Accessibility links

Түркия парламенті әскерилердің ықпалын қысқартатын заң қабылдады


Түркия мемлекеті Европа Одағына қосылу әрекетімен бір қатар саяси өзгеріске көнгені белгілі.

Сәрсенбі күні Түркия парламенті адам құқықтарын жақсартуға бағытталған заң қабылдады. Түркия парламенті, сонымен қоса, Түркия дәстүріндегі әскери басшылықтың ықпалын қысқартуды, саяси өмірге әскерилердің көп араласпауын бұйырды.

Түркия дәстүрінде әскерилердің саяси ықпалы да, мемлекетті басқару өкілеттігі де әдетте мықты. Тарихи қалыптасқан бұл жағдай бара-бара саяси өзгерістерге кедергі тудырды. Оның үстіне Европа Одағына қосылғысы келетін Түркия, осыған байланысты саяси келбетін жақсартуға көнген Түркия енди әскерилердің қолын қысқартуға көшті. Әскерилер басым елдің басқарушы мекемелерінің бірі - Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы мен өкілеттіктерін қайта қарастыратын құжатқа енді президент Ахмет Сезер қол қояды деп күтіліп отыр. Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі жылына енді алты рет қана шақырылады, оның шешімдері қоғам басшыларына енді міндетті емес. Кеңестің бас хатшысы да енді генералдардың арасынан емес, азаматтық басшылардың арасынан іріктелуі мүмкін.

Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің мәртебесі жалпы 1960 жылы әскери төңкерістен кейін орнатылған, бұл мекеменің құдіреті президент, бас министр және үкіметтің мәртебелерімен жарысып келеді. Алғашқысында кеңес беру алқасы ретінде құрылған Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі бара-бара мемлекеттің негізгі шешімдерін қабылдайтын орынға айналды. Сынаушылар Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесті тіпті Совет Одағындағы Коммунистік партия Орталық комитетінің Саяси бюросымен салыстырады. Түркия генералдары соңғы 43 жылда бір емес, төрт үкіметті құлатты. Түркия генералдарының әсіре ықпалы осыдан ақ көрініп тұр. Қоғамның күнделікті өмірін қарауына алып алған Түркия әскерилерінің билігін қысқартуды Европа Одағы баяғыдан талап етіп келеді.

Европа Одағының басшылығы Түркия парламентінің шешімін жылы қабылдады. Европа Одағы сыртқы саясатының үйлестірушісі Хавиер Солананың өкілі Кристина Галлах Түркия парламентінің талпынысы Копенгаген талаптарына сай деп сипаттады. Европа Одағының кеңеюі жөніндегі үйлестірушісі Гюнтер Верхьюгенстің өкілі Ерик Мамер "Азаттық" радиосының тілішісі Жан-Кристоф Пойкка берген сұхбатында мынандай жылы пікір танытты:

- Реформалардың барысы Түркия үкіметі Копенгаген саяси өлшемдеріне сәйкес әрекет жасауға берік екенін көрсетіп отыр. Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы мен өкілеттіктерін қайта қарастыру - әскерилердің үстінен азаматтық бақылауды орнатуға бағытталып отыр. Бұл Европа Одағының мемлекеттерінің тәжирибесіне тән нәрсе.

Дегенмен, дейді Ерик Мамер, бұл реформа тек бастапқы сатыда тұр. Ендігі мәселе – алған бағыттан қайтпау:

- Түркияның барлық азаматтарының құқықтарын күнделікті өмірде қамту мақсатында реформалар қарқынды жүруге тиіс. Атап айтқанда, атқарушы және сот биліктерінің барлық деңгейлерінде реформаны олардың болмысына тән қылып жүзеге асыру керек, бұған Комиссия ерекше назар аударып отыр.

Европа Одағына үміткер-мемлекет деп танылуға Түркия жалпы 1987 жылы арыз түсірген. Европа Одағы мұндай мәртебе төрт жылдан кейін беріледі деп үн қатқан. Содан бері талай төрт жыл өтсе де, Түркияның өтініші қабылданбады. Түркиядағы адам құқықтарының жағдайы, күрд халқының мәселесі, саяси бостандықтардың кемсітілуі ресми Аңқараның алдына жаңа міндеттерді қойып келеді.

Өткен жылы Түркия өлім жазасына тиім салды. Осы аптаның басында Түркия басшылығы күрд көтерілісшілеріне кінәсін мойындау шартпен рақымшылық жариялады. Бұл да Европа Одағының негізгі талаптарының қатарында болатын. Кешірім тек қантөгістерді қоздарды деп танылған Күрд жұмысшылар партиясының басшыларына жүрмейді.
XS
SM
MD
LG