Accessibility links

Батыс жағалауда Израиль тұрғызған қауіпсіздік қабырғасы төңірегіндегі дау

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Бір жыл бойына Израиль Батыс жағалауда "Қауіпсіздік қабырғасы" дегенді тұрғызып келе жатқаны аян.

Ал, Палестина болса бұ қабырғаға жаңа "Берлин қабырғасы" деген айдар тағып үлгерді. Жаңа "Берлин қабырғасы" Құрама Штаттар президенті Джордж Бушқа да ұнамай отыр.

Таяу Шығысты бейбіт қалыпқа келтіру үдерісіне Батыс жағалауда Израиль салған "Қауіпсіздік қабырғасы" басты кедергі болды деп жазады Вашингтоннан радиомыздың тілшісі Андрю Тули.Израиль бұл қабырғаны өткен жылы Палестин жанкештілерінен Израиль халқын қорғау жолында сала бастаған еді.

Бұ қабырғаның жалпы ұзындығы 350 шақырым болмақ. Қабырға көтеруді қолдаушылар болса Израиль өз шекарасын қорғауға құқықты дейді.Сейсенбі күнгі Вашингтондағы кездесуінде ҚШ президенті Джордж Бушпен Израиль өкімет басы Ариел Шарон да қабырға мәселесін талқылады. Кездесуден кейін Шарон "қабырға салына беретін болады.Бірақ оның палестиндіктерге тигізетін зиянын барынша азайтамыз" деді.Буш болса қабырғаның бас ауруға айналғанын мойындады.Осыған орай Джордж Вашингтон университетінің профессоры Натан Браунның пікірі төмендегідей:

"Бұл проблеманың екі жағы бар. Бір жағынан қабырға Палестиндіктер үшін қиындықтар туғызады. Батыс жағалау ішіндегі жүріс-тұрысқа кедергі жасайды.Екінші жағынан қабырға израилдықтарды қабырғаның оң жағында ұстауға бағытталған. Әлемнің бұ бұрышында адам құқының аяқасты болып жатуы аз емес. Израил жағы болса біздің де өз-өзімізді қорғау құқымыз бар дейді.Қауіпсіздік сақтауға құқымыз бар дейді".

Вашингтонда орналасқан "Америка мұсылмандары Иерусалим үшін" деген топ жетекшісі Халид Турани бұл қабырға салынғаннан кейін палестиндіктер бұрын 10 шақырым жүретін екі ауыл арасында енді 80 шақырым жол жүреді дейді.

"Қабырға бір ауылды қақ бөледі, сонда үй бір жақта, егістік, су екінші жақта қалады. Бұ қабырға тұрғындарды есепке алады, олардың кеңеюін есепке алады.Сондықтан ауылдарды екіге бөліп келеді.Егер бұ қабырға тұра берер болса онда екіге бөлінген ауыл өлді дей бер.Ол ауылдар босап қалмақ."

Турани Израилдің қауіпсіздік қабырғасын тұрғызуына қарсы емес, алайда ол қабырғаның Палестин жерінде салынуына қарсы.

"Егер олар қабырға тұрғызуға құштар болса, онда оны өз жерінде тұрғызуы керек еді.Алайда Израиль болса шекара туралы келіссөз болмай жатып шекара орнатуға кірісті."

Таяу шығыс бойынша Human Rights Watch ұйымының өкілі Миранда Сиссонс қабырға құрылысы палестиндіктердің құқын аяқасты етіп жатыр деп біледі.

"Біз оқу-ағартуға, медициналық қызметке қолы жетіп отырған халықтың енді тіршілік аясы тарылып, табыс көзі тартыла ма деп қорқамыз.Отбасылар байланысы шектеле ме деп алаңдаймыз.Бұ қабырғаның осындай қатаң салдары бола ма деп алаңдаймыз."

"Америка мұсылмандары Иерусалим үшін" тобының жетекшісі Халид Турани Құрама Штаттар президенті Дж. Буш Израиль өкімет басы Ариел Шаронды Батыс жағалауда қабырға тұрғызуды тоқтатуға көндіруі керек еді деп біледі. Алайда Турани Буштың Шаронды қабырға салмауға көндіре алатындығына сенімі аз.Оның айтуынша Америкадағы әсіре израилшыл топтар Буштың Шаронды үгіттеуіне қарсы науқанды бастап отыр.Қабырғаны құлатуға ниеттенген Буштың кез-келген қадамына олар қарсы жұмыс жасап жатыр дейді.
XS
SM
MD
LG