Accessibility links

Джордж Буштың қоғамдық рейтінгісі де төмендеді


Ирақ мәселесі бойынша көтерілген саяси дау-дамай баспасөзде аз болғандай, АҚШ конгресінде президент Джордж Буштың атына қатты сын айтылып жатыр.

2001 жылғы қыркүйектің террорлық шабуылдарынан кейін Буштың абыройы қалай шарықтаса, қазіргі таңда сондай қарқынмен төмендеп отыр. "Азаттық" радиосына талдау жасаған сарапшылар Буш әкімшілігін қатты сынаудың бір себебі -Америка Құрама Штаттарында келесі жылы болатын сайлау науқанында жатыр, осының алдындағы күресте жатыр дейді.

АҚШ конгресінің сенатында яки парламенттің жоғарғы палатасында сейсенбі күні өткен қоғамдық тыңдау мәслихатында президент Джордж Буштың адамдарына ерекше сын айтылды. Қоғамдық тыңдауды сенаттың сыртқы істер комитеті өткізді. Демократиялық партия басшыларының бірі, сенатор Джозеф Биден Республикандық партияның өкілдерінен жасақталған АҚШ әкімшілігін қатты сөкті, Ирақ соғысының құны нақты қанша болатынын американ халқына шын айтпағаны үшін айыпты деп мәлімдеді.

Ирақта қазір АҚШ-тың 150 мың сарбазы қоныстандырылған. Олардың шығынына ай сайын шамамен төрт миллиаррд доллар жұмсалады. Сенатор Джозеф Биден және оның бірнеше әріптесі Ақ үйдің бюджет комитететінің директоры Джошуа Болтенді сұрақтың астына алып, Ирақтағы шаруаларға келесі жалы қанша ақша шығындалады, нақты айтыңыздар деп талап қойды:

- Қанеки сабыр етіңіздер! Келесі жылы Ирақта жүз мыңнан төмен әскер ұстаймыз деп осы жерде отырғандардан біреу-міреу айта ала ма? Қане, қайсың болсаңыз да қол көтеріңіздерші! Әскер саны қазіргіден де қалыңдап жатқанын көріп отырсыздар. Ай сайын кемінде екі жарым миллиард долллар жұмсалмақшы. Маған тыныштық бересіздер ме, жоқ па? Сіздер қашан бізбен жөнімен жұмыс істей бастайсыздар?

Конгресте сейсенбі күні өткен мәжілісте Буш әкімшілігінің атына тек бәсекелес Демократиялық партияның адамдары сын айтқан жоқ. Мәселен, Республикандық партияның өкілі, яғни Джордж Буштың партиялас серігі Линкольн Чафи Ирақ соғысына жол ашқан айыптаулар әсіре сілтенді, Ирақтан төнген жойқын қару қаупі дұрыс бағаланған жоқ деді.

Буштың президенттік дәрежесінің төмендегені американ баспасөзінің көңіл - күйінде анық байқалады. Президент Джордж Буш сәрсенбі күні арнайы баспасөз мәслихатын өткізгенде де журналистердің тарапынан Ирақ соғысына байланысты өткір сұрақ көп қойылды. "Галлап" компаниясы өткізген зерттеуге қарасақ, Бушты қолдайтын азаматтардың қатары 58 процентке қана жетеді, ал Ирақ соғысының кезінде бұл көрсеткіш 70 процент болған деп жазады "Азаттық" радиосының тілшісі Джефри Донован.

"Зогби интернешнл" деген басқа зерттеу компаниясының президенті Джонн Зогби 2001 жылғы қыркүйектің террорлық шабуылдарынан кейін Буштың рейтінгісі 80 процентке қалай шарықтаса, қазіргі таңда сондай қарқынмен төмендеп отыр:

- Экономика болсын, қоршаған орта болсын, денсаулық сақтау саласы болсын, салық мәселесі болсын, президент Буштың жұмыс нәтижелері жақсы емес. Ал бұл дегеніңіз оның ішкі саясатының негізгі мақсаттары. Келесі жылы болатын президенттік сайлауға Буш қандай нәтижемен келе жатқанын осыдан байқасаңыз болады,- дейді Джонн Зогби.

Дегенмен, басқа талдаушылар мұнымен келіспейді. "Уолл стрит джорнел Еуроп" газеті өткізген зерттеу, президент Буштың терроризмге қарсы соғысын американдықтардың 66 проценті қолдайтынын анықтады. Буштың рейтингісі әлі де болса 50 проценттің үстінде дейді "Америкен Ентерпрайз" институтының сарапшысы Кетрин Боуман. Жалпы, Буштың рейтінгісінің дағдарысы Американың президенттік сайлау қарсаңындағы қызу бәскелестігінен шығып отыр дейді Кетрин Боуман:

- Әрине, келесі жылға белгіленген президент сайлауының қарсаңында, Сенат пен Конгрестің сайлауының алдында Демократиялық партия атынан үміткер болсаңыз - қорамсағыңыздағы оқтарыңызды міндетті түрде жұмсайсыз. Нашарлау деп бір жерді сезсеңіз - оны қолма-қол сынайсыз. Демократиялық партия тарапынан үлкен әрекетті байқап отырмыз. Президент Бушқа бұл қаншалықты теріс әсер ететіні көріне жатар деп ойлаймын, - дейді Кетрин Боуман.
XS
SM
MD
LG