Accessibility links

Ираққа қарсы соғысты қолдайтын демократтың көзқарасы Буштың көзқарасынан басқаша

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Келесі сайлауда президенттіктен үміткер демократ сенатор Джосеф Либерман Ираққа қарсы соғыста президент Бушты қолдап келсе де енді ол президенттен бойын аулақ сала бастаған.

Осыған дейін президент Джордж Буштың Ираққа қарсы соғысын қолдап келген әйгілі демократ сенатор Джозеф Либерман енді Буш саясатынан бойын аулақ сала бастады.Либерман келесі жылы өтетін президенттік сайлауда Буштың негізгі бақталасы болмақ ниетте деп жазады радиомыздың Вашингтондағы тілшісі Андрю Тули.Джозеф Либерман Демократиялық партия атынан 2000 жылы өткен сайлауда президент орынбасарлығына үміткер болып қатысқаны аян.

Алдағы сайлауда Демократтар атынан президентік сайлауға қатысуға ұмтылып жүрген тағы бір үміткер Ховард Дин. Ең қызығы сауалнама көрсеткендей бұл екі үміткердің екеуі де әзірше қолдаушыларға жарымай тұр. Либерман дүйсенбі күні Ұлттық баспасөз клубында сөйлеген сөзінде Буштың Ираққа қарсы соғысын жөн десе де, соғыстан кейінгі Ирақты қалыпқа келтірудегі әкімшілік жоспарын өлтіре сынға алды:

"Менің Ираққа қарсы соғысты қолдағаным белгілі.Мен бұл дұрыс қадам деп білдім.Саддам Хусейннен құтылған Ирақ халқы да тыныш, қалған дүние де тыныш, Америка да тыныш болады деп білдім.Бірақ, Саддамнан кейінгі Ирақ мәселесіне келгенде Буш әкімшілігінің келеңсіз дайындығын көріп төбе шашым тік тұрды"

Либерман Буш әкімшілігінің мықты тұс деп есептелінетін қауіпсіздік мәселесінен де кемшілік тапты. Буш әкімшілігі террористік шабуылдармен бірінші болып жүздесетін полицияның, өрт сөндірушілердің, дәрігерлердің жалақысын көтермеді деді ол.

"Бұл президент Джордж Буш өзінің кей әрекетімен, кей әрекетсіздігімен, өзінің сөзімен саяси ісі арасындағы алшақтықтарымен, біз жүздесіп отырған адам тауқыметіне деген немқұрайдылығымен бір нәрсені дәлелдеді ..Американы қауіпсіз де берекелі болашаққа бастай алмайтын адам екенін дәлелдеді"

Сондай-ақ, Либерман бүгінгі жағдайда Ирақтағы соғыстың партизан соғысына айналып отырған жағдайында Буш әкімшілігінің Еуропалық одақтастармен ортақ тіл таба алмай отыруын сынады. Бұл Буш әкімшілігі үшін кезек күттірмейтін мәселе деді ол. Либерман "егер мен президенттің орнында болған болсам, онда бүгінде Ирақта, (ішінде НАТО да бар), батыстың бірнеше елінің әскері тұрған болар еді деді:

"НАТО бойынша одақтасрымызға айтқан болар едім.Жарайды, сіздер бізді соғыс кезінде қолдамадыңдар.Енді, ең болмаса казір - Саддамнан кейінгі Ирақты қалыпқа келтіруде қолдаңдар дер едім"

Либерманның Буш әкімшілігіне шабуылы тек Ирақпен ғана шектелмеді.Ол сондай-ақ Таяу шығыс мәселесіне келгенде де Буш әкімшілігінің төбесіне біраз әңгір таяқ ойнатты:

"Президент пен оның әкімшілігі келіссөз майданында екі жыл ұдай төбе көрсетпей қойды.Американың Израил Палестин мәселесіне араласпауынан жақсылық шықпады"

Соныңмен, республикандық Буштың мемлекет басқару тәсіліне демократ сенатор Либерман ашулы. Оның демократиялық партия бойынша бақталасы Ховард Дин де ашулы. Бірақ, Америкада ашудың кәдеге асатын кезі де бар, аспайтын кезі де бар дейді өзге бір талдаушы Билл Френзел:

"Егер, ашу-ыза жалпылама болса яғни сіз Американың әлем аясындағы әрекетіне ызалы болсаңыз – бұндай ызадан нәтиже жоқ. Бұдан Ақ Үйдің мұрты қисаяды деп ойламаймын"

Талдаушы Френзел ашулы болса да сыны тым жалпылама Динге қарағанда Либерманның ызасы нақтылау деп біледі, сондықтан, оның, яғни Либерманның келесі президенттік сайлауда Буштың негізгі бақталасы болуға мүмкіндігі бар деп біледі
XS
SM
MD
LG