Accessibility links

Гейдар Әлиевтің сырқатына байланысты Әзірбайжанда саяси дағдарыс туындауы мүмкін

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Әзірбайжан президенті Әлиевтің созылып кеткен сырқаты бұл елде саяси дағдарыс туғызуы ықтимал. Соның алдын - алу мақсатында өкімет оппозиция мен тәуелсіз журналистерді қорқытып-үркіту науқанын бастап отыр.

Eurasia view интернет парақшасы жазғандай Әзірбайжан президенті Әлиев соңғы 3 апта бойы көзге түспей кеткен. Ұзынқұлақтың айтуынша Әлиев Түркия ауруханасында ауыр халде жатса керек. Ресми деректер бойынша Әлиев Әзірбайжанға әне-міне оралуға тиіс. Егер, ол қарашаның 15-де өтетін президенттік сайлауға дейін оралмаса, онда сайлау кейінге қалдырылады деген де қауесет бар.

Әлиев сол сайлауға Жаңа Әзірбайжан партиясының атынан тіркелген жалғыз үміткер екені аян.Сырқат президенттің ұлы Илхам Әлиев болса әкесінің денсаулығы тамаша деп қайталаумен келеді.Ал, оппозициялық ақпарат құралдары болса Әлиев енді айықпастай халде деп дабыл қағуда. Тіптен кейбір ақпарат құралдарында Әлиев өліп қалыпты деген қауесеттер де төбе көрсете бастады.Оның денсаулығы тамаша болса ауруханада неге жатыр деп жазады Хурриет газеті.Оппозицияны үйлестіру Орталығы болса президент әкімшілігіне хат жазып, Әлиевтың денсаулығы туралы ақпарат талап етті. Жергілікті талдаушылар болса Әлиевтың созылып кеткен сырқаты кәзірдің өзінде билік дағдарысын тудырды деп біледі.Бұның соңы саяси тұрақсыздыққа айналуы мүмкін деп біледі.

"Тәуелсіз Азадлық" газеті жуырда: "Бір кісінің айтқанына көніп, айдағанына жүріп үйреніп қалған шенеуніктер енді не істерін білмей дағдаруда" деп жазды.

Республикада Илхам Әлиев әкесінің мұрагері болады делініп келгені де белгілі.Алайда, Илхамның ел басқаруға деген қауқары туралы пікірлер бір-біріне қарама-қайшы.Осыдан келіп саяси элита арасында Әлиев өлгеннен кейін елді кім басқарады деген сауалға анық жауап беретін кісі жоқ. Халықтың басым көпшілігі биліктің мұрагерлік жолмен берілгенін қалайтын көрінеді.Бұл көзқарасқа қарсылар да аз емес.Әлиевтың Жаңа Әзірбайжан партиясының мүшесі парламент депутаты Мұса Мұсаев мұрагерлікке ашық қарсы шықты. Осылайша билік басындағы президент партиясының өз ішінде алауыздық туып отырған тұста, оппозиция 2 тамызда шеру өтетінін жария етті.Президент әкімшілігі болса оппозицияны ел тыныштығының жаулары деп айыптай бастады.Прокуротура Әлиевтың денсаулығы туралы алып-қашпа қауесет таратқан баспасөзге қахарын төгуде.

"Оппозициялық баспасөз Әзірбайжан халқын ақ жолдан адастыруды мақсат етіп отыр.Қалың көпшілікті бақылаудан шығаруды көздеп отыр" , - деп мәлімдеді Әлиевтың бірінші көмекшісі Әли Хасанов.

Өкімет көше тәртібін бұзды деп өткен сенбі күні Амашев, Арифоглы, Әлиев тәрізді белгілі тәуелсіз журналистерді тұтқындады.Бірақ та оларды полиция бірер сағаттан кейін босатты.Журналистер бұл оқиғаны "психологиялық терроризм" деп бағалады.Халықаралық шекарасыз тілшілер ұйымы бұл оқиғаға байланысты наразылық мәлімдемесін жариялады. Бакудегі саяси талдаушылар болса бұл оқиғалардың соңы саяси репрессияларға ұласып кетуі мүмкін деп біледі. Илхам Әлиев осы дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде билік жолында өкіметтің ешнәрседен тайынбайтынын ескертті:

"Олардың, яғни оппозицияның қолынан келетін жалғыз нәрсе бар- ол елді аласапыран жасау.Бірақ та біз оған жол бермейміз.Біз оппозицияның билік басына келуіне қалай да жол бермейміз", - деді Илхам Әлиев.

Белгілі болғанындай, Баку қаласына әскер тартыла бастаған."Иени Мусават" газетінің жазуынша Бакуге жексенбі күні түнде жасақ тиеген 50 жүк мәшинесі кірген. Елдегі қалған әскери құрамалар да жорық жағдайына келтірілген.

"Әлиев өле қалған жағдайда өкімет елде орын алуы ықтимал кез-келген төтенше жағдайға осылайша дайындық көре бастады", - деп жазады "Иени Мусават".
XS
SM
MD
LG