Accessibility links

Жаздың демалыс айлары евро ақшасын жалған жолмен жасаушылар үшін таптырмас мерзім болып тұр.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Европа одағы аймағында евро ақшасы айналымда жүретін Грекия, Испания және Франция елдерінде жаз айларында миллиондаған адамдар келіп өз демалыстарын өткізуде. Бұл маусымда жалған ақша жасаушылар да қарап қалмауда.

Жаздың демалыс айлары- жалған ақша жасаушылар үшін өз қара істерін жүргізіп бағатын маусым. Биылғы жылы да солай болуда. Сондықтан бұл аймақтарда сауда жасаушылар өз дүкендерінде жалған евроны айқындайтын арнайы техникаларды қойып әлек.

Олардың сөзіне қарағанда, былтырғы жылмен салыстырғанда жалған евролар көбейе түскен. Проблеманың тағы бір пайда болу себебі, евро ақшасының тым жаңалығында. Оның айналымға түскеніне небәрі бір жарым жылдай ғана уақыт өтті. Евро айналымда жүрген аймақтарға келушілердің біразы бұл ақшаны алғаш рет қолына ұстап тұрған болуы мүмкін.

Франкфуртте орналасқан Европа Орталық банкіндегі арнайы маман Алистер Мккаламның айтуынша, жалған евролар қазіргі кезде көбейе түсуде. Мүмкін былтырғы жылы Евро алғаш айналымға түскендіктен де жалған ақша шығарушылар оны жасаудың қыры мен сырын толық зерттеп бітпеген де болуы мүмкін. Ал, биыл, яғни евроның айналымда жүргеніне екінші жылға айналған кезде жағдай күрделене түсуде.

Европа одағына мүше 12 ел үшін евро ақшасын жасап шығару және оның қорғалуын қамтамасыз ету осы Фарнкфурттегі Европалық Орталық банкке жүктелген болатын. Сондай-ақ өткен жылдарда Германия маркісі айналымда болған бұрынғы Югославия елінің кейбір бөліктерінде де қазіргі кезде евро жұмсалуда. Мккалам мырзаның пікірінше, дегенмен бұрынғы неміс маркасымен салыстырғанда евроны жалған жолмен шығару- төменгі деңгейде.

Оның бір себебі, бәлкім саудагерлер мен тұтынушылар үшін нағыз евроны жалған евродан ажыратуға көмектесетін бірнеше белгілердің барлығында болар. Атап айтқанда, евроның арнайы голограммасы, ақшаға тән ультра- күлгін түсті жарық белгісі, бояуы, қағазы және басқа да белгілері тіпті алғаш тұтынушылар үшін де біраз қолданыстан кейін жалған ақшаны тез тануға мүмкіндік беруде.

- Бұл үшін сізге тіпті арнайы құралдың да қажеті шамалы. Сіздің көзіңіз бен саусақтарыңыз және аздаған тәжірибеге сүйенер сезімталдығыңыз жалған евроны тез тануыңызға көмектесетін болады, - дейді Мккалам мырза.

Полиция қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бастапқы кезде шығарылған жалған евролар соншалықты қарадүрсін, қарабайыр болатын. Оны тану қиынға соқпаушы еді. Ал, уақыт өткен сайын жалған ақша жасаушылар сканнер және бояуы қанық принтер сияқты ең озық компьютер жабдықтарын қолданып, жалған ақша жасау шеберліктерін арттырып жіберген.

Ассошиейтед пресс ақпарат агенттігінің жазуынша, мысалы Грекиядағы Стратос Кириакакис сияқты қылмысты лабораторияда жалған ақша жасау әдісінің дамытылғаны соншама, ол тіпті қарапайым зерттеулер тұсында ақшаның жалғандығы байқала қоймайтындай дәрежеге қол жеткізген. Бәрібір, олар үшін евроның нағыз көшірмесін жасап шығару оңайға соқпаса керек.

Европа полициясы өткен апталарда осындай жалған евро шығарушыларды ұстауға байланысты арнайы тексерулер жүргізді. Европолдың департаменттері биылғы жылдың өзінде 12-ге жуық жалған евро шығарушы орындарды жапқан. Олардың мәліметтеріне қарағанда, әсіресе Болгария, Польша және Сербия елдерінде жалған ақша жасаушы ұйымдар жұмыс істеуде. Әсіресе 50 және 5, сондай-ақ 200 евролықтар жалған жолмен көп жасалатын ақшалар екен. Мұндай жолдардың алдын алуда тұтынушылар мен сауда қызметкерлері көп көмектесе алады-, дейді арнайы мамандар.
XS
SM
MD
LG