Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысында СПИД ауруына шалдыққандар санының 428 адамға жеткендігі және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Алтын Орда” газетінің кезекті №29 (183) санында жарық көрген Азамат Базарбаевтың “Аждаһа аузындағы балапан” атты мақаласында ғаламдасу процесінде Қазақстанды қандай тағдыр күтіп тұрғандығына байланысты болжам жасалған.

Мақала авторының айтуына қарағанда, Қазақстанда шет ел капиталының өсе түсуі ұлттың келешегіне қауіп төндіруі ықтимал. 1994 пен 1997 жылдар аралығында ғана шетелдіктердің қанжығасына байланған, меншік түрін өзгерткен ірі кәсіпорындардың саны 45- ке жеткен. Бағдарсыз жүргізген науқан нәтижесінде, негізінен қара және түсті металлургия, көмір, химия өндірісі, энергетика салаларын қамтитын республика өндіріс потенциалының 80 проценті шетелдік инвесторлардың қолына көшіп кеткен.

“Егемен Қазақстан” газетінің 30 шілде күнгі санында жарық көрген мақаласында Сұңғат Әліпбай су проблемасына кеңірек тоқталған. Сұңғат Әліпбайдың пайымдауынша, егер су тапшылығы мәселесі шешіліп, суландыру жүйесі дұрыс жұмыс істесе, Қазақстан жері жүз миллион халықты асырай алатын көрінеді. Мақалада келтірген деректерге жүгінсек, суару жүйелерінің істен шыққандығының кесірінен, Қазақстандағы мыңдаған гектар жерлер пайдаланылмай жатыр.

“Айғақ” газетінің кезекті №29 (173) санында жарық көрген редакцияның бас мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысында СПИД ауруына шалдыққандардың санының 428 адамға жеткендігі баяндалған. Жақында Шымкент қаласында СПИД-пен ауыратын жас келіншек қайтыс болыпты.

Газеттің үшінші бетінде орын алған Айгүл Сүндетованың мақаласында, “Сайлау Құлманов “сотталған” деген Төле би аудандық ішкі істер бөлімінің жалған анықтамасының, аудандық мәслихаттың депутаттығынан үміткер Сайлау Құлмановты әбден әуре-сарсаңға салғандығы туралы айтылған.

“Жұлдыз” журналының жетінші санында санында Баққожа Мұқайдың “Дерт пен серт”, Бектұр Төлеуғалиевтің “Алдаспандай арқалы ақын” және тағы басқа танымдық мақалалар мен ақын-жазушылар Сәкен Иманасов, Талаптан Ахметжан, Сәбит Бексейіт, Тұрысбек Сәукетайдың шығармалары жарық көрген.

“Новости недели” апталығының 30 шілде күнгі санында жарық көрген Ксения Михайлованың мақаласындағы келтірілген деректерге сүйенсек, Арал теңізі -мамандардың жасаған есебінен де тез тартылып бара жатқан көрінеді. Бүгінгі таңда Аралдың солтүстік бөлігін құтқару үшін, Сырдария өзенінің ағысын реттеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алайда оны жүзеге асыру үшін Қазақстан мемлекетіне 21,29 млн. доллар қажет. Аралдың солтүстік бөлігі тартылып қалмасы үшін, оған кем дегенде жылына 3 куб километр су құйылып тұруы тиіс.

“Аргументы и факты Казахстан» қосымшасының 30 шілде күнгі санында жарық көрген Николай Жоровтың мақаласында республикамыздың оңтүстік бөлігінде терроризм қаупінің тұтанып кетуінің мүмкіндігі туралы әңгіме тілге тиек етілген. Үстіміздегі жылдың басынан бері ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері заңсыз қару сатуға байланысты он бес қылмыстық іс қозғаған. 76 оқ - дәрімен атылатын қару, 6000 оқ-дәрі, 90 киллограм жарылғыш зат тәркіленген.

“Экспресс К” газетінің 30 шілде күнгі санында жарық көрген Ирина Глушконың мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясы департаментінің қолдан жасалған арақтың ірі партиясын тәркілегендігі туралы баяндалған Операция барысында 70 мың бөтелке ішімдік тәркіленген.

“Казахская правда” газетінің кезекті санында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың тағдырына қатысты екі түрлі қарам-қайшылықты көзқарасы бар материал берілген. Біріншісі – Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы саяси кеңесінің мәлімдемесі, екіншісі – Жанна Үмбетованың мақаласы. Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының мәлімдемесінде Ғалымжан Жақияновтың денсаулығына алаңдаушылық білдірілсе, Жанна Үмбетова өз мақаласында оппозиция өкілдері Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысынан бүгінгі күннің қаһарманын сомдағысы келіп отырғандығын тілге тиек еткен.
XS
SM
MD
LG