Accessibility links

Бас прокуратураның халықаралық қатынастар жөніндегі басқармасының бастығы Сергей Досболов.


“Талдау жұмыстары Қазақстан азаматтарының жұмыс үшін негізінен Түркияға, Оңтүстік Кореяға, Грецияға, Израильге, Албанияға, Парсы шығанағы мен Батыс Еуропаға тасымалданатынын көрсетуде”

Қазақстанның құқық қорғау органдары адам саудасымен күресті күшейтуге кірісті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, қылмыстың бұл түрі қару мен есіркті саудасынан кейін үшінші орынды алады.

Көбіне әйелдер мен жас қыздар осы адам саудасының құрбаны болып отырған көрінеді.

Бұл орайда әйелдерді кемсітудің барлық түрін жою жөніндегі БҰҰ-ның конвенциясына Қазақстанның да қосылғанын айта кеткен жөн.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне адам саудасымен айналысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде өзгеріс енгізіліп, заңға Мемлекет Басшысы осы жылдың 9-шы шілдесінде қол қойды.

Құқық қорғау органдары қылмыстың бұл түрімен күресті бірлесе жүргізудің әдіс-тәсілін қарастыруда.

Бас прокуратураның халықаралық қатынастар жөніндегі басқармасының бастығы Сергей Досболовтың айтуынша, бас прокурордың тапсырмасымен шілде айында республиканың барлық облыстарында шетелден жұмыс күшін әкелу және шет елге жұмыс күшін апаруға қатысты заңдылықтардың қолданылуына тексеру жұмыстары жасалған. Тексеру барысында шетелде жұмысқа орналастыру құқығымен айналысатын 76 заңды тұлғаның тіркелгені анықталған.

Талдау жұмыстары Қазақстан азаматтарының жұмыс үшін негізінен Түркияға, Оңтүстік Кореяға, Грецияға, Израильге, Албанияға, Парсы шығанағы мен Батыс Еуропаға тасымалданатынын көрсеткен.

Бұндай жағдайларда көбіне жалған төлқұжаттар пайдаланылған.

Бір ғана Оңтүстік-Шығыс көлік аймағы бойынша жалған құжаты бар 16 әйел ұсталған. Жалған құжатты пайдаланғандар жастарын 10-15 жасқа өзгертіп отырған.

Мәселен, Алматы әуежайында 1983 жылы туылған Мещенинцева деген азаматша ұсталған. Одан 1971 жылы туылған Украина азаматы Гармаштың жалған төлқұжаты алынған.

Алматы облысының қалалық ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің 128-ші бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Сергей Досболов, аталған іс-шаралардың барлығы қылмыс жасалғаннан кейін жасалып жататындығын айтады.

Сергей Досболов, білім берудің барлық жүйесіндегі оқу курстарына адам саудасының алдын алуға қатысты жеке бөлім енгізу керек деп есептейді.

Қзақстанның құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бұл саладағы іскерлік қарым-қатынастары нәтижесіз емес көрінеді.

- Францияның әділет министрлігі Қазақстанның бас прокуратурасына ұзақ уақыттардан бері біздің қыздарымызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Албания азаматы Ллеши Фатосқа қатысты қылмыстық іске құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма түсті. Бізден алынған материалдар негізінде адам саудасымен айналысқан Фатос француз сотымен 11 жылға бас бостандығынан айырылды, - деді Сергей Досболов.

Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның секретариат меңгерушісі Сайда Ысқақова, аталған қылмысқа қары күресте ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді екенін айтады. Сайда Ысқақованың айтуынша, 2001 жылы қылмыстың бұл түріне қатысты 5 іс қозғалған. Бірақ іс жүзінде қылмыстың осы түрінен жәбірленгендер көп.

- Жәбірленушілерге арналған дағдарыс орталығын ашу нәтижелі болып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай 32 орталық бар. 2010-шы жылға дейін мұндай орталықтарды барлық аудандарда да ашуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Біз бұл мәселеге орай қатардағы азаматтар пікірін де білген едік. Астана тұрғыны Берік Құдайбергенов, бұндай жағдайға душар болу адамдардың өздеріне деген жауапкершіліктерінің жоқтығынан деп есептейді.

Ал, Бауыржан Шаяхметтің пікірінше, бұл көбіне әлеуметтік жағдайдан туып жатады.

Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның секретариат меңгерушісі Сайда Ысқақованың айтуынша, ұттық комиссия тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және алдын алуға қатысты заң жобасы дайындалған. Жоба халықаралық сараптамадан өтіпті.
XS
SM
MD
LG