Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Абылай ханның ақ үйінің қаңырап тұрғандығы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Қазақ әдебиеті” газетінің 1 тамыз күнгі санында жарық көрген Жақсыбек Самраттың мақаласында Петропавл қаласындағы Абылайдың ақ үйінің қаңырап тұрғандығы тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуына қарағанда, Абылайдың ақ үйі осыдан үш-төрт жыл бұрын дүдәмәлді бір фирманың басшысы В.Поляков деген іскерге қалпына келтіру шартымен беріліп жіберген. Ал ол азамат ханнан қалған асыл мұраны екі-үш жылдың ішінде қалпына келтірмек түгіл, адам көргісіз сұлбасын ғана қалдырып, тастап кеткен.

Сондай-ақ газеттің осы санында ақын Әмірхан Балқыбектің, сыншы Бекен Ыбырайым мен ғалым Рәбиға Сыздықтың мақалалары мен жазушы Жақсыбек Рахматулланың “Кие” атты әңгімесі жарық көрген. Ақын Темірхан Медетбек пен жазушы Думан Рамазанның сұхбатында қазақ әдебиетінің даму барысы, бағыт-бағдары туралы сөз болған. Ақын Темірхан Медетбек шын ақынды уақыт пен заманның өзі тудырады деп есептейді.

“Егемен Қазақстан” газетінің 1 тамыз күнгі санында жарық көрген Қайсар Әлімнің мақаласында Маңғыстауда оба індетінің пайда болғандығы туралы айтылған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, осыдан төрт жыл бұрын да осындай оба дүрбелеңі түйе етінен таралып, санитарлық-эпидемологиялық қызметті төрт аяғынан тік тұрғызыпты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, үстіміздегі жылдың 28 шілдесінде Түрқараған ауданының Таушық ауылында обаның белгісімен екі жағдай тіркеліпті.

“Қазақстан Заман” басылымының 1 тамыз күнгі санында жарық көрген Марат Тоқашбаевтың мақаласында Ұлттық Ғылым Академиясының бүгінгі таңдағы хал-ахуалы сөз болған. Марат Тоқашбаев өз мақаласында Ұлттық Ғылымы Академиясының аты бар, заты жоқ мекеме екендігіне ерекше тоқталып өткен.

“Ғылым ордасында 42 академик, 141 мүше-корреспондент болса, олардың орта жасы 60 тан асып кеткен. Ғылым академиясының тағдырын ғалымдардың бір бөлігінің қартаюы, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмау сылтауы, қаржының тапшылығы шешпеуге тиіс. Кейбір анықталмаған деректерге қарағанда Ұлттық Ғылым Академиясы төңірегіндегі дау-дамай кезінде архитектор Щусевтің жобасымен шығыстық үлгіде салынған академия ғимаратына таластан басталған сияқты” ” деген мақала авторы егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, Ұлттық Ғылым Академиясының өзін-өзі ақтайтын талай іс тындыра алатындығына да тоқталып өтеді.

“Начнем с понедельника” апталығының 1 тамыз күнгі санында жарық көрген мақаласында саясатанушы Петр Своик номиналы он мың теңгелік банкноттың айналысқа енуіне байланысты өз ойын білдірген. Петр Своиктің келтірген деректеріне қарағанда соңғы үш жетінің ішінде Астанада және облыс орталықтарында азық-түлік тауарларының бағасы едәуір қымбаттаған. Петр Своиктің пайымдауынша номиналы он мың теңгелік банкноттың айналысқа енгізілуі де Қазақстандағы инфлицияның белең алуымен байланысты.

“Караван” апталығының 1 тамыз күнгі санында жарық көрген Ольга Колоколованың мақаласында Жітіқара қаласындағы заңсыздықтар туралы айтылған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, әкімшіліктің қысым көрсетуімен иесіз үйлерге қоныстанған адамдарға ендігі тұста мекен-жайларынан айырылып қалу қаупі төніп тұр.

Газеттің оныншы бетінде жарық көрген Ольга Демченконың мақаласында Алматы қаласының ауасының әбден ластанғандығы туралы айтылған. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда Алматы қаласы Қазақстандағы ауасы ең лас қалалардың бірі болып саналады.

Ал Елібай Жікібаевтың мақаласында Қызылорда облысындағы ауыз су проблемасы туралы айтылған. Мақала авторының айтуынша, қызылордалықтар ауыз суға пайдаланып жүрген Сырдария өзенінен, тырысқақ ауруының микробы табылған. Былтырғы жылы жүргізілген лабороториялық жұмыстың қорытындысы негізінде, ауыз-судың жиырма процентінің санитарлық нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталған.

“Экспресс К” газетінің 1 тамыз күнгі санында жарық көрген Елена Чернышованың мақаласында Солтүстік Қазақстан облысында орын алған төтенше жағдай туралы айтылған. Мақала авторының айтуынша жедел жәрдем көлігімен алып келе жатқан бір азамат, медбикені қалтасындағы бізбен қорқытып, оны кепілдікке алған.
XS
SM
MD
LG