Accessibility links

Ирақтағы партизандық қарсылық және АҚШ әскері


Ирақта жайғасқан американдық қосындарға күнделікті партизандық тәсілдермен шабуыл жасалуы, АҚШ қолын өзінің қимыл-қарекетіне өзгеріс енгізуге итермелеп отыр.

Пентагон Ирақтағы жаңа жағдайға сай, өзінің 500 -ден аса сарбазын британдық "терроршылдыққа қарсы күрес" тәсілдерін меңгерген әскери мамандардың дәріс берулерінен өткізді.

Ирақтағы көше бақылауын жүргізетін АҚШ қосындарына күн сайын 15-тен 20-ға дейін партизандық тәсілдермен шабуылдар жасалып жүргенінен сабақ алып Пентагон, өз тактикасына өзгеріс енгізіп отыр.

АҚШ қосындарының шығындарын азайтып, әрі ирақтықтармен қарым-қатынастарды жақсарту мақсатында 500-ден аса жауынгерге Британ әскерінің 14 маманы мамырдың ортасынан бастап дәріс берді.

Британдық жаттықтырушылар тобын басқаратын, лейтенант-полковник Ангес Лоудо:

- Біз бұнда АҚШ Қорғаныс министірлігінің, әсіресе АҚШ армиясының 5-інші Корпусының қолбасының арнаулы шақыртуымен келіп, өзіміздің 35 жыл ішінде әртүрлі соғыс театрларында мәселен Солтүстік Ирландия, Балқан және Ауғаныстанда жинақталған тәжірбиелерімізбен бөлісу үшін келдік, - дейді. АҚШ қосындары ирақтықтардың өсіп келе жатқан арыз шағымдарына немқұрайды болмауы керек, - дейді жаттықтырушылар.

Бұған дейін американдық қосындар ғимараттардың ішіне кіру үшін сыртқы есіктерді талқандап, бала-шағаны шошытып, қару-жарақ пен оқ дәрі іздеген кезде жихазды бүлдіріп, кетерлерінде мынау шығындарды өтеу деп, азын - аулақ доллар тастап кетіп жүрді. Бұндай ұрда-жықтық мінез бұхара ирақтықтардың американдықтарға сүйіспеншілігін оята қоймайды. АҚШ Теңіз әскерінің бірінші дәрежелі лейтенанты Митчелл Карон:

- Егер мен іздестіру мен тінтулер өткізу үшін қалаға шығар болсам, мен әрдайым сыпайылық танытып, әрі жылы жүзбен сөйлесем. Адамдар бұны жақсы қабылдайды, әсіресе әйелге құрмет көрсетеді. Алғашында бұл елде көп рет олар әйелмен жұмыс жасауға қысылыңқырады. Егер мүмкіндігінше долылық көрсетпей, биязы, әрі ұстамды болсаңыз ол әлдеқайда пайдалырақ, -дейді.

Жексенбі күні АҚШ Біріккен Әскери басшылықтың төрағасы, генерал Ричард Майерс ақпарат құралдарының өкілдеріне былай деген:

- Ирақтың бұрынғы режиміне ең берілген аймақта АҚШ Жаяу әскерінің 4-нші Дивизиясы бақылау жасайды. Бұл Бағдадтан солтүстікте Тикрит пен Әл Рамадиге дейін. Әркімде бұл Баас партиясының тірегі екендігін біледі. Олар сол жерде жұмыс жасап жүр және табысты жұмыс атқарып келеді.

Майерстың айтуынша, Ирақтағы шабуылдардың 80 пайызы осы сунниттер мекендеген аймақта жасалады.

Дүйсенбі күні жарық көрген санында " Уолл Стрит джорналдың " Парсы шығанағында орналасқан АҚШ әскерилеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Ирақтағы қарсылыққа шамамен 4 мыңнан 5 мыңға шейінгі Саддамға берілген әскерлер мен оның қауіпсіздік сақтау және барлау саласының қызметкерлері қатысып жүр.

Бірақ Майерстың айтуынша, Саддам ойсырап жеңілді, әрі оның ұйымдасқан қарсылықтың артында тұруы екіталай деуде. Бәлки кейбір шабуыл жасаушыларға ақша төленген. Олар жалдамалылар. Олар шабуыл жасау үшін ақша алушы адамдар. Және олар одақтастар өкілдерін өлтірер болса, онда қыруар қаржы алады. Кейбіреулердің бәлки одақтастарға деген өшпендігі басым болуы мүмкін. Бірақ бұны Саддам басқарып отырған қарсылық деудің қисыны жоқ.

Орталық Басшылықтың жетекшісі генерал -майор Виктор Ренуарттың айтуынша, американдықтардың өз тактикаларына өзгеріс енгізулері оларды партизандық шабуылдардан жақсырақ сақтануға мүмкіндік береді. Танкілер мен ауыр зеңбірек тасушылар жеңіл әрі жүрдек сауытты көліктерге ауыстырылады, осы арқылы күзетуші американдық қосындардың жүріс тұрысы мен қимыл-қарекетін болжау қиындай түседі.
XS
SM
MD
LG