Accessibility links

Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің съезі


Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің съезіне қатысуға бүгінгі күні әлемдегі барлық діндер мен жетекші конфессиялар ниет білдіріп отыр

Осы жылдың қыркүйек айының 23-24-і күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің съезіне қатысуға бүгінгі күні әлемдегі барлық діндер мен жетекші конфессиялар ниет білдіріп отыр,-деп хабарлады Президент Әкімшілігінің Баспасөз қызметі. Олардың қатарында буддизм, индуизм, иудаизм, католик, мұсылман, православия, протестант және басқа да діндердің қайтаркерлері мен басшылары бар. Съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америка елдерінен әр түрлі конфессиялардың 24-тен астам делегациясы шақырылып отыр.

Мұндай бас қосудың басты мақсаты - конфессиялар арасында диалог орнату. Қазақстан аумағында бүгінде 40-тан астам конфессияның 3000-нан аса діни бірлестіктердің өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан республика осы мақсатты жүзеге асыруға барынша сай келеді делінген аталған баспасөз баянында.

Съезге қатысушылар өркениеттер дағдарысын еңсеру, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мақсатында әлемдік діндердің күш-жігерлерін біріктіру сияқты мәселелерді талқылауды жоспарлауда.

Съезд аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік діндердің басшыларымен және форумның құрметті қонақтарымен кездесулері жоспарланған. Форум нәтижесі бойынша дінаралық Декларация қабылданады.

Съезд жұмысы бойынша әлемнің ірі ақпараттық агенттіктері, басылымдары және телеарна компаниялары хабарлар тарататын болады. Шетелдік және отандық бұқарлық ақпарат құралдары үшін “Интерконтиненталь” қонақ үйінде 180 орындық баспасөз орталығыжұмыс істейді. Әлемдік діндер съезі мемлекеттік телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілетін болады. Аталған форум Астанадағы Салтанат сарайында өтеді.
XS
SM
MD
LG