Accessibility links

«Болашақ» бағдарламасының ережелерiне өзгертулер енгiзiлмек


Дүйсенбi күнi Астанада Қазақстанның мемлекеттiк хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтiң төрағалық етуiмен шет елде мамандар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның кезектi отырысы өттi.

Онда Қазақстанның бiлiм және ғылым министрi Жақсылық Күлекеев 2002-2003 оқу жылында «Болашақ» бағдарламасы аясында жақсы бiлiм дайындықтарын көрсеткен жастардың шет елдердегi оқуын ұзарту мәселесi жайлы баяндама жасады.

Бұған қоса комиссияның отырысында шет мемлекеттердегi беделдi оқу орындарына өз күшiмен түскен қазақстандықтардың арыз-өтiнiштерi қаралды. Қазiргi уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандық дарынды деген 60 азамат алдыңғы қатарлы оқу ордаларында бiлiм алып жатыр.

Комиссияның бұл жолғы отырысында шет елдерге оқуын жалғастыруға баратын жастарды iрiктеу және стипендия тағайындау ережесiне өзгерiстер енгiзу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл орайда шетелдерге оқуға баратын жастарды iрiктеу конкурсының тәртiбiн қайта қарауға шешiм жасалды. Комиссия бұл мәселенi келесi аптадағы отырысында түбегейлi талқылау қажет деген ұйғарымға келдi.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG