталанатын болады. Мен біздің агенттіктер үшін мұның бәрі жақсы сабақ болды ғой деп үміттенемін, - деген Ричар Шелби.

Қалай болғанда да олардың екеуі де бұл оқиға турасында Орталық барлау басқармасы мен Федералдық барлау қызметі және Ұлттық қауіпсіздік агенттіктерінің көптеген кінә-кемшіліктері болғанын жоққа шығармайды.

Орталық барлау қызметі тек шетелдік барлау деректерін жинақтаумен шектеледі. Федералдық барлау қызметі болса, АҚШ-тың өз ішіндегі мәлімет деректермен ғана шұғылданады. Ұлттық қауіпсіздік агенттігі болса, бұл екі барлау қызметінен тәуелсіз, жоғары техникалық жабдықтардың көмегімен өз алдына жеке мәліметтер жинайды.

Хабарламада жазылғанға сәйкес, осы аталған барлау қызметтері мен агенттіктің әрқайсысында Осама бен Ладеннің Әл-қаида террорлық жүйесі АҚШ-қа қастандық шабуылдарын жоспарлап, дайындап жатқаны жөнінде жеткілікті дерек-мәліметтер дер кезінде болған.

Мәселен зерттеулер жинағында агенттіктердің әрбірінде 11 қыркүйекте Пентагонға барып соғылған ұшақта болған екі бомбашабуылшысы Халид әл-Миндар мен Науаф әл-Хазми жөнінде деректер жеткілікті болғандығы жазылған. Бұл екеуінің елдің ішіне кіргенін Федералдық бюроның қызметкері білген, бірақ та олардың Әл-қаида террорлық ұйымымен байланысы бар деп күдіктелетіні жөніндегі өздеріндегі бар мәліметтерді Орталық барлау қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Федералдық бюромен бөліспеген, соның салдарынан да барлаушылар терроршылардың 11 қыркүйектегі жоспарын білу мүмкіндігін өткізіп алған деп жазылған хабарламада.

Бұл Орталық барлау басқармасы мен Федералдық барлақ қызметінің бір-бірімен ақпарат-мәліметтерді алмаспайтындығы турасында сыналып отырғаны бірінші рет емес. Вашингтондағы Американың тарих университетінің профессоры Анна Нельсонның айтуынша бұл екі мекеме бірлесіп, ынтымақпен жұмыс істейміз деп, бірнеше мәрте уәде еткендеріне қарамастан, әрқайсысы өздеріндегі ақпараттарды қызғанышпен жасыратын әдеттерінен арылмаған.

- Біз зымырандардан қорқушы едік, ядролық бомбаларға алаңдайтынбыз. Бірақ оларды тыңшы ұшақтармен немесе спутниктермен көріп барлап отыруға болатын. Біздің ендігі жағдайымызда жаудың белгілі бір құрылымы жоқ, ол сенің кез келген тұсыңнан шабуылдай алады. Мен барлау агенттіктері оларға қарсы лайықты әрекетті үйлестіруге қабілетті деп ойламаймын, - деп атап көрсеткен Анна Нельсон.

Жұма күні бұл зерттеулердің тек 80 проценттейі ғана көпшілік алдында жария етілген. Ал қалған 20 проценті бұл деректерді жинақтап жазуға қатысқан басқа елдердің үкіметтерімен, оның ішінде Сауд Арабиясы сияқты елдердің өкілдері алдында талқыланбақшы.

Дегенмен де, Конгрестің Өкілдер палатасы барлау комитетінің төрағасы Портер Госс қастандық шабуылдардың алдын-алуға болар еді деп айтылған мұндай ойлармен оншалықты келісе бермейтіндігін айтқан.

11 қыркүйектегі террорлық шабуылдарға бұдан басқа да бір топ тексеру-зерттеулер жүргізуде. Бұл бұрынғы республикандық губернатор Томас Кеан жетекшілік ететін қоспартиялы комиссия, олардың зерттеу нәтижелері тек алдағы жылы жарық көруі мүмкін.
XS
SM
MD
LG