Accessibility links

Баспасөз шолуы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда үстіміздегі жылдың тамыз айында Қытай мен Қазақстан территориясында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің терроризмге қарсы әскери дайындығының өтетіндігі және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Алматы ақшамы” газетінің 31 шілде күнгі санында жарық көрген редакцияның бас мақаласында айналмалы автомобиль жолдары салынатындығы туралы хабар берілген. Газеттің бірінші бетінде қала әкімі Виктор Храпуновтың “Тамыздың бірінші жұлдызында Республика сарайында өтетін ХІV Халықаралық “Азия дауысы” –2003 танымал ән мен музыка фестивальінің ашылу салтанатын орай жолдаған құттықтауы берілген.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналы он мың теңгелік банкнотты шығарғаннан кейін қоғамымыздағы экономикалық тұрақтылыққа қатысты әр түрлі сыңайдағы пікірлер айтыла бастады. “Түркістан” газетінің 31 шілде күнгі санында жарық көрген Еркін Нұразханның мақаласындағы пікіріне құлақ салсақ, он мың теңгелік банкноттың айналымға енуі ұлттық валютамыздың құлдырап кеткендігін айғақтайды.

Еркін Нұразхан өз мақаласында ең алғаш ұлттық теңге шыққанда қарапайым халықтың ақшалардағы тарихи тұлғалардың бейнесін көріп, мәртебесінің көтеріліп қалғандығын, кейіннен сол қуаныштың су сепкендей басылғандығын да тілге тиек еткен. Мақала авторы сол тарихи тұлғаларымыз бар теңгерлерді ендігі тұста тек ақша музейлерінен ғана кездестіре алатындығымызға қынжылыс білдірген. Сондай-ақ Еркін Нұразхан теңгедегі суреттің Әл-Фарабидің бейнесі екендігіне де шүбә келтірген.

“Бұл бейне суретші қиялынан туған бір туынды. Осыдан 11-12 ғасыр бұрын өмір сүрген ғұлама ғалымның ойдан салынған суретіне табына беруге бола ма?” -дейді мақала авторы.

“Ана тілі” апталығының 31 шілде күнгі санында жарық көрген Идеятолла Мұхитұлының “Теңгені Ұлттық банк өлтіріп алмасын” атты мақаласында да он мың теңгелік банкноттың айналысқа енуі әңгіменің арқауы болған. Мақала авторы үлкен номиналды банкнота шығару арқылы Ұлттық Банк жалақысы мен зейнетақасы он мыңға жетпейтіндерді қорлап отыр деп пайымдайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек ең үлкен банкнота ең төменгі зейнетақы немесе ең төмен жалақыдан аспауы керек.

“Банкнота номиналын үнемі өсіріп отырудың ақыры ақша реформасына, ал оның елдің күйзелісіне әкелетіндігі дау тудырмаса керек” - дейді мақала авторы.

“Столичная жизнь” апталығының 31 шілде күнгі санында жарық көрген Виктор Варовтың мақаласында да теңге тақырыбы сөз болған. Мақала авторының пайымдауынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің келесі қадамы, Абылайханның суреті бар жүз теңгелікті айналымнан алып тастау болып табылмақ. Виктор Варовтың жасаған болжамына сүйенетін болсақ, номиналы он мың теңгелік банкноттың айналысқа енгізілуінің астарында саяси мақсат жатуы да ықтимал.

“Егер де Ирақты жеңгеннен кейін Америка Құрама Штаты мұнайдың бағасын күрт төмендетіп жіберсе, Қазақстанда доллар азайып, теңге көбейеді. Он мың теңге айналысқа енгізілгеннен кейін, тауарлардың бағасы қымбаттаса, онда инфлияцияның белең алып бара жатқандығына ешкім де шүбә келтіре алмайды” - дейді мақала авторы.

“Казахстанская правда” газетінің 31 шілде күнгі санында жарық көрген Любовь Шашкова мен Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалиннің сұхбатында әдебиеттің өзекті мәселесі тілге тиек етілген.

“Время” апталығының 31 шілде күнгі санында жарық көрген Генадий Бендицкийдің мақаласындағы келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан балаларын шет ел азаматтарына асырап алуға беру барысында, көптеген заңсыздықтарға жол берілген. Мақала авторының айтуынша Қазақстан балаларын асырап алған жүздеген шетелдіктер, асырап алғанға шейін олардың кім екендігін білмейтін болып шыққан.

“Известия –Қазақстан” қосымшасында Нью-Иорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде, аталмыш ұйымның бас хатшысы Кофи Ананның төрағалық етуімен жоғары дәрежедегі кездесудің болып өткендігі баяндалған.

Осы кездесуге Шанхай Ұйымы ынтымақтастығының өкілі ретінде Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мырза да қатысыпты. Нью-Иорк форумының негізгі тақырыбы “Халықаралық терроризм және халықаралық қауіпсіздік пен әлемге төніп тұрған жаңа қатер” деп аталады. Мақала соңында осы жиында сөйлеген Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мырзаның сөзі берілген. Қасымжомарт Тоқаев мырзаның айтуына қарағанда, үстіміздегі жылдың тамыз айында Қазақстан мен Қытайда Шанхай ұйымы ынтымақтастығына мүше елдердің, антитеррористік әскери ойындары болып өтеді.
XS
SM
MD
LG