Accessibility links

АҚШ пен Европадағы экономикалық жағдай әзірше беймәлім деңгейде

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Соңғы үш жылдан бері бүкіл әлемдік экономика айтарлықтай нашарлай түскені мәлім.

Дегенмен, кейінгі кездері, дәулетті мемлекеттердің бірі АҚШ-тағы экономикалық жағдай біртіндеп өзінің ежелгі қалпына қайта түсіп келе жатқандығы жөнінде айтыла бастады. Европа Одағының евро аймағының өзі АҚШ-тағы экономикалық игі өзгерістерге жылы үмітпен қарайды.

АҚШ үкіметі, өткен аптада, үстіміздегі жылдың сәуір, мамыр, маусым айларындағы екінші тоқсандық экономикалық табыс 2.4 пайызға тең болды, деп мәлімдеді.

Жалпы ішкі өнім айтарлықтай Ирақтағы соғыс ықпалы астында болғанымен, АҚШтағы ол 2 жарым пайыз дерлік экономикалық өсімді Европа мен салыстырғанда, игілік десе болады.

Бірақ бұл жақсы жаңалық пен қатар жұмыс орындарының қысқара бастағандығы жөнінде көңілсіз мәліметтер де баршылық.

АҚШ Еңбек департаментінің есебіне қарағанда, маусымда қысқарған жұмыс орны 72 мыңға жетсе, шілде айында, ол үдеріс сәл бәсеңсіп, 44 мың орынға тең болған.

Лондондағы Номура банкта қызмет істейтін экономист Колин Ашердің айтуынша, жекеше компаниялардың инвестициясы біртіндеп қайта көтеріле бастаған.

"Қорғаныс саласындағы шығындарды айтпағанда, жалпы екі секторда экономикалық өсім байқалады. 1-ден, соңғы тоқсанда негізгі шығындар ұлғайған, 2-ден жалпы ішкі өнім жөніндегі мәліметтерге қарағанда, кейбір көрсеткіштер төмендеген", дейді Колин Ашер.

Мамандардың пікірінше, АҚШ тағы экономикалық мол жетістік пен табыстың бүкіл әлемдік экономикалық кеңістікте алатын орны аса салмақты. Сондықтан, АҚШтағы экономикалық ахуалға бүкіл әлем елдері әдетте жіті назар аударып отырады. Және АҚШтық экономика өзге мемлекетттердегі жағдайға да айтарлықтай әсер ететіндігі белгілі.

Ал, сол АҚШтағы экономика 2001-жылдан бастап бір шама дағдарысқа кезіккен болса, сол жылғы қыркүйектегі террорлық шабуыл ол жағдайды тағы да қиындатты.

Париждегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымынан экономист Лоренс Буни евро аймақтағы 12 мемлекеттің экономикалық жағдайын зерттеуге қатысқандардың бірі.

Оның пікірінше, жыл соңына қарай, евро аймақтық елдер бір шама өсу жолына түседі.

- Жалпы халықаралық экономикада, Ирақ соғысынан жарты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда тұрақсыздық бар. Дегенмен, АҚШ бұл салада қайтадан өркендеу жолына түскендей. Сондықтан 2003-жылға барып евро аймағы да экономикалық жақсару жолына түсер деп сенеміз, дейді Лоренс Буни.

Германиядағы экономикалық зерттеулер институты жуырда Германиядағы экономикалық деңгей 1.5 пайыздан 1.7 пайызға дейін көтеріледі, деген дерек жариялады. Институт зерттеулеріне қарағанда, Германиядағы бизнестік өндіріс орын жетекшілері болашаққа сеніммен қарайтын сықылды.

Оған канцлер Герхард Шредер жариялаған экономикалық реформалар бағдарламасы да дәлел бола алады.

Сондай-ақ, хабарларға қарағанда , евро аймағындағы тұтынушылардың көңіл-күйі де айтарлықтай жоғары сықылды.

Бір қатар сынға ұшырағаннан кейін Европа Орталық банкі соңғы сегіз айда өз ставкасын 1.25 пайызға дейін қысқартқан.

- Бұл халықаралық экономикалық кеңістікке де байланысты. АҚШ біз күткендей бірден көтеріле қоятын жағдайда емес. Евро аймағындағы жұрттың өзі де әліге дейін сенімсіздік жетегінде келеді. Оның үстіне жұмыссыздық та көбейе бастағандай, - дейді Буни.

Сондай-ақ, евро аймақтың өзі де евроның бір көтеріліп қалған кездегі жағдайымен, оның нәтиже, салдарымен есептесуіне тура келеді.

Үстіміздегі жылы евроның АҚШ долларымен салыстырғанда құнының әжептеуір өскендігі белгілі. Евро аймақтан тыс елдерде экспорттық заттар бір шама қымбаттай түскендігі де рас.

Евроның көтерілуі туризм-саяхат саласына да әжептеуір әсер етті. Сол евроның құлпыруының , мамандардың пікірінше, жақсы да, жаман да жақтары бар екен.

- Медальдың екі беті бар. Егер евро осы қалпында өсе берсе, өндірістік заттардың бағасын көтеріп экспортерларды қиын ахуалға қалдырады. Бірақ сол евроның өз ахуалы да онша мәз емес. 2-ден, бұл инфляцияға бақылау жасауға көмектеседі, - дейді Париждік экономист.

Евро әлемдегі мұнай саудасына да әсер етпей қалмады. Жалпы алғанда әлемдік мұнай құны жоғары болып тұрған кезде, сол евроның арқасында европалықтар мұнай мәселесінде онша қинала қойған жоқ, дейді талдаушылар.
XS
SM
MD
LG