Accessibility links

«Солидарность» қазақстандық жұмысшылар қозғалысының өкілдері Алматыда митинг өткізді.

  • Сәуле ОМАР

30 шілде күні «Солидарность» атты Қазақстанның жұмысшылар қозғалысының өкілдері Алматыдағы «Сарыарқа» саябағы аумағында қала әкімшілігі тарапынан рұқсат етілген митинг өткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ондағы мақсат - бүгінгі елдегі жұмысшылар мен зейнеткерлер, сондай- ақ жастардың өзекті мәселелеріне қоғам назарын аудару болған.

«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое елді мекенінде орын тепкен "Қазақмыс" корпорациясының мыс балқыту зауытында қазірде қалыптасып отырған ахуал өте қиын» дейді аталған кәсіпорынның кәсіподақ төрағасы Иван Булгаков.

«Үстіміздегі жылдың қаңтар айында мыс қорыту зауытының жұмысын тоқтату туралы шешім шыққалы бері жұмыстан босаған жергілікті тұрғындар, қалай күн көрерін білмей, дал болуда. Осы бағытта Қазақстан үкіметі мен жергілікті билік өкілдеріне жолданған көптеген хаттар мен мәлімдемелер нәтижесіз қалып отыр. Өткен наурыз айында Парламентте осы мәселеге арналған арнайы тыңдау өткізілгенімен, ол да аяқсыз қалды. Ал жоспарланған үкімет отырысы үкіметтің ауысуына байланысты тағы да кейінге шегерілді. Бұрындары 14 мыңнан астам адам тұрған Глубокое елді мекенінде бүгінде 10 мыңға жуық тұрғын қалды. Көшетіндер көшіп кетті, алайда, мұнда жұмысшылар үшін үйін сатып, басқа жерге орын ауыстыратын мүмкіндік жоқ. Егер барыңды сонда тастап кетпесең, жұмыс жоқ ауылға кім келе қойсын. Біздің бір ғана талабымыз, жұмысы тоқтаған зауыт орнына тым болмаса, сондағы жұмысшы- тұрғындар үшін өндірістік бір мекеме құрылса ғой» дейді Иван Булгаков.

«Солидарность» жұмысшылыр қозғалысы тең төрағаларының бірі, әзірге тіркелмеген «Молодая Гвардия» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Құрманов мұндай жағдайдың тек бір ғана Глубокое елді мекенінде орын алып отырмағандығын айтады.

«Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының әкімшілігі тарапынан өз құқын қорғауға әрекеттенген көп балалы аналардың басып - жаншылуы, Жұмысшылар қозғалысының Қарағандылық лидерлері Сәкен және Рүстем Жүнісовтердің жаламен түрмеге қамалуы осыған көп дәлелдердің бірі ғана . Қазірде елдегі солшыл топтардың алдында тұрған басты мақсат - бүгінде шашыраңқы күй кешкен кәсіподақтардың күшін біріктіріп, осы құбылыстар, яғни елдегі жұмысшы-қара халық құқының ая асты етілуіне қарсы көлемді республикалық деңгейдегі шеру ұйымдастыру болып отыр» дейді Айнұр Құрманов.

Митинг соңында оны ұйымдастырушылар Қазақстан үкіметіне арнап, жұмысшылар құқын аяқасты еткен «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстаннан қуылсын, Жұмысшы қозғалысының өкілдері Сәкен мен Рүстем Жүнісовтар түрмеден шығарылсын деген сарындағы тағы басқа да талаптар тізбегі - қарар қабылдады.
XS
SM
MD
LG