Accessibility links

10 мың теңгелік қағаз ақшаның айналымға енді

  • Сәуле ОМАР

Қазақстанда 10 мың теңгелік қағаз ақшаның айналымға енгізілуі – ел экономикасындағы оңды өзгерістердің дәлелі, дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстанда 10 мың теңгелік қағаз ақшаның айналымға енгізілуі – ел экономикасындағы оңды өзгерістердің дәлелі. Бұл - 28-шілде күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың білдірген пікірі.

Марченконың айтуынша, ҚР Ұлттық банкі дүниежүзінде қалыптасқан үрдіске сәйкес, айналымда жүрген деноминациялық қатардағы қағаз ақшалардың ең жоғары номиналы айлық орташа жалақының жартысына тең болуы тиіс деген принципке бағынады. Қазір Қазақстандағы орташа айлық жалақы мөлшері 22 мың теңгеге тең.

"Егер біраз уақыттан кейін еліміздегі орташа айлық жалақы көлемі 40 мың теңгеден арту ағымы тұрақты қалыптаса бастаса, онда айналымға 20 мың теңгелік қағаз ақшаның енгізілуіне дайындала беру керек" дейді Григорий Марченко.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жоғары номиналды қағаз ақшаны шығару - айналымдағы ақшаның көлеміне әсер етпейді, ол тек деноминациялық қатардағы құрылымның өзгеруіне ғана алып келеді.

Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, қазір республикада ұлттық валютаға деген сұраныс артып, соған сәйкес шетелдік валютаға деген сұраныс азая түскен. Атап айтсақ, биылғы жылдың бірінші жартысында екінші деңгейдегі банктердің шетелдік валюта сатудан тапқан пайдасы жалпы түсімнің 28 процентін құраса, 2002-жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 23 процентке тең болған.

Бұдан бұрын хабарлағанындай, 2003-жылғы жаңа үлгі бойынша жасалған 10 мың теңгелік қағаз ақша Қазақстан аумағында 28-шілдеден бастап айналымға енгізілді. Бұған дейін ең жоғары номинал 5 мың теңгені құраған. Жаңа қағаз ақшаның ерекшелігі, тұңғыш рет ақшаның өңінде көгілдір және көк түстер басым, сондай- ақ, оның бетіне Қазақстан контуры мен туы бейнеленген.
XS
SM
MD
LG