Accessibility links

Қазақстанға жасөсіпірімдер істерімен айналысатын әділет жүйесі қажет

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан бала құқының сақталуы жөніндегі халықаралық конвенцияға 1994 жылы қосылды.

Талап бойынша конвенцияның орындалуы туралы оған қосылған мемлекет есеп беруі тиіс. Қазақстандық делегация өз тарапынан осы рәсімді орындау мақсатында маусымның 4-і күні Женева қаласында болып қайтқан еді.

Есеп беру барысында БҰҰ-ның балалар құқықтары жөніндегі комитет Қазақстандағы бала құқын қорғау мәселесін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты,-дейді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Азаматтық хал-актілерін жазу бөлімінің бастығы Зайда Нұрабаева.

Өйткені, Қазақстанның ұлттық есебін тыңдауға БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетінің басым көпшілігі қатысып, көп сұрақ қойған.

Балалар құқықтары жөніндегі комитеттің құрамы 18 адамнан тұрады. Олар әр мемлекеттен, өздерінің саласы бойынша үлкен білімдері бар. Осы саладағы мәселені өте жетік біледі деп айтуға болады. Біз есеп берген күні комитеттің 18 мүшесінің 17-сі қатысты. Оның алдында Серияның есебі тыңдалғанда 7 адам ғана болған. Біздің түсінуімізше, бұл Қазақстанды білсек деген қызығушылық екен. Қазақстанда жасалып жатқан жұмыстарға жаман баға берілді деп мен айта алмаймын. Өте жақсы баға берілді деп айтуға болады. Оны біздің делегацияның алған сұрақтарына қарай бағалауға болады. Біз бір күннің ішінде 200-ге тарта сұраққа жауап бердік. Сұрақтардың төрттен үші заңдылыққа, заңнама дайындауға байланысты болды.

Зайда Нұрабаеванің пікірінше, Қазақстанның бұл салада айтар жетістіктері бар.

Бізде “Балалар құқықтары туралы”, “Білім туралы”, “Неке және отбасы туралы”, сонымен бірге мүгедек балаларға арналған заңдар бар. Ал, балалар қалашығы туралы заң кеңестік кеңістіктегі елдердің бірінде жоқ. Қазіргі уақытта балалар жағдайын жақсартуға тырысып жатқан істеріміз бар. Биылдан бастап бала тууына байланысты жәрдемақы төленеді. Келесі жылдан бастап заңнама жұмыстарының кестесіне кірген балалары бар отбасына жәрдемақы төлеу туралы заң жобасының дайындалып жатқандығы айтылды.

Үлкен баға алған жұмыстың бірі, қылмыстық жүйеде балаларға қатысты істеліп жатқан жеңілдіктерге қатысты болды. Бұл жазаның мөлшерін азайту, балаға әртүрлі жазаны қолданбау мүмкіндігіне қатысты.

Алған ұсыныстарымыздың бірі осы сала бойынша әлі де көп жұмыс жасау жөнінде болды. Ол жағдай өзімізге де мәлім. Бұл біздің мемлекетте жасөспірімдер істері жөніндегі әділет жүйесінің жоқтығына қатысты. Көптеген дамыған елдерде балаларға арналған жүйе жұмыс істейді. Қылмыстық жағдайға ұшыраған баланың қамын қорғайтын біріншіден, ішкі істер министрлігінің мамандары болуға тиісті одан кейін арнайы психолог, педагогтар болуы қажет. Тек қана жасөспірімдермен жұмыс істейтін қорғаушылар, сонымен бірге соттар да болуы керек. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жоспарланған істерінің барын айттық. Құқықтық реформалар жөніндегі тұжырымдамада ювеналдық сотттардың құрылуы қаралған. Бірақ оның қашан іске асатындығы туралы айта алмадық. Республика деңгейінде екі облыста тәжірибе түрінде осындай сот құрылған. Әкімшілік, экономикалық соттар құрылып жатқан жағдайда, балалар мәселесі жөніндегі соттар құру мәселесін ойластыру қажет.

Зайда Нұрабаеваның айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта болатын ұлттық есепке дейін іске асырылуы тиіс. Сонымен бірге бала құқына қатысты істеліп жатқан жұмыстардың жариялылығының кемшіндігі айтылған. Өйткені, аталған ұлттық есепке орай Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары да бала құқына байланысты ақпараты берген.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның тағы басқа да қоғамдардың тарапынан а баламалы есеп ұсынылған екен. Сол есеппен таныса келе мемлекет тарапынан жасалған жұмыстардың тиісінше халыққа жетпегеніне көз жеткіздік. Сол қоғамдарда заңдық білім жоқ, сауатсыз адамдардың сондай жұмыспен айналысуына байланысты туындаған білмеушілік әлгі есепте көп “қайран” мәліметтердің кеткеніне көз жетті. Өйткені, мемлекеттік сала болып өз бетімізбен, ал, олар өз беттерімен жұмыс жасап жатады.

Зайда Нұрабаева мұны, аталған саладағы жұмысты үйлестіріп отыратын мемлекеттік орган жоқтығынан деп есептейді.

Бізге айтылған ұсыныстың бірі балаға қатысты жұмысты ұйымдастырып, қадағалап отыратын арнайы мемлекеттік органның жоқтығы туралы болды.

Сонымен, Қазақстан, келесі есептің алғашқы нұсқасын 2006-шы жылы ұсынады. Есеп бес жыл да бір рет беріледі.
XS
SM
MD
LG